Қарағанды – Ақтоғай: жолға жаяу шықты

Кеше белгілі продюсер Асхат ҚАЖЫТАЙ Қарағандыдан Ақтоғайға жаяу жолға шықты. «Жаяу» танымдық туризм жобасы аясында алғашқы сапарын бастады. Қаладағы Бұқар жырау көшесіндегі тутұғырдан аттанды. Межесі – Арқаның ең биік шыңы Ақсораң. Қашықтығы – 333 шақырым.

Асхат марафонды ел егемендігінің 30 жылдығына, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның – 155, Алаш арыстары Жақып Ақбайдың –145 және Әлімхан Ермековтің – 130 жылдығына арнапты.

– Бір Аллаға сыйынып, Ақселеуше айтсақ “табанымызды шөп сүрткен, маңдайымызды күн иіскеген…” туған топыраққа жол тарттық. Әрине, оңай емес. Дегенмен, бойда жігер, ыстық қайрат барда, жарқын жобаларды жарыққа әкеле бермекпіз. 17-24 мамырдың аралығы діттеген межеме жетіп қалармын, бұйырса. Қолдау көрсетіп жатқан барша ел ағаларына, БАҚ өкілдеріне, ақжол тілеп жатқан ағайынға алғыс айтамын, – дейді Асхат Қажытай.

Асхат жол бойы қызықты контенттер ұсынатынын айтты. Instagram желісіндегі «ardamediagroup» парақшасына алғашқы видеоларын жүктеп үлгерді. Жолдағы Соқыр қорымына жерленген Жайық Бектұровтың басына құран бағыштап, сапарын жалғастырды. Біз де «Алаш арыстарының рухы қолдасын» деп, ақжол тілейміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.