Бас тақырып

Қар тазалау қарқыны мардымсыз

Өткен демалыс күндері қар қалың түсті қарағандыға. Аяқ алып жүрудің өзі қиынға түсті. Тұрғын үйлердің ауласын айтпағанда, көше бойының өзінде оппылап, әрең жүресіз. Осы тұста жауапты мекемелердің атқарар шаруасы қандай? Бұқар жырау, Нұркен Әбдіров сынды үлкен көшелердің жолын тазалап жүрген техникаларды ғана көзіміз шалады. Басқа көшелер, аулалар мен ғимараттар маңының қарын кім тазаламақ? Осы тұрғыдан келгенде, тиісті мекемелер жұмысында олқылық бары анық. Мұны әуреге түскен қала тұрғындары да растайды.

Көрнекті сурет

«Төртеу түгел болмай тұр»

 Мамандардың айтуынша, осы апта ішінде түскен қар қалыңдығы – 44 милиметр. Яғни, нормадан 65%-ға артық. Осы орайда, қала ішіндегі қарды тазалауға жауапты – «Тазалық эксперт», «Каржолсервис», «Рован», «Жолстройгруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осынау төрт мекеменің шаруасы ширамай тұр. Қысқасы, «Төртеу түгел болмай тұр».

 – Күнделікті қала көшелерін тазалауға 160 бірлік техника жұмылдырылуда. Одан бөлек, 100 жұмыскер де күні-түні тынымсыз жұмыс істеуде. Қала ішіндегі саябақтарға да күнделікті 30-40 бірлік техника және 200-ге жуық адам бөлінеді. Алдағы 2-3 күннің ішінде қаладағы барлық көшелердің қарын тазалаймыз, – дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Жүргізуші назы

 Орталық көшелер жолының сайрап жатқаны рас. Әңгіме төркіні – қосалқы көшелердегі жол турасында. Онсыз да қарсы бағытта келе жатқан көліктен иін тіресіп өтетін көшелеріңіз сіресіп жатыр. Ол үшін қарсы көлікті күтіп, оны өткізген соң барып, қозғалуға тура келеді.

Бұл көлік жүргізушілеріне де қиын соғуда. Әуелі, уақыт алады. Жанармайдың да шығыны көп. Майқұдық мүлдем тазаланбайды десек те болады. Жолға екі көлік қатарынан сыймайды. Кептеліс туындайды. Біз уақытпен жүретіндіктен жолаушылардан да сөз естіп жатамыз. Қауіптілік туындататын жерлер өте көп. Төмпешік болып мұз қатқан жолдардан көлікке де зақым келеді, – дейді есімін жасырған қоғамдық көлік жүргізушісі.

Тұрғындар шағымы

Тұрғындар сабыр етер делік. Ал, Жедел жәрдем көліктері шұғыл түрде жетуі керек. Оған қар құрсауында қалған аула немесе жол табанындағы кедергілер – айтарлықтай бөгет. Сол сияқты, құқық қорғау органының өкілдері де жедел жұмыс атқаруы керек. Олар да межелі жеріне дер кезінде жете алмайды. Жамандық шақырып отырғанымыз жоқ. Алдын ала дабыл қаққанымыз ғой…

– Мына қардың жаууы шынымен де есімізді шығарды. Қаланы қардан тазарту жұмыстары шала екендігі көрініп тұр. Аулаларды тұрғындар болып, бірігіп тазартып жатырмыз. Майқұдықтың көптеген аулалары тіптен көміліп қалған. Кеше ғана қонақтан қайтып келе жатсақ, 15-ықшамаудандағы 61 мектептің алдында бір көлік кептетіліп қалған екен. Көлік ішіндегі кішкентай бала шыр-шыр етеді. Күн аяз, боран үріп тұр. Қар тізеден. Төрт жігіт жылдам көмектесіп шығардық. Алғысын айтып жүріп кетті. Ең болмаса мектепке және сол сияқты ел көп жиылатын мекемелердің жолын тазалауға болады ғой, – дейді Майқұдық ықшамауданында тұратын Төкіш Шалқыма.

«Шапағат» тұрғын үй кешенінің тұрғындары сол төңіректегі қар қыс бойы тазаланбайтынын жеткізді. Аялдамаға жетудің өзі мұң дейді. «Кейінгі бір-екі күнде тіпті, қарға белшемізден баттық. Қардың қалың түскенінен, автобустар аялдамаға тіпті маңайлай алмайды. Көлік жүретін жолы қайсы, жаяу жүргіншілер жолы қайсы, айырып болар емес. Бәрі бір жолмен жүргендіктен, қауіп зор. Мектепке баратын балалар мен балаларын балабақшаға апаратын ата-аналарға тіптен қиын» дейді Балым есімді тұрғын.

Жарайды. Қаланың Майқұдық бөлігі мен Оңтүстік-Шығыс аумағын былай қойғанда, орталықтағы көшелер мен аулалардың оңбай тұрғандары бар. Оған қоса берілген суреттер куә.

P.S: Әрине, жүргізілген жұмыстарды мүлдем жоққа да шығаруға болмайды. Жауапты маманның айтуынша, қала ішінен күніне 10 мыңнан аса текше метр қар шығарылады екен. Қыс маусымы басталғаннан 131 000 текше метр қар тазаланған.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button