Руханият

Шолпан-жұлдыз шуағы

29 қыркүйекте КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекованың есімін Қарқаралы аудандық мәдениет үйіне беру туралы Үкіметтің қаулысы шыққанын айтып, сүйінші ақпарат жазған едік. Үкімет қаулысы жүзеге асып, әйгілі актрисаның есімін Қарқаралыдағы мәдениет үйіне беру рәсімі салтанатты түрде өтті.

Ш.Жандарбекова Қарқаралы ауданы Милыбұлақ ауылында 1922 жылы дүниеге келген. Жасынан өнерге іңкәр Шолпан бойжеткен соң  Алматыдағы театр-көркемсурет училищесіне қабылданады. Киелі сахнадағы алғашқы сомдаған рөлі — М.Әуезовтың «Сын сағатта» спектакліндегі Рәш қыз. Табиғи дарыны, тума талантымен театр тарландарының жоғары бағасын алған ол  классикалық спектакльдердегі басты рөлдерге шақырыла бастайды.  Оқу жылының соңында өзінің табиғи дарыны, тума талантымен көпшіліктің бағасын алған Ш.Жандарбекова ұзақ жылдар бойы М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Құртқа, «Абай» трагедиясындағы Тоғжан, «Айман-Шолпандағы» Шолпан, «Түнгі сарындағы» Жүзтайлақ, Ғ.Мүсіреповтің  «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақтоқты, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Баян сынды көптеген рөлдерді сәтті сомдап, ақылды, сымбатты ажарлы арулар галереясын жасаған. Оның отандық кино саласындағы орны бір төбе.  Өмірлік жары, осы театрдың белді әртістерінің бірі, атақты Құрманбек Жандарбековпен  ұзақ жылдар бірге жүріп, қазақ өнерінің абыройын асқақтата білді. 

Салтанатты шараның  алғашқы бөлімінде әйгілі актрисаның студент кезі, алғаш театр сахнасына шығу кезеңі, құрбыларымен сырласу мен махаббат тақырыбы жергілікті актерлердің қойылымымен көрермен назарына ұсынылды. Бөбегін әлдилеген, туған жерін аңсаған сәттері де қамтылып, Ш. Жандарбекованың өмірі мен өнерінен сыр шертетін  бейнебаян көрсетілді. 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Рымбала Омарбекова,  Болат Ибраев, Қайрат Кемалов Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов, белгілі қаламгер, өнер иесіне арналған «Шолпан» кітабының авторы Ерғазы Төлеу өзекжарды тілектерін білдіріп, құнды естеліктер айтты. Ендігіде өнер ошағынаның албарына тұлғаның бюсті орнатылса деген ұсыныстарын да жасырмады. Ш.Жандарбекованың бір кездері тәлімін алған Мәдениет қайраткерлері Бижамал Кемалова, Дунай Еспаев, Раушан Жылтыбаева, Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Кагиза Садуақасовалар да өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Тұлғаның жақындары да сөз алды.

Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов алыс-жақыннан ат терлетіп арнайы келген меймандарға алғыс білдіре келе, Шолпан апамызға арналып жыл ішінде түрлі фестиваль, шаралар өтті, кино түсіріліп, кітап шықты, осының барлығы ол кісіге деген тағзым, өнерге деген құрмет. Бұл тарихқа алтын әріптермен жазылып қалатын ұлы мұра болса, ұрпақ үшін жасалып отырған мәңгілік мирас, деді. 

Шара соңында, аудан әкімі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбайға «Қарқаралы ауданының  Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті. 

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button