Қарқаралыға жеткен жаңғырық

1986 жылдың 20 желтоқсанында сағат 23-тер шамасында көшеге қала жастары жинала бастады. Оның дені 16-17-лердегі қала басындағы ЗВТ мен СПТУ студенттері еді.  Мәдениет үйі алдына жиналып, қолдарында лозунгтер болмағанымен қазақ және орыс тілдерінде «Қазақтар жасасын», «Колбин кетсін», «Қонаев жасасын» –- деген мазмұнда дауыстап, учкомбинатқа қарай жүріп өткен.

Оқиғадан хабардар болған сол кездегі аудан прокуроры М.Ақсақов /марқұм/ АІІБ-не айғай сала кірді: «Қандай хулиганство, қандай шествие, немедленно дайте опровержение». «Қарқаралы шеруі» туралы ақпарат жайлы  облысқа «опровержение» беру тұрмақ, ол Алматыны қойғанда Москваға сол сәтінде жеткен.   

21 желтоқсан күні аудан прокуратурасы «шеруге» қатысушылардан толық көрсетімдер алып, олардың шын мәнінде «Қазақтар жасасын», «Колбин кетсін», «Қонаев жасасын» – деп ұрандағандарын және кімдердің айтқанын нақты  анықтады. Солай бола тұра, аудан прокуроры М.Ақсақов – 22 желтоқсан күні «Қарқаралы жастарының іс- әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы жоқ» – деген шешім шығарып, қол қойды. Қаулыда жастардың аузынан шыққан бірде-бір саяси қарсылық ұран сөздері көрсетілмеді.

Заңға сейкес, мұндай процессуалдық құжат қандайда бір лауазымды тұлғаның атынан шығарылып, оны прокурор бекітетін немесе өз пәрменімен шешімнің күшін жоятын. Бұл шешім олардан өзгерек еді – шешімді прокурор М.Ақсақов өзі шығарып, қол қойған – бекіткен.

«Жоғарғы» – деп аталатын жақ, жылы жабылған істі сол күйінде жатқыза алмады. Себебі, олардың пікірінше, мемлекеттің жаңа тағайындалған саяси басшысына қарсылық, қуылған саяси басшысын демеу, мемлекет атымен аталатын ұлтты мадақтау туралы бой көтерген – саяси шешімге қарсылық көрсеткен жастар жазасыз қалмауы керек болатын.

Бұл жолғы тапсырма үш бірдей қылмыстық қудалау органдарына: аудан прокуратурасына, АІІБ-не және мемлекеттік қа­уіпсіздік комитетінің Талды аудандық бө­лімшесіне берілді.

Талды аудандық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басшысы А.Дильдабаевтың 1987 жылдың 19 наурызындағы «Қарқаралы оқи­ғасы» бойынша аудан прокуратурасына жинақтап тапсырған 60 беттік құжаттарының барлығы дерлік Қарқаралы АІІБ-ң жинақталған құжаттарының қолдай жазылған көшірмелері болатын. Демек, аудандық КГБ бұл оқиғаның басын ашуға бел шешіп кіріспеген, бар дерекпен шектеліп, прокурор ұстанымын ұстанған.

Ауданнан күдерін үзген жоғарғы жақ, «созбалаңдыққа» салынған істі облыс прокуратурасының құзырына берді. «Леп Москвадан еседі ғой» дегенімізбен өз ұлтымыздан шыққан әпербақандар да аз болған жоқ. Ол жасырын емес. Ақыры облыс прокуратурасының тергеу басқармасы бастығы К.Сотниковтің бекітуімен аудан прокурорының 1986 жылдың 22 желтоқсанындағы қаулысының күші жойылып, «Қарқаралы оқиғасы» бойынша 1987 жылдың 16 сәуірінде ҚССР ҚК-ң 60 статьясымен – ұлттық және нәсілдік тең праволықты бұзу – мемлекеттік қылмыстар санатымен қылмыстық іс қозғалды және қылмыстық істің алдын ала тергеуін жүргізуді аудан прокуратурасының аға тергеушісіне тікелей міндеттеді.

Бұл статьяның талабы бойынша оны жасаған адам алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге жер аударуға жазаланады. 

Қылмыстық іс қозғау туралы қаулыда: «…По факту нарушений национального и рассового равноправия, разжигания национальной вражды и розни в гор. Каркаралинске, проводилась проверка и принято необоснованное решение. … из объяснений студентов КЗВТ и СПТУ-41 видно, что выступления организовались в течение 19 и 20 декабря 1986 г. Однако в ходе проверки материалов никто не интересовался вопросом, кто-же был организатором разжигания национальной вражды и розни в гор. Каркаралинске» – деп атап көрсетіліп және зерделенбеген жайттар аталып, оларды жіті тексеру жүктелген.  

  Алайда, қанша қыспаққа алынғанымен ауыл азаматтарының арқасында «Қарқаралы оқиғасына» қатысты бірде-бір азамат қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылмады – тәртіптік жауапкершілікке тартылумен шектелді.

Шындығына келгенде, сол кездері нақты ізге түскен құқық қорғаушыға, айталық тергеушіге компартияның жоғарғы легі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп тұрғанда, оның «Қарқаралы оқиғасына» қатысушылар ішінен іріктеп, кем дегенде 4-5 жасты қылмыстық жауапкершілікке тартуы түкке де тұрмайтын еді.

Ал, аудан прокуратурасының сол кездегі тергеушісі Ж. Құрымов істі 24 сәуірде өз өндірісіне алып, бір ай ішінде /заң талабына сәйкес тергеуге 2 ай мерзім беріледі/ 1987 жылдың 29 мамырындағы қаулысымен қылмыстық істі мүлдем қысқартты.

Бір-ақ, «Қарқаралы оқиғасынан» көлеңке іздеушілер – белсенділер тыныш жата алмады. Соның салдарынан, көптеген ұстаздар партиялық, тәртіптік жазаға тартылып, оқушыларға әртүрлі шаралар қолданылды. Мысалы: ЗВТ оқу орнының мекеме парткомы ұсынысы / үзінді – …за вышеуказанные недостатки в работе, партбюро техникума поручило дирекции техникума наложить строгое административное взыскание зав. отд. и кл. руководителям…/ негізіндегі  бұйрығына сәйкес студент Б.Аширов оқудан шығарылса, Е.Искаков 1 жылға оқудан шеттетілген және өндіріске жұмысқа жіберілген, 8 студентке жеке карточкасына енгізу арқылы «қатаң сөгіс» жарияланған, 1 студенттің оқу жылы аяғына дейін стипендиясы тоқтатылған, 5 ұстазға «қатаң сөгіс» жарияланған, 3 ұстазға партиялық жаза берілген, оның ішінде 2 класс жетекшісінің ұстаздық қызметте қалу-қалмауын педкеңесте шешу қарастырылған. Мекеме басшыларының өздеріне бағынысты қызметкерлерді, жұмысшыларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құзыры жоқ екенін ескерсек, ұсыныстың төркінінің өзі қате – заңсыз еді.

Ал,  жатақхана тәрбиешісінің «сыбағасы» тіптен бөлек, оны жұмыстан босату туралы кәсіподаққа келісім беру туралы талап қойылған. Оның себебі бұйрықта ашық айтылған: «…Уч-ся Аширов Б. до 20 декабря обсуждая хулиганские действия в г.Алма-Ате подходил к воспитателю… с вопросом, что будет, если и мы тоже выйдем. Воспитатель предупредила, что будет очень плохо. Но тем не менее он оказался в числе хулиганствующей молодежи».  

Сол кездері «қара тізімге» іліккен өзіміз білетін Қарқаралы қаласының азаматтары: Бейбіт Әбеуов, Бауыржан Аманбаев, Ерлан Жиенбаев, Ардақ Мадиев, Болатбек Кәрімов, Асылбек Әбішев (марқұм), Арыслан Қалыбеков, Марғұлан Өтеевтердің  соңында бүгінгі күні жаманат жоқ. Әрқайсысы отбасылы, үлгілі еңбек жолында жүрген –дұрыс азаматтар (қатысушылардың басым көпшілігі ұсталмай бой тасалап үлгерген).

Сонымен қатар, «қара тізімге» ілінбеген азаматтар да болды. Оны марқұм, капитан Мәдениет Ақышев: «Сол күні көп жастармен бірге бір жұқа өңді, нәзік бала да жеткізілді. Техникумда оқиды екен. Семей жақтан болуы керек. Аты-жөнін де сұрамаппын. Көзінен тамшылаған жасын көріп, қатты қиналдым. Аласапыран кезінде «дыбысыңды шығарма» – деп түпкі 3-ші камераға тығып тастадым да, ел тараған соң таң ата шығарып жібердім. Бірақ өзім оны босатқанша, босатқаннан кейін де ұзақ уақыт қорқып жүрдім» – деп айтып отыратын.

Бұл деректерді жазуым – біреулерді батыр қылып көрсету, мақтау немесе даттау емес, жалпы өмірде ел мен мемлекеттің назарынан тыс,  үстемдік саясаттың ағымына қарсы, уақытында жариялануға жатпайтын, жариялана қалса саяси тұрғыдан «сатқындық» деген баға берілетін және батпандай зардабы болатынын ескерсе де, болжай тұрса да құқық қорғау саласында азаматтықтардың жасалып жататынын елдің біліп жүруі тиіс, дегенім. 

Манарбек КӘРІМ,

Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің басшысы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.