Руханият

Арқаның алдаспаны Алшынбай би

Дәйекті дәурені, деректі дәуірі анық, елі мен жерінің ұлағаты ұрпақтарының жадында жатталып, ұғымында дара кейпі мен дегдар болмысының өрнегі өзге ерекше бітімді, тектіде тегіреуінді бабаларымыздың бірі әрі бірегейі ол – Арқа өңірінің аруақты абызы Алшынбай би. Көптен бері айтылмай, атүсті адақталып, мәнер мәнсіз мадақталып, арқалы айшықты біртуар бабаларының тасасында аз танымды болып жүрсе, оған өз заманында оза шауып, билік пен бірліктің, ел тірлігі мен бірлігін уысына берік ұстаған тұрлаулымыздың өзі емес, дәйегін дәріптей алмай жүрген ұрпағы, қалам ұстап, қағаз қаттаған біздердің олқылығымыз екені айқын. Әлі де сол кер толғаулы аты өшсе де, таты қалған Кеңес саясаты сарынының шалғайынан шыға алмай жүргенімізден болар-ау.

Исі қазақтың ақылманы абыз Абай, ал сол дана дарамыздың даңқын лайықты дәріптеген ғұлама Мұхтар ғибратына жүгінсек, «Бүкіл атыраптағы атқамінерлердің Алшынбай атын атауы басқаша көрінген. Оны Алшынбай деуші кісіні Абай әлі естіген жоқ. Ылғи /Алшекең/ дейді. Осы өңірде аға сұлтан Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тіпті, жапа-жалғыз аталатын соның аты… Оның ата-тегін де бар тобықты, бар Қарқаралы өңірі «Қаракөк» деп атайды, Алшынбай – белгілі би Тіленшінің баласы, одан арғы атасы – Қазыбек би» /«Абай жолы» 99 бет/ деген болса, заманында заңғар болмысы болғаны, дара танылған дарабоз екеніне ешкім шек келтіре алмасы белгілі. Аруақты бабамыздың Арқа өңірінің тіршілігіне сол бір замандарда ел бірлігімен, тыныс тірлігіне өз ықпалын тигізер танымал тұлға болғаны шынайы тағылым.

Қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде жарық көрген осы еңбекте бір жағынан би болыстарды шенегендей көрінгенімен, асқан шеберліктің арқасында әр тұлғаны атқарған міндеттері, айтқан айшықты сөздері арқылы даралауына тәнті боласың. Солардың бірегейі осы Алшынбай би, біліктілігі мен білімдарлығы арқасында ақ патшаның қазақ халқын бөлшектеу саясаты арқылы басқарған кезеңінде ұрпағының ұсақталып, жоқ боп кетуінен, ара жігін сақтап, келешекке бастаған Алшынбай, Құнанбайлар болатын. Олар екі арыс елдің жоғын жоқтап, бірегей бірлігі мен тірлігіне дәйекті дәнекер бола білгені жоғарыда аталған ерен еңбекте татымды деректер баршылық, терезелері тең тектілікпен, шешіле сөйлер шешендікпен уақыт тынысын, өздері кешкен заман үлгісін шебер меңгергені белгілі.

Осы еңбекте тобықты ішіндегі Бөжей мен Құнанбай арасындағы ушыққан дауды шешуде ел бірлігін еске ала отырып, абыз бабамыздың мына айтқандары қандай үйлесімді: «Құнанбайға қарата Алшекең: «Бүгін мына мешіт бітіп, абыройың асып отыр. Атың көпке жетіп жатыр. Алдымен анау көрпіс, мына жаңағы Майыр күндейді. Кішіреймейсің, кешірім етесің. Ақ көңіл мүлде ағарсын. Мұның бір Құнанбайлығың болсын. «Игі жұмыс үстінде кірбіңнен айырылдым» деген боласың. Ана Бөжей ағайыныңды жау қып жатқа жіберме!». Бауыр қып қасыңа тарт, татуласшы осы», – дегені өрге тартқан өлермен өгізді өлтірмей, арындаған арбаны да аман алып қалудың нағыз үлгісі.

Сол «Абай жолы» кітабының «Бел белесте» бөлімінің 229 бетінде «Құнанбай осы жолы Алшынбаймен уәделесіп келіпті. Осы көктемге сөз байласыпты. Расында, өзге құданың бәрінен жолы бөлек – Алшынбай. Оның үлкен достығынан басқа, өзі Арғынның белгілі Қазыбек, Тіленші, Алшынбайы. Бұл атырапта қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, осал қам емес» – делінсе, ертеректе осы асыл тектің жалғасы Қақабайдың бел баласы Ермағанбет ақсақалдан естіген мына әңгіме осы кездерде айтылған болуы керек.

Құрметтескен құдалар сол уәде байласып, төс қағыстырған соң қоштасарда Алшекең: «ал, Құнеке, Алла жазып достығымыздың ендігі дәнекері бала беріп құдайы құдалыққа жалғасып отыр, тек Аллам ұзағынан сүйіндірсін! Келген қадамдарың кетер аяқтарың тек сауаптан болсын, елдеріңе, жерлеріңе аман сау жетіңдер! Ендігі айтарым, кейінгілерге де қалдырар бір аманатым ол – сіздер мен біздің көңіліміз керім келісті болғанымен, арамыздағы жер шалғайлығы бар. Сол себепті, тіршілік болған соң болып тұратын торқалы той, топырақты өлімге уақытында бара алмай жатсақ, айып айтпассыздар! Тілеулі тірлігімізде сіз екеуміз салған сара жол көмескіленбесін! Аллам тек қуантып келіп, қуаттап қолтықтап шығарып салуға жазсын», – дегенде Құнанбай: «Алшеке, Арқаның алдаспаны, биліктегі аламаны сіз, алды кең, артың қайырлы аруақ қонып, ырыс орныққан, ордаңның үлкен сый-құрметіне өле-өлгенше разымын, мен сіздің алысты ерте аңғарып, күрмеуі қиын істі қиналмай шешетін шешімділігіңізге, керек жерінде өжет өр кесімділігіңізге өте разымын! Жұртымыз «Арқасын аяз қыспаса арқар ауып несі бар?» демекші, арысақ арқа сүйеп, қиналғанда қолтықтар демеуіңізді көп көрген жанның бірімін, сүйінішпен сүйек жаңартып жатсақ, ол да Алланың бергені! Сонау абыз Әнет, Қаздауысты Қазыбек бабаларымыздан қалған қайырлы қадам қарымы ортаймасын, бауыр елі бауырмал ел ұшпақты Ұшқара еңселі Едірейде сіздер аман болыңыздар! Шығыстағы Шыңғыстау бөктеріне біз де есен оралайық!», – десе керек.

Ел тірегі Тіленші бабамыз жасы жетіп қайтыс болған соң, ел ақсақалдары бас қосып, осы атыраптағы айтулы ақсақал Қазымбет атаның, Шаншардың үлкені саналатын Анай-екең биге: «ал, аға, біз ақылдаса, бәтуаласа келіп, ендігі ел басшылығына сізді ұйғарып отырмыз. Осыған не айтасыз?» десе, сол кезде жетпістің ішіндегі Анайекең:

– Мен Тіленші өтіп, соның орнын басамын деген емеспін, талаптанып та отырғаным жоқ, қатарым кеміп, қадірім азды-ау деп ойсырап отырмын, әрине, үлкендік жолымен сөз салғандарыңа разымын. Дегенмен, қазақ «ойпаң жердің асты саз, сап алтын шыққан жерді белден қаз» демеуші ме еді?! Адам болар азаматты сол орданың өзінен іздеңдер, меніңше анау дауысы дарақ, шұбар сарыны ыңғайласаңдар алды жаман болмас, –деген екен.

Сол бәтуадан кейін елдегі билікті Алшекең толық қолына алса керек, жас шамасы он алтылардағы жас жеткіншек бірер жылдан соң Қарқаралыда үлкен жиынға шақырылып, кетуге жиналып жатса, елдегі төре тұқымының үлкені Шама төре Тіленші биден жалға алған бәйге бермес қара қасқа атының үстінде тұрып, жорта баласынып, бұрынғы сұлтандығына салып сырттан дауыстап: «Әй, Алшынбай, жиынға барсаң шық, бірге жүрейік десе керек». Сонда, Алшекең үйде отырып, өзінің зор адуын дауысымен: – Әй, Шама! Сәл шамала, сырттан кеп сыр тартып тәңірсінетін сен Жаратқанның ұлы емессің, мен сенің құлақкесті құлың емеспін, арам тақымыңмен аруақты атамның атын арытпай ана аттан түс! Ол кетеуі кеткен сен мінетін ат емес, әуелден менің малым, таласың жоқ. Әсілінде өрелі жұрт, төресіз де ел болған болады да, енді бұдан былай өз жайыңды білгенің дұрыс болар», – десе, сөз өтіп сүйегі жасыған Шама:

«Е, заман азады, қадірі кетсе қамқа да тозады деген осы болар, кісісінен естімеген сөзді, кішісінен естідім-ау. Енді күшіктері таламай тұрғанда кетейін», – деп аттан түсіп, жол серігінің бірінің атымен өз ордасына жөнелсе керек.

Осы деректерге қосымша 2012 жылы «Қасым» журналында жарияланған Жұмағұл Шөженовтің «Ақжолтай Ағыбай батыр» жайлы әңгімесінде мынадай дерек бар. 1840 жылы бір орыс шенеунігі шекара басқармасына былай деп хабарлама жібереді: «Қарқаралы округінің аға сұлтаны Шама Абылайханов халықтың арасында ешқандай да беделге ие емес және ықпалы жоқ. Жергілікті билік іс Алшынбай Тіленшин және Қазанғап Мүшекиннің қолында» делінген, сондай-ақ, осы мақалада Қаздауысты Қазыбектің ұрпағы Алшынбай би, ешқандай да отарлау аппаратының лауазым шеніне қызықпай, сайлауға қатынаспай, өз ойын ашық айтып, әділдігімен атағы шыққан айтулы би, халық арасындағы беделі арқасында «Төбе би» аталып, орыс шенеуніктері қазақ қоғамына байланысты барлық күрделі шешімдерді тек Алшынбаймен ғана ақылдасып, келісіп, осыдан кейін ғана шешілетін болған. Осыданақ, абыз бабамыздың қадір-қасиеті мен қарымын шамалауға болар.

Біраз уақыт аға сұлтан болған Шама төре Абылайхан бұтағынан, қалмақ қызынан туған делінеді, осы әңгімеден соң көп ұзамай дүниеден өткен екен, шошақ бейіті қазірде Ұшқара тауының сол қапталында, Түндікті өзенінен екіүш шақырым жерде тұр.

Аманжол ҚУАНБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button