Басты тақырып

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ»

        Дамыған демократиялы елдерде заң шығарушы, атқарушы, сот органдарынан соң журналистиканы төртінші билік деп таниды. Яғни, төртінші билік – өркениетті елдер оқығандарының журналистикаға берген әспетті бейресми атауы деуге әбден болады. Бізде де солай деп есептейік. Сөзімізді әрмен қарай сабақтап көрелік онда.

stack of newspapers and keyboard close-up on white

Мылтықсыз майдан жүріп жатқан қазіргі заманда «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген қағида рас. Бүгінде алпауыт елдер өз билігін жүргізу үшін Үшінші дүниежүзілік соғысты бастап та кеткен. Жаһандану дейсіз бе, басқа дейсіз бе, оған таң қалатын ештеңе жоқ. Бұл соғыс қаруланған әскерлердің қатысуынсыз-ақ әуелі газет, телеарналар мен кейіннен ғаламтор кеңістігі арқылы тіптен күшейіп кетті. Әлем зерттеушілері айтып жүрген ақпараттық соғыс дегеніңіз осы жерден қылаң береді. Ал, ақпараттық майдан дегенде, әуелі тіл ұшына журналистер оралатыны мәлім. Сондықтан, жуық арада журналистердің қолындағы төртінші билік ілгерілемесе, құлдырай қоймайды. Төртінші билікті тізгіндегендердің қоғамдық қана емес, ғаламдық ықпалын енді сіз осыдан-ақ пайымдай беріңіз. «Ел болам десең, экраныңды түзе»! Ендеше… Үлкен жауапкершілік жүктейтін ақпарат саласы қызметкерлеріне біздің елде көзқарас қандай деген сауал сап етеді санаға?

«Баста ми қолда малға талас қылған» (Абай) заман бүгін ғана емес, тым ертеректе туған. Біреудің қолындағысына иелік ету үшін оның ақыл-ой, сана-сезімін билеу керек. Ал, адамның күллі іс-әрекетін басқарушы бұлар миға тәуелді. Баланың туабітті мінезінен бөлек, ми – көру, есту арқылы қалыптасады да, күллі өмірінің бағдарламасы сонда құрылады. Тәрбие, идеология дегендер осы жерден шығады. Мұның бәрі ақпараттың жемісі. Идеология жүрген жерде мемлекет немесе ұлт деген ұғым қоса аталады. Бүгінде қарап отырсақ, бірде-бір мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарынсыз құрылмапты және құрылмайды да. Франция, Англия елдеріндегі ең алғашқы газеттер сол кездегі үкіметтің қарар-жарлықтарын түсіндіру мақсатында ашылып, бірте-бірте бұқаралық сипат ала бастады. Ертедегі қазақ даласында ел аралап жүрген жыраулардың барлығы неге хан-сұлтандардың қасында «сарай ақыны» болды деп ойлайсыз? Біздің ұлттық журналистикамыздың қарлығаштары – «Түркістан уәлаяты» һәм «Дала уәлаяты» газеттері де генерал-губернаторлардың бағдарламаларын бастырудан бастап, кейін халық жағына шығып кетіп отырды. Ендеше, ең бірінші журналистен бастап, қазіргі журналистерге шейін мемлекеттік қызметте жүрген тұлға деп қабылдауға келіспей көріңіз?! Өйткені, жұрт ішінде қоғамдық сана қалыптастырып, мемлекеттік идеологияны насихаттаушылар – ақпарат саласының қызметкерлері. Соған қарамастан, бүгінгі біздің елде ең бірінші сөзге қалып, таяққа жығылатындар да, баспанаға үкіметтің кезегіне тұрудан шеттетілгендер де журналистер. Ауыспалы мағынасында «есектің еңбегі адал, еті арам ба» сонда?

Мәселен, Президенттің Жолдауы шығады. Оны халыққа жеткізіп, сараптамалық мақала жазатын кім? Журналист. Үкімет заң шығарады, елге түсіндіріп, жұртқа жақпаса, екі арада бәйек болар кім – журналист. Халықтың мұң-мұқтажын айтып, мәселе көтеретін кім? Тағы да журналист. Осы күнге дейін қазақ журналистерінің бас жарып, көз шығарғаны жоқ екен. Анда-санда шындықты айтып қойып, құзырлы орындардан қағажу көргендері болмаса. Ендеше, неге үкімет оларға жағдай жасамайды? Мемлекеттік қызметтегілерге жасалған жеңілдіктердің тым құрыса неге жартысын тудырмасқа? Атап айтса, жас журналистерді мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұрғызу, қызметтік пәтер қарастыру, тағысын тағы…

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ журналистің» деп Шер-ағаң (Шерхан Мұртаза) қалай тап басып айтқан?! Кешегі Алаш арыстарынан бастап, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың бәрінің журналистік жолға соқпағаны кемде-кем екен. Қазақ ұлттық журналистикасын «Қазақ» газетінсіз, ондағы Алаш арыстарының мақалаларынсыз елестете алмайсыз. Әлихан мен Ахмет, Сәкен мен Тұрар, тіпті, бертіндегі Ақселеу Сейдімбектердің қатарында журналистика саласы бойынша қызмет етпегендері аз. Неге? Өйткені, мемлекеттің көсегесін көгертетін ұлттық, отандық, қоғамдық сана қалыптастырушы – газет, радио-телеарна. Бір сөзбен айтқанда, журналистика саласы. Қашаннан бері солай және солай бола береді де. Бүгінгі таңда ғаламтор, әлеуметтік желіге қарай форматы өзгерді демесеңіз. Ақпаратсыз аттап басу жоқ алға.

Еске тағы Шер-ағаңның «Бір кем дүниесі» түседі:

«Қылыш ел шауып, қазына құрайды.

Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды.

Мұны Жүсіп Баласағұн баяғыда жазып кеткен.

Қалам ұстаған міскіндер әлі сондай…».

Қазіргі уақытта елімізде 1156 газет және  1269 журнал жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 285 электрондық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, олардың ішінде телерадиокомпания – 169 (108 – телекомпания және 61 – радиокомпания), кабельдік оператор – 108 және спутниктік хабар тарату операторы – 8.

Ақпараттық агенттіктердің жалпы саны – 41. Желілік басылым ретінде орыс және қазақ тілдеріндегі 15 басылым тіркелген.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button