Спорт

Арқадағы ат спортының белесі

Облысымызда көкпар мен бәйгенің мәселесі бір арнаға түсіп біршама оңтайланғаны баршаға мәлім. Оған Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлері федерациясының қосқан үлесі зор. Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында  Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлері федерациясы өткен 2022 жылды қорытындылап арнайы басқосу өткізді.

Тұлпар тұяғымен түз жаңғыртып, тарпан тізгіндеген жылқы жанашырлары, яғни бәйге, көкпар, жамбы ату және аударыспақтан үлкен нәтижелерге қол жеткізген өңіріміздің үздік спортшылары, бапкер-жаттықтырушылары, ат спортына демеушілік еткен меценаттар дәл осы жиында арнайы марапатталды.

Оның ішінде Қарағанды облысының намысы үшін жас шабандоздарға белді көкпар аттарын алуға демеушілік жасап, ұлттық спортымыздың дамуына үлкен үлес қосқан ат спорты жанашырларының да аты аталып құрметке ие болды.

Сонымен жергілікті көкпар командасына «Сарбаз қасқа» атты арғымақты алып берген Азамат Түсіпбековке арнайы диплом табысталды. Сондай-ақ,  «Нәтиже» деген сәйгүлікті сыйға тартқан Ерлан Әшімге, «Ақжайық» тұлпарды сыйлаған Нұрлан Мерекеұлы, «Адал» атты сәйгүлікті көкпарға берген Данияр Сабырұлына да диплом берілді.

Желмен жарысқан жүйріктердің де кезегі келіп жетті. Былтырғы ат бәйгесінің республикалық чемпионаттарында облысымыздың атын аспандатып жүрген жеті үздік тұлпар, жеті үздік шабандоз жеті үздік бапкерге де дипломдар табысталды.

Олардың қатарында «Ұлытау» атты жүйріктің иесі Мөлдір Жетпісқызы, «Бақнұр» тұлпардың иесі Әнуар Тұрлауов, қатарынан бір жылда төрт көлік ұтқан «Вертолет» атты жүйріктің иесі Төлеубек Ермағанбетов бар. Ал, сол 2022 жылы «Үздік ат бапкері» болып Димаш Бабич, Қайсар Тойғанбек, Жандос Әбикенов, Сұңғат Шыңғысов танылды. Олар федерация әзірлеген сый-сияпат пен дипломдарына ризашылық білдіріп, ұлттық спортқа жанашырлық барын сезінгендей болды. «Үздік бапкер» аталымын алған қарағандылық атбегінің бірі Бекболат Серікбеков бұл шараның атбегілер үшін маңызы зор екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Бізде сегіз жылқы бар. Мен «Тайфунды» екі жылдан астам уақыт бойы баптап келемін және ол бірнеше рет бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, «Бақторы» атты жылқы өткен жылы көлік жеңіп алды. Біз екі шабандозбен де үнемі жаттығулар өткіземіз. Олардың жасы 10-да. Біздің жетістіктерімізді елеп жатқанына қуаныштымыз. Бұл бізді әрі қарай дамуға жетелейді. Алда бұдан да биік нәтижелерге қол жеткізіп, ат спортын дамытамыз, – деді Бекболат Серікбеков.

Сондай-ақ, спорт басқармасында бәйге бойынша жаңа Федерация президенті таныстырылды. Осы жылдан бастап ұлттық спорттың әр түрі жеке федерацияға кіруі керек деген ұсыныс айтылды.

– Бұрын ұлттық спорттың барлық тоғыз түр бір федерацияда болған. Енді олар бөлек болады. Менің ойымша, бұл ұлттық спорттың дамуына оң әсер етеді. Бізде жеке бәйге федерациясы құрылды. Оның президенті болып Асылназ Жұмашев тағайындалды. Ал, бас мемлекеттік жаттықтырушы – Алтай Бимен болады, – деді Қарағанды облысының ұлттық және ат спорты түрлері федерациясының президенті Нұржан Шайхин.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button