Жаңалықтар

Арқада – Әлем чемпионаты

Теміртау қаласының іргесіндегі Самарқанд су қоймасы жылтыр қармаққа мұз астынан балық аулау бойынша XV Әлем чемпионатының ақ айдынына айналды. Өңірімізде 13-17 наурыз күндері ұйымдастырылған байрақты бәсекеге өткен сенбіде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ та ат шалдырды.

Елбасы еңбек жолын бастаған қала маңында қанат жайған чемпионатқа әлемнің 13 елінен келген қатысушылар бақ сынасты. Солардың қатарында Қазақстан, Ресей, Украина, Беларус, Эстония, Литва, Латвия, Польша, Финляндия, Норвегия, Швеция, Моңғолия және АҚШ елдерінің өкілдері бар.
– Құрыш құйып, болат балқытқан Теміртау қаласын дүниежүзі металлургтер қаласы ретінде ғана біледі. Ал, бұл чемпионат – осы қалыптасқан қағидатты бұза түспек. Себебі, Теміртау қаласы – өндіріс ошағы ғана емес, балығы мол су қоймасы бар шаһар. Бұған дейін мұндай чемпионат еліміздің Қапшағай су қоймасында өткен еді. Енді, міне, Арқа төсі де балығы мол өңір ретінде танылып отыр. Ал, әуесқой балықшыларымызды былай қойғанның өзінде, елімізде спорттың бұл түрімен кәсіби айналысатын азаматтар да аз емес, – деді ҚР спорттық балық аулау федерациясының президенті Роман Ботабеков.
Спорт демекші, көптеген спорттық жарыстарға сай, бұл чемпионатта да қатысушылар допинг-сараптамадан өткен. Мұның өзі бұл жарыстың қаншалықты маңызды екендігін аңғартса керек. Ал, Қазақстан құрама командасына іріктеуден өткен алты азамат бақ сынасты. Оларың қатарында Павел Логвиненко, Ержан Уахитов, Дмитрий Левицкий, Тимур Ковалёв (Павлодар қ.), Дмитрий Елисеев (Қостанай қ.) және Павел Незамутдинов (Алматы қ.) бар еді.
Әлем чемпионатына әдейі келген мәртебелі қонақтар қатарында тұщы судан спорттық балық аулау бойынша Халықаралық федерацияның президенті Клаудио Маттеоли болды. Өз кезегінде құрметті мейман шараның ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, игі шараның өтуіне ұйытқы болған облыс әкіміне айрықша алғысын білдірді.
Бұл ретте, өңір басшысы да Клаудио Маттеолиге ыстық ықыласын жеткізіп, өтіп жатқан турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
Кейін белгілі болғандай, алғашқы кезеңде екінші болып келе жатқан Қазақстан командасы келесі кезеңге келгенде жігер жани алмаған тәрізді. Сөйтіп, жарыс қорытындысы бойынша бірден төрт саты төмен түсіп, алтыншы орынға барып, бірақ тұрақтаған. Командалық есепте Литва балықшылары 3 орынға тұрақтаса, 2 орынды Латвия мемлекетінің қатысушылары, ал, жүлделі 1 орынды Ресей командасы жеңіп алған екен.
Жеке есеп бойынша, қола медаль украиналық спортшы Алексей Зайкоға, күміс медаль ресейлік Валерий Масловке, ал, алтын Латвиядан келген Харийс Расиборскиске бұйырды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button