Жаңалықтар

Арқа төрінде – айрықша дүбір

         Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Арқа төсін ақындар дүбірге бөлейді. Дәстүрге айналған облыстық «Армысың, әз Наурыз!» айтысында биыл нендей ерекшелік, қандай жас таланттар барын білмек ойда доданың басы-қасында жүрген айтыскер ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Жыл басында дүстүрлі түрде ұйымдастырылып келген айтысқа биыл қанша ақын қатыспақ? Еліміздің өзге өңірінен ақындар ат шалдыра ма? Осыдан бастасаңыз?
– Облыстық айтыс болған соң, өзге облыстардан ақын алдыртуды мақсат тұтпаймыз. Мұны – өз таланттарымыз да жетіп-артылады деген құр мақтаныш екен деп түсінбесеңіздер деймін. Сайыстың шарты солай. Өздеріңіз де жақсы білетіндей, биыл ару Астанамыздың 20 жылдығы ғой. Соған орай, ырымдап 20 ақын іріктеп алған жайымыз бар.
– Бұл 20 ақынның қатарында Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев бар ма?
– Жоқ. Бұл жолы бақ сынасар дүлдүлдер 14-25 жас аралығында. Дегенмен, айтыскерлер жас екен демеңіздер. Араларында ел көлемінде өткен додаларда топ жарып, аймағымыздың абыройын аспандатып жүрген шәкірттеріміз де аз емес.
– Шәкірттеріміз деп қалдыңыз. Мәселен, кімді тілге тиек етер едіңіз?
– Өзіңіз жақсы білетіндей, Қарағанды шаһарында облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы іргесінде құрылған «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі жұмыс істейді. Аталған мектепке жетекші ретінде талай жас айтыскерге бағыт-бағдар беріп келеміз. Солардың қатарында Бекарыс Оспанов және Абзал Мақашов есімді қос азамат бар. Екеуі де мықты. Алматы қаласында Сүйінбай Аронұлының құрметіне ұйымдастырылған студенттер арасындағы республикалық ақындар айтысында Бекарыс Оспанов І орынды қанжығаласа, Абзал Мақашов Ұзынағаш ауданында өткен «Жыр алыбы Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысында жүлделі ІІ орынды иеленді.
– Бәрекелді! Аймағымыздың бұдан басқа қай өңірлері қамтылып отыр?
– Астана, Қостанайда білім алып жатқан жерлес жас айтыскерлеріміз де арнайы келмек ойда. Бұдан өзге Сәтбаев, Приозерск, Шахтинск және Теміртау қалаларының өрендері де топқа түседі. Бұлардың арасында республикалық «Ақберен» оқушылар айтысына іріктелгендер де жоқ емес.
– Әңгімеңізге рақмет!

Cұхбаттасқан
Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button