Жаңалықтар

Аппақ пейіл ақтарылған күн

Алғыс айту күні десе, көз алдымызға дүрбелең шақтарда туған өлкесінен еріксіз ерте ажыратып, қазақ даласына қоныс аударған түрлі этнос өкілдері елестейді. Бір баласы жолда ауырып көз жұмған, енді бірі аштан өліп, көкірегін жас жуған аналардың жылаған дауысы келеді құлағымызға. Жүрегі кең халқымыз оларға «өзге ұлт өкілі» деп емес, «тағдыры қиын жандар» деп қарады. Осы қасиетті мерекеге орай, Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен ауқымды шара өтті.

Сурет Достық үйінің баспасөз қызметінен

Шарада қазақ халқының тағамдары мен қолөнер туындылары ел назарына ұсынылды. Бұған қоса қарағандылық суретші Евгения Шульцтің киізден жасалған ерекше жұмыстарының таныстырылымы өтті.

– Алғыс айту күні осыдан 4 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді. Содан бері әр ұлт өкілдері бас қосып, бір-біріне алғыс жаудыратын айтулы мерекеге айналды. Сонымен қатар, биыл бірнеше атаулы даталарды республика көлемінде тойлаймыз. Елімізде қашан да бейбітшілік, ынтымақ болғай!, деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің құттықтау сөзінде.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков жезқазғандық жалғызбасты анаға пәтер кілтін табыстаса, мақтанышымыз, былғары қолғап шебері Абылайхан Жүсіповке облыстық Ассамблеяның Қайырымгерлер клубының өкілі Александр Кику Қарағанды қаласының төрінен пәтер сыйлады. Былтыр ғана шаңырақ көтерген жас спортшының отбасына Аль-Фарух серіктестігінің басшысы Шамиль Осин ақшалай 700 мың теңгелік сертификат берді.

– Арайлым қарындасымның жағдайын біліп, көмектескім келді. Отбасымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан пәтер сыйлап, жиһаздарын әпердік. «Жақсылық жасап жарысайық» атты бұл челенджді Нұр-Сұлтан қаласының Көңілбай Шүкенов атты асыл азаматынан қабылдаған едім. Әрі қарай Балқаш қаласындағы кәсіпкер, меценат Серік Қасымбековке жолдаймын. Бізге өмір сыйлаған жер жүзіндегі барлық аналарға мың алғыс! – деді Бекзат Алтынбеков.

Пәтерге ие болған жалғызбасты ана Арайлым Адамқұлова да қайырымды ағаларына алғыс айтты. «Осындай мерекені белгілеген Елбасына мың алғыс. Екі баламды интернатқа өткізіп қойған едім. Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Пәтер жалдап тұрғам. Енді бала-шағаммен бірге тұрамын. Алланың нұры жаусын!» – деді ол.

Сондай-ақ, ұйымдастырушар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, гүлдестелер мен естелік сыйлық табыстады. Ерліктері үшін алғыс айтты.

Олар да өз кезегінде шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, екінші дүниежүзілік соғыста ұлтына, дініне қарамай, иық тіресе жүріп Отан қорғағандарын тілге тиек етті. Жастарды тату болуға, патриоттыққа шақырды.

Достық үйі жанында жұмыс істейтін этномәдени бірлестік өкілдері де қазақ халқына, тағдырдың теперішімен ауып келген тұста құшақ жая қарсы алғандары үшін алғыс айтып, Ұлы қазақ халқына деген ризашылықтарын ән әуенімен жеткізді. Балалар үйінің түлегі Елизавета Седышеваға қазақтың киелі ұлттық аспабы қобыз сыйлады.

– Мен сіздерғе шын алғысымды білдіремін. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризамын. Барлығы да мемлекетіміздегі түрлі этностардың қазақ халқының кең байтақ жері мен баба тіліне, тарихы мен салт-дәстүріне деген құрметінің, өзара түсіністіктің арқасы, деді Елизавета Седышева.

Қобызды көптен бері үйренгім келіп жүр еді. Биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Көзімнің қарасы» әнін шырқайық. Өйткені, оның өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың даналығы мен мәрттігі тұнып тұр, деп тебіренді ол.

Жинақы әрі мағыналы өткен кеш шынымен де алғыс айтып жарысқан күн болды.

Кештең соң, «Қазақфильм» АҚ түсірген «Жерұйық» фильмі көрсетілді. Фильм басталмас бұрын этномәдени орталықтардың мүшелері мен Аналар кеңесі бірлесіп сахналық шағын көрініс көрсетті.

– Таңертеңнен бері өтіп жатқан шаралардың түйіні болды бұл көрсетілім. Әке-шешемізден көп естіген тарихтың қиын сәттерінен сахнада үзінді сомдадым. Өзге этнос өкілдерінің алғыс айтуларының түпкі себебін жан-жүрегіммен түсіндім, деді Аналар кеңесінің мүшесі Күліш Төлеуханқызы.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button