Руханият

Апалы-сіңлілі боксшы қыздар

Шахтинск қаласында тұратын Жеңіс пен Мәриям Оспановтар – бес баласы бар көпбалалы отбасы. Ұлдары – Нияз 4, ал Ғафур 2 жаста ғана болса, үлкен үш қызы бірдей бокстан спорт шеберлігіне үміткер.

Суретте: апалы-сіңлілі боксшылар.

Нұра ауданының Балықтыкөл ауылында туып-өсіп, жасынан күреспен шұғылданып, 2018 жылы Қазақ туризм және спорт академиясын сырттай оқып бітіріп, зейнетке шыққан әскери қызметкер отағасы Жеңіс қыздарының бұл талабын қайтармай, үнемі қолдаумен келеді. Олардың әр жетістігіне қуана қол соғады. Біз көргенде үйінің жарты қабырғасын осы үш баласының алған медальдары мен кубоктары жарқырай алып тұрды.

– Ең бірінші болып қаладағы Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының бокс үйірмесіне барып, жаттығуды кіші қызым Аяулым бастады,– дейді ол. – Кейін апалары оған еліктеп, 2001 жылғы Әзизам мен 2009 жылы туған Кәмилам да осы жолды таңдады. Осы уақытқа дейін олар облыс пен республикаға, алыс-жақын шетелдерге танымал болып қалды.Үшеуін де жақсы досым Рамазан Мизамбаев жаттықтырады.

Әсіресе, 7 жасынан бастап бірыңғай бокспен айналысып жүрген Аяулымның атағынан ат үркерлік. Ол 9 жасында-ақ Ресейдің Новосибирск облысында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. Ал, биыл Италияның Ассизи қаласында болған халықаралық турнирден де Кәмила екеуі алтыннан алқа тағып оралды. Республика чемпионатының финалисі атанған Әзизасы осыдан үш жыл бұрын алған жарақатына байланысты бұл спорт түрімен қош айтысып, бүгінде Қарағандының «Лингва» колледжінің 2 курсында грантпен оқып жатыр. Бір айтарлығы, бос уақыттарында ертелі-кеш жұдырықтасу жаттығуларына жан қинап, тер төгіп жүргенімен де, үшеуі де сабақтарын үздік оқиды екен.

Шахтинск қаласындағы №16 және Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары Кәмила мен Аяулымның болашағы алда. Алайда, қаражаттың жетіспеушілігі мен демеушілердің жоқтығы олардың тауын шағып, бағын байлауда. Италияға барған жолы облыс­тық олимпиадалық резерв мектебінің директоры, әлемге әйгілі боксшы Серік Елеуов бұларға жол қаражатын тауып беріп, көмегін көрсетті, Алайда, бүгін Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласында басталатын Бүкіләлемдік жазғы гимназиадасына осы себептермен бара алмай қалды. Ал, кәсіпкерлікті жаңа ғана бастап, жеке дүкендерін ашқан ата-анасының әзірге оған шамасы жоқ.

Бразилиядағы бұл байрақты бәсекеге әлемнің 48 елінен 2 мыңнан астам оқушы қатысып, 7 күн бойы спорттың 22 түрінен медальдар сарапқа салынатын көрінеді. Соның ішінде, қазақстандық жас боксшылар да өнер көрсетпек. Ешкімнен қайран болмаған соң жаттықтырушылары Рамазан ағалары өз ақшасымен ұлын алып, сонда ұшып кетіпті. Сол 7 күннің барып-қайту шығыны бір адамға 1 жарым миллион теңгенің шамасында ғана. Бірақ ондай мүмкіндігі болмаған балаң боксшылар Оспановалардың опынғаннан басқа амалы қайсы?! «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, болашағынан үміт күттіретін жас боксшыларды қолдар адам табылар ма? Әрісі министрлік, облыстық, қалалық басқармалар, берісі Шахтинск қаласының әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт бөлімі барымызды бағалап, осы бір екі қыз балаға қамқорлық жасап, жолын ашса игі еді?!

Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button