Руханият

«Қаныш» фильмі – Қарағандыда

2 ақпаннан Қазақстан кинотеатрларында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Қаныш» көркем фильмі көрсетіле бастағаны белгілі. Шығармашылық топ Астана мен Алматы қаласындағы премьерадан соң, кеншілер қаласы – Қарағандыға атбасын бұрып, Сарыжайлау кинотеатрында қазақтан шыққан тұңғыш академик жайлы ғұмырнамалық фильмді көрерменге таныстырды. Жазушы Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» романының желісімен түсірілген көркем фильмге Қарағанды қаласындағы үш театрдың бірнеше актері түскен.  

Тұсаукесер алдында шығармашылық топ бұқаралық ақпарат құралдарына пресс-конференция өткізіп, түсірілім барысы жайлы айтып берді.

Фильм режиссері Ерлан Нұрмұхамбет «Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Қаныш отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деймін» – деді. Оның айтуынша, алғаш толықметражды фильмге арналған материалдар 3,5 сағат болған. Бір сериялы фильм үшін ол өте ұзақ және америкалық фильмдердегідей әсер берудің де реті жоқ, фильм тарихи тұлға жайында болғандықтан шығармашылық топ оқиға болған кезеңнің сипатын сенімді етіп беруге тырысқан.

Түсірілім Астана, Алматы қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында Қарсақпай елді мекені, Ұлытау, Сәтбаев қаласы және соларға іргелес аумақтарда, Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл ауданы, Теңдік ауылында жүргізілген. Түсірілім тобы Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы ғалымға арналған атақты мұражайлардың барлығын аралап, Керегетас өңірінде далаға сол уақыттың құрал-жабдықтары, тұрмыстық керек-жарақтарын қойып, киіз үйлер тігіп, тұтас бір ауыл жасап шыққан.

Фильмді түсірген «Aray Media Group» студиясының бас продюсері Айгүл Байбектің айтуынша, фильм желісіне 1926-1934 жылдарда елсіз Қарсақпай жерінде Қаныш Сәтбаевтың күш-жігерімен әлемдегі ең бай тау-кен өндірісінің қалай ашылғандығы туралы тарихи оқиғалар арқау болған. Ол ашаршылық жылдардағы Қаныштың өз мүддесінен бұрын елдің ертеңін ойлап әрекет еткенін және рухын көрсетуді мақсат еттік, дейді.

Продюсердің айтуынша, Астанадағы өнер университетінің жанында үлкен павильон салынып, Мәскеудегі сахналар сол жерде түсіріліпті.

Сериал мен фильмді жасауға Eurasian Resources Group (ERG) мен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсеткен. Астана қаласындағы премьера кезінде «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сәрсеке «Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді.

Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар… Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашан да өнеге!» – деген ойын айтыпты.

Ал Қарағандыдағы тұсаукесерге фильм режиссері – Ерлан Нұрмұхамбет, продюсерлері – Айгүл Байбек, Әсел Ержанова, Қаныштың әйелі Таисаның ролін сомдаған – Анна Оразбаева, Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы академиялық драма театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Мадияр Қойшығарин, К.Станиславский атындағы орыс драма театрының актерлері, облыс әкімі сыйлығының лауреаты – жыл актері Андрей Валериевич, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы сыйлығының иегері – жыл актері Алексей Алексеевич, жас әрі жетекші актер – Вадим Данилович, Теміртаудағы жасөспірімдер театрының актерлері – Владимир Хомутов, Михаил Маскалюк, Валентин Бухонов және Роман Гужель қатысты.

Фильмнің ұзақтығы 101 мин, жас көрсеткіші 12+, Басты рольдерде: Әсет Есжан, Анна Оразбаева, Айдос Әуесбаев, Максим Горбанев. «Қаныш» киносы шет елдердегі бірнеше халықаралық марапатқа ие болды. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») бойынша үздік атанған.

Назым ДҮТБАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button