Жаңалықтар

Қаныш болған ауыл

Атауы бұрынырақта Ворошилов, уақыт өте Ульянов атанып, кейін Бұқар жырау есімін иеленген ауданының 90 жылдық тарихы бар Алғабас ауылында қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш СӘТБАЕВ болған. Елуінші жылдары Жоғарғы Кеңес депутаттығына кандидат болған Қаныш Имантайұлы сайлаушылармен кездеседі. Сол кезде ауданымыздың соғыс ардагері – Исабек Айтбаев сайлау учаскесінің төрағасы болды. Қаныш ауылымызда көп болмаса да, біраз адамдармен араласқан. Келген кезінде аудан тұрғыны Тұрсынхан Кәрімдосовтың жұбайы Рахима Қанекеңнің бетінен сүйгені бар. Кейін білдік, ол кісі Қаныштың киімдерін тіккен екен.

Колхоз басқармасы Қали Нұрилденов үш айға Қарқаралыға оқуға кетіп, бухгалтері Ә.Тентекбаев колхоз басқармасының міндетін атқарып жүрген кез. Парторг Қоқыш Түсіпбаев Қанағаңның қасында жүріп, әңгімелесіп картоп отырғызу, жеміс егу, тоған салып, балық өсіру жағдайын таныстырған. Сол кезде соғыстан аман келген Алғабас азаматтары – Қасен Мұқышев, Қасен Алиленов, Сағынтай Төлеутаев, Жексенбек Төшімбеков, Майбас Жанғожин, Кәрбан Маханов, капитан Сұлтан Машрапов, Бекен Ибраевты жинап, соғыстан кейінгі қиын кезеңде «ендігі келешек сендердің қолдарыңда» деген екен. Қанапия Әбетов, Қаби Шалқыбаев, Сланбек Жүсіпов, Рамазан Сәтиевтің үйінде болады. Соғыс уақытында ауыл азаматтары – Мәмірайым Омаров, Ақыш Смағұлов, Ақыш Қабаев, Өмірсал Мақұлбаев, Бүркітбай Мүрсәл, Тамам Шержанов, Қасым Ахметов, Сопақ Қосшұғылов, Жомарт Алиленов бақша салып, егін екті, көрік те соқты. Мұқаш Рахметов соқа сияқты керек заттарды қолдан жасады.

Ауылға келгенінде Қаныш Имантайұлы Кәкім Мақашевті, Әбуғали Байқоңыровты сұрайды. Әбуғали соғыста қайтыс болған. Ал, Кәкім Мақашев болса, 1942 жылы қыркүйекте соғысқа алынып, 1943 жылы сәуір айында хабар-ошарсыз кетеді.

Сталин заманында Қаныш Сәтбаевқа бай-құлақ деген жала жабылды. Соған қарамастан Қаныш аға халықтың жағдайын ойлап, еңбек етті. Қазақстанның тау-тасын жаяу аралап, қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа табыс етті. Қазір Қанағаңның анасы туралы көп айтылмайды. Қаныштың анасы Әлиманың руы – Қаржас. 1860 жылы Ақши Амантауда дүниеге келген. Әлима апайдың әкесі Иса өте ақылды, әрі бай болған. Байлығы жағынан Шорманнан кем болмаған деседі. Ал, Шорманның Мұсасы мен Мұстафасы Имекең үйінде жиі қонақ болады екен. 17 жасында тұрмысқа шыққан Әлима апай атпен жүргенді жақсы көреді. Өте көрікті кісі болған. Бірінші Мұстафаның ұлы Қанапияға тұрмысқа шығады. Қанапия көп ұзамай қайтыс болған. Имантайда бала болмағаннан кейін Сәтбай Әлиманы ұлына қосады.

Қаныш аға елге келгенде Үміткер ауылының төрағасы Мүрсәл Шоқшин, Жұмаш Шадедов ылғи жанында болады екен.

Қазір Ботақара кентінде Сәтбаевтың атында көше бар. Кезінде Бұқар жырау ауданының әкімі Ш.Мамалиновқа Қ.Сәтбаев көшесінде жарық жоқтығын тұрғындардың атынан қол қойдырып, хат жазғаным бар. Қазір шамдар орнатылып, көше жарқырап тұр. Көктем кезінде Ботақара көлінің астынан екі жерден су кетіп жатқанын кент әкімі Е.Қапашовқа ертіп апарып, көрсеткеннен кейін тұрғындардың өтініші бойынша қосымша бөгет жасалды. К.Бейсенбаев, Қ.Сәтбаев, Березников көшелеріне балалар ойнайтын алаң жасалатын болды.

2011 жылы 25 наурызда Ботақара көлінен су кетіп жатқанын айтқан болатынмын. Сол жылы бөгет бір метрден артық көтеріліп, жөндеуден өтті. Аудан орталығында апат болған 2014- 2015 жылдары көтерілген су деңгейі сол бөгеттерден 10 см ғана аспай қалды. Бұл ретте аудан әкімі Ш.Мамалиновтың еңбегін ерекше атап өткен жөн деп ойлаймын. Көл ернеуінен асып кетсе, жолдағы елді мекендер аман қалмайтын еді.

Бүгінде ауданда Бұқар бабаның тойына дайындық қарқынды жүруде. Қаныш болған ауылдың бірі – Алғабас та бұл тойдан тыс қалмасы сөзсіз.

Т.ТҮСІПБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button