Ансамбль жайлы фильм

29 қыркүйектен Қазақстан кинотеатрларында қазақ эстрадасындағы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы «Aray Media Group» студиясы түсірген өмірбаяндық драма көрсетіле бастады.

Ансамбль жайлы фильм

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген туындының сценарийін Ефрат Шәріпов жазған. Режиссері – Айдын Сахаман, бас продюсері – Айгүл Байбек. Кеңесші ретінде ансамбльдің негізін салушылар Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлеев шақырылыпты. Басты рөлдерде Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков. Актерлер қатарында танымал блогерлер мен вайнерлерден Артур Асқарұлы мен Зухра Сайпи де бар.

Фильм туралы Досым Сүлеев: «Авторлар ең бастысы, біздің музыкаға деген сүйіспеншілігімізді, көңіл-күйімізді, сол кездегі атмосфераны жеткізе білді. Ұзақ жылдар бойы кадр сыртында, сахна артында қалған – жолымызда кездескен қиындықтар мен интригалар, кеңестік идеологияға қайшы келетін стилімізді сақтаудағы қиындықтар, ұжым ішіндегі қа- рым-қатынастар мен реніштер еш бұрмаланбай көрсетілді» – дейді. Ал, режиссер Айдын Сахаман, аға буын үшін бұл жастық шақтың атмосферасын сезіну мүмкіндігі болса, жас ұрпаққа вокалды-аспаптық ансамбльдің тарихын таныстырады деген пікірде.

Біз жаңа фильм жайында киносыншы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор, Баубек Нөгербектің пікірін сұрадық.

Баубек НӨГЕРБЕК:
Меніңше, фильмнің табысы мол болады. «Кино тарихында тарихи-ғұмырнамалық жанр өте танымал, әсіресе, Кеңестік заманда әртүрлі тұлғалардың өмірін негізге алған көп кино түсірілді. Олардың барлығы дерлік үгіт-насихат сипатында еді, яғни, кейіпкердің өмірбаяны саяси-идеологиялық талаптарға сай өзгеріп кететін. Мысалы, 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясы түсірген «Амангелді» фильмі. «Ленфильм» түсіргені үшін де оны толық қазақ фильмі деп айта алмаймыз. Дегенмен, қазақ кинодраматургиясының алғашқыларының бірі деуге негіз бар. Өйткені, сценарийін біздің классик кинодраматургтеріміз – Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин және Всеволод Иванов үшеуі бірлесе жазған. Кино Амангелді образын қатты өзгерткен, ал Алаш қайраткерлерінің бейнесін карикатуралық деңгейге дейін төмендеткен.

1945 жылы сценарийін Мұхтар Әуезов жазған «Абай әндері» фильмі түсірілді. Ол да тарихи биографиялық фильм. 1952 жылы «Жамбыл» фильмі шығады. Яғни, қазақ кинотарихында КСРО кезінен-ақ тарихи биографиялық фильмдер өте көп болған. «Мәншүк туралы ән», Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді», Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» фильмін, т.б. атауға болады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ірі тұлғалар туралы тарихи фильмдер көбіне мерейтойлар кезінде қолға алынды. Абайдың 150 жылдығына орай Ардақ Әмірқұловтың «Абай», келесі жылы Жамбылдың 150 жылдығына орай «Жамбылдың жастық шағы» сынды кинолар жарыққа шықты.

Ал, бүгінгі «Дос-Мұқасанның» ерекшелігі – жанры мюзикл. Режиссерлік тұрғыда өте күрделі жанр. Себебі, ән мен биді оқиғамен байланыстыру керек. Қазақ киносындағы музыкалық фильмдердің шебері – Шәкен Айманов. Оның ең үздік «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» атты екі комедиясы халыққа жақсы таныс. «Дос Мұқасанды» да түсірушілер көрерменге мюзикл деп таныстырды. Меніңше, мюзикл деуге фильмнің өне бойында музыка аздау болды. Дегенмен, жалпы көрерменге бағытталған үдеден шықты. «Дос-Мұқасан» шынында қазақтың ұлттық музыкасына заманауи стиль берген, сол заманда ұлттық рухты көтерген аты әйгілі ансамбль. Мұнда актерлік құрам өте жақсы таңдалған, әсіресе Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайыновтың ролін сомдайтын актерлердің бет-әлпеті, мінезі, актерлік ойыны кейіпкерлерін жақсы аша білді.

Әрине, аздаған әттеген-айлар бар. Мәселен, актерлердің ойынында бірізділік жоқ. Бірі өзінің кейіпкерін сомдауда асыра сілтеп жіберсе, бірі шегіне жеткізе алмай қалды. Көбінесе, асыра сілтеп, театрдағы стилге салып жіберген тұстар бар. Жалпы алғанда, меніңше, бұл фильмнің табысы мол болады деп ойлаймын. Өйткені, бұл топтың әуенімен бір емес, бірнеше буын есейген. Әндері халық жүрегінен терең орын алған, өміршең хиттер.

Фильм соңында ансамбльдің өзінің қазіргі кездегі концертін көрсеткенде өте әсерлі болар ма еді?.. Көрермен соны күткендей… Әрине, оған белгілі бір авторлық құқық мәселелері кедергі болған шығар?..

Қорыта айтқанда, фильм өте жақсы деген бағаға лайық деп пайымдаймын».

Назым ДҮТБАЙ.