Жаңалықтар

Ана тілдің абыройы

Бірден айтайық, бұл жолғы қоғамдық талқылауда қатардағы жиылыстардағы болымсыз қызыл сөз орын алған жоқ. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудегі маңызды мәселелер талқыланды. Қарағандыдағы «Достық» үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинардың әңгімесі сөзден гөрі іс барысы жөнінде өрбіді.

Қазақ тілін латын қарпіне негізделген жаңа әліпбимен таңбалаудың алғашқы кезеңі биыл күзден басталады. Келер жылдары жай-жай жаңа әліпбимен жаза бастаймыз. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, «бірінші енгізген нұсқада қаламыз, болды, бітті» деген қатып қалған қағида жоқ. Белгілі бір уақыт шегіндегі тәжірибе барысында өзгерістер мен толықтырулар еніп отыруы мүмкін. Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, латын графикасы жөнінде құрылған жұмыс тобының мүшесі Ерден Қажыбек пен Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев Қарағанды ғалымдарымен кездесіп, ой бөлісті. Қоғамдық талқылауда қарағандылық ғалымдар мен қоғам белсенділері сауал жолдап, ұсыныстарын да айтты.

«Неміс тілінде 42 дыбыс бар, 26 әріп бар. Ағылшын тілінде – 44 дыбыс, 26 әріп. Испан тілінде – 44 дыбыс, 14 диктонг, 4 трифтонг, яғни, 62 комбинация бар, 27 ғана әріп бар әліпбиінде. Бізде 28 дыбыс 42 әріппен таңбаланады. Латын қарпіне көшкен жағдайда осы 42 әріпті 32-ге түсіріп алғанымыздың өзі жеңіс болар еді. Мәселен, «ч» дыбысын алып тастап, чемпионның орнына шемпион десек, құрып кетпейміз. Бірақ, қазір физиканы «пизика» деп айтуға ешкім бата алмай отыр» деп бастады Ерден Задаұлы әңгімесін.

«Үлкен проблема қазақтың төл сөздерінде емес. Біз кірме сөздерді айнытпай айтатындығымызда. Мәселен, Ресейде «это эпоха жаһандану» деп сөйлеп жатса, дөрекі естіледі. Ал, біз – көнген елміз, тілімізді сындырған елміз. Қате сөйлеуге етіміз өлген халықпыз. Қазақтың тілі келмейтін сөздерді тілімізді сындырып, акцентсіз айтамыз (құлдық сана. Ж.Ә). Акцентсіз сөйлеу деген – ішіңдегі ұлттық аппараттарды жою деген сөз.

Қазір «и» мен «у» әрпі біздің бүкіл орфаграфияның шырқын бұзып отыр. Латын негізіндегі емле де бұрынғы заңдылықтан алысқа кетпейді, өкінішке қарай. «Министр» сөзін қазақ «міністір» десе неден ұтылады? Мысалы, түрік қандастарымыз «министрді» «бақан» дейді. «Алты бақан ала ауыз» деп қазақ та айтады. Университет дегенде «у-ды» қалай жазамыз дейді. Түріктер «үнеберстет», институтты «енстетөт» дейді. Кірме сөздер мен терминдерді қазақшалап, қазақша айтылуға икемдеп енгізе бастасақ, өте дұрыс бағыт. Және өзге тілден енген 4-5 әріп-таңбаны алып тастасақ. Бірден болмаса да, бұл – үлкен бір ілгерілеушілік.

Күн сайын жаңа сөздер кіріп жатыр ғой қазір әлемде. Түркияда терминкомдар апта сайын жиналыс жасайды. Бүкіл кірме сөздеріне ұлттық баламалар енгізіп, халыққа жария етіп отырады. Мысалы, «сканер, принтер» деген терминдерді олар ауыстырды.

Сосын қалай айтылды, солай жазуға тырысқан жөн. Сол жағын да қарастырудамыз. Бірақ, оған бұрынғы қатып қалған қағидалар мен дағдылар жібермей жатыр. Сондықтан, мәселе өте күрделі. Өйткені, біз қазіргі 42 әріптен тұратын әліпбимен қате жазуға әбден үйренген халықпыз. Енді, латын әліпбиіне көшкенде қалай дұрыс жазамыз? Осы мәселені шешіп алуымыз керек. Бүгінгі таңда бұл түйткіл ғылыми түрде қолға алынып отыр. Қазақ тілінің негізгі дыбыс құрамы, төл дыбыстардың тізімі және оның қасиеттері сақталуы тиіс. Орфаграфиялық ережелерінің басты жобасы биыл қыркүйекте дайын болады. Қазір ғалымдарымыз осы мәселені қолға алуда. Өкінішке қарай, ғалымдар қалай жасайды, 100 пайыз солай таңбалау қолымыздан келмей отыр. Оған қоғам дайын емес. Біз кәдімгідей қате жазуға үйреніп алғанбыз. Қаншама сауалнамалар өткізсек те, үлкен проблема тудырып отырған «и» мен «у» әріптері сияқты. Орыс тілінде бұл әріптер бір дыбысты ғана берсе, қазақ тілінде олар әр түрлі қолданылады. Әрі дауысты дыбысты, әрі дауыссыз дыбысты, әрі түрлі диктонгтарды да береді. Сондықтан, дау да көп ғалымдар арасында.

Орфографиялық ережені жасауға тағы қиындық тудырып тұрған – біз кез келген кірме сөзді өзіміздің төл сөз сияқты пайдалана беретіндігімізде. Солай қалыптасып кеткенбіз. Оларды қазақшалап, мәселен, Москва демей, Мәскеу деп айтуға қарапайым халық әлі психологиялық тұрғыдан дайын емес.

Ереже жасауда тілімізде бірнеше қатпарқатпар бөлімдер бар. Есімдер деген үлкен бір бөлім бар. Кісі, жер-су, мемлекет аттары, халықаралық атаулар. Қазіргі кирилицамен осылардың бәрін қате жазамыз. Тіпті, біз мемлекеттің атын да қате жазып жүрміз. Төлқұжаттарымыздағы аты-жөніміз де қате жазылып жүр. Қазақы стандартқа келмейді. Латын әліпбиін пайдаланып, бұрыннан қордаланып қалған көптеген келеңсіздіктерді шешіп алуымыз керек. Әрине, бірден болмаса да, кезеңкезеңімен, біртіндеп қолға аламыз.

Мемлекеттік тілдің қазақ тілінен айырмашылығы бар ма? Терминологияны пайдалана отырып, қазақша жазу, қазақша сөйлеу – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік әр қызметті атқару үшін әр маман білуге тиісті қазақ тілінің терминдері – мемлекеттік тіл. Терминдердің бір ерекшелігі – біздің әдеби тілімізден саны жүз, мың есе көп. Дүниежүзінде 120 ғылым мен өндірістің саласы бар. Әр сала әр мемлекетте толыққанды жұмыс істеу үшін кемінде 15-20 мың термині болу керек, әр сала бойынша. Термин – мамандардың тілі. Сөйтсе де, сол терминдердің 80 пайыздан астамы ұлттық ана тілімізде жасалу керек. Бізге 120 сала бойынша ұлттық терминология қалыптастыру үшін, қазақ тілі – ғылым, экономика, инновация тілі болу үшін миллиондаған терминдер аударылуы тиіс. Ал, біз қазір 20-30 мың терминді бекіттік деп отырсақ, терминолог мамандар айтады: «біз өзімізге қажетті ұлттық терминологияның бір пайызын да қалыптастырмаған елміз» деп. Бұл – өте қауіпті жағдай. Қазір бүкіл техника саласы, ғарыш зерттеу, қаржы, экономика, тағы басқа көптеген салалар бар. Қазақ тілі сонда филологтар мен тілшілердің еншісінде ғана қала ма? Сондықтан, болашақта тіл болып қалуы үшін – бұл өте-мөте маңызды мәселе. Термин жасауда да Ахмет Байтұрсынұлы мынадай принциптерге сүйенген: бірінші – ана тіліміздегі баламасын табу, болмаған жағдайда туыстас түркі тілдерден алу – екі, ол да болмаса, жаңадан ұлттық балама табу, тіпті, түк таппаған күнде өзге тілден алынады. Бірақ, олар міндетті түрде қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктеріне бағыну керек. Яғни, қазақшалану қажет. Сырттан қарапайым көрінгенмен, тілдегі ең үлкен проблема – кірме сөздерді ұлттық сипатта беру. Қарапайым альбом сөзі, мәселен, латынша албом болады. Ал, жіңішкерту үшін «әлбом» немесе «әлбөм» деп таңбалау шарт. Осындай мәселелер жетерлік. Таратып айтса, «ы» мен «і», «и» мен «у». Осыларды кезінде бізде латын графикасы жүргендегідей етіп жазу мәселесі», – деді Ерден Қажыбек мырза.

Сондай-ақ, семинар барысында Ерден Задаұлы қарағандылықтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Ескеретін бір мәселе, ұсыныстар ел көру үшін баспасөз беттерінде жарияланып, латын графикасымен жұмыс тобына хат ретінде жолданса, құба-құп екен. Мәселен, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының  әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы Ерғали Қожабеков:

«Комиссия құрамында салалық мамандар бар ма? Заң саласында Елбасына дейін шағымданып жатқан азаматтар қазір сөз түсінбеуге дейін жетті. Неге? Себебі, терминмен жазылады. Заң саласын құрайтын маңызды деген үш-ақ сөз бар өзі. «Іс жүргізу», оны «өндіріс» деп жүрміз. Орыстың «производство» сөзінен. Біз заңгер ретінде осы «өндірісті» «іс жүргізуге» алмастыруды сұраймыз. Екінші заңгерлердің ашу-ызасын тудыратын «қозғау» дейтін сөз. «Істі ашу, қарау» деген бар ғой. Үшінші «құқық» термині. Адамды кекештендіреді. Осыны «құқ, хақ» немесе «права» деп қалдырса? Заңгерлер үшін бұл өте үлкен мәселе. Арыздарда: «Менің арызыма байланысты өндіріс жүргізіп, істі қозғаған екенсіздер» дейді. Қарапайым халық түсінуден қалды заңгерлерді» – деген сауал жолдады.

 Ерден ҚАЖЫБЕК, латын графикасымен жұмыс тобының мүшесі:

«Терминдерді жасау, талқылау, бекіту процедурасы бізде әлі қалыптаспаған. Қазір қолға алып жатырмыз. Мұны филолог ғалымдар немесе терминтанушылар жасамайды. Мамандар жасау керек. Одан кейін тілшілер, терминтанушылар қарап, бекітуі тиіс. Әртүрлі ірі салаларға қатысты мамандардан құралған кемінде 50 топ – терминдік секциялар жұмыс істеу қажет бізде. 50 болмай, 35 болуы да мүмкін. Ол да жақсы. Негізі, мемлекеттік деңгейде терминкомды министрлік басқаруы шарт. Бізде Мәдениет министрлігі басқарады. Ол өзі басқармайды да, вице-министрге ысырып тастайды. Ол – жауапты хатшыға, олар – Тіл комитетіне береді, тағысын тағы… Сондықтан, сіз бізге міндетті түрде ұсыныс хат жазсаңыз? Өйткені, біз біле бермейміз мәселелерді. Ал, мамандар ауадай қажет. Қолданысқа еніп кеткен көптеген қате терминдер бар. Қарапайым программа дегенге қатысты бағдарлама термині. Бағдарлама сөзі ориентировка дегенге көп келеді».

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

 

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button