Қанағат – бақыт бастауы
Кезекті жұмыс күні аяқталып, аялдамаға келдім. Кештеу шыққандықтан болар, автобустар сиреп қалған екен. Шамалы күтіп, болмаған соң, «индрайвер» қосымшасы арқылы такси іздеу қамына кірістім.
Сол сәтте немістің бір жеңіл көлігі келіп тоқтай қалды. Жүргізуші жастау жігіт екен. «Майқұдыққа 200 теңге» деді. Аң-таң болып 4 адам жайғасып алдық. Өзі әңгіменің майын тамызатын жігіт екен, Майқұдыққа жеткенше түрлі тақырыптар қозғалды.
Қасымда отырған жолаушы қыз бір кезде «Қалай арзан тасисыз? Өзіңізге пайда қала ма? Жанар-жағармайдан ауыспайтын болар?» деп қалды.
Сол сәтте әлгі жүргізуші еш қиналмай «Индрайвер» жүргізушілері де осы бағаға ала кететін болар. Өйткені, ол қосымша халыққа жеңіл әрі тиімді болсын деп шығарылған ғой. Әйтеуір сол бағытқа кетіп бара жатқан соң, арзан бағаға ала кеткенде тұрған не бар?» деді.
«Қазір 200 теңге деген баға жоқ. Майқұдық пен қала орталығына жету үшін ең төмені 500 теңге. Асығып тұрсаңыз 700, 800, 1000 теңге де беруге тура келеді. Ал, кейде дүйсенбі күндері таңертеңгі уақытта ауа-райы қолайсыз болса немесе түнгі кезде 1200, 1300 теңгеге дейін көтеріледі баға. Кейде қанағатсыздау жүргізуші болса 4 орынға 4 кісіні жеке жиып жүріп алады. Мұндайда барар жеріңе жеткенше айқай-шу болады. 200 теңге дегеніңізге қуанып кеткеніміз сол. Шынымызды айтсақ таң қалып отырмыз» дедік біз бірауыздан.
Сондағы әлгі жүргізушінің таң қалғанын көрсеңіз, ол сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оның айтуынша, Майқұдыққа бұлақтан су алуға бара жатыр екен. «Барғанда 800 теңгеге 4 адам, қайтқанда 800 теңгеге 4 кісі ала кетсем жеткілікті. Соған қанағат етемін. Барып-келген жолымды ақтайды» дейді таң қала.
«Мына такси жүргізушілері не деген қанағатсыз? Елдің жағдайын ойламай ма? Халықтың бәрінің мұндай ақша төлеуге шамасы келе бермейді ғой» деп қайта-қайта басын шайқады.
«Елдің жағдайын кім ойлап жатыр?! Әркім қара басын күйттеген заман болды ғой» деген ащы запыранға толы сөздер де айтылмай қалған жоқ…
Біз оның жанашырлығына, қанағатшылдығына, елдің жағдайына қатты алаңдайтынына таң қалдық әрі риза болдық.
Сол сәтте есіме Мұхтар Шахановтың «Бақыт» жайлы өлеңі түсті. Сол өлеңнің қорытындысында нағыз бақыттың – қанағатта екендігі айтылады. Кітап оқы деп ешкімді мәжбүрлей алмаймыз, әрине. Алайда, осы бір оқиға қолға қалам алғызды. Шағын жазбамыз арқылы такси жүргізушілеріне және де әрбір адамға қанағатшылдық бақытқа жеткізетінін айтқымыз келеді.
Әркім өзінен бастаса құба-құп. Байлықтың, дүниенің түбіне ешкім де жетпеген…
«Нарықтық экономика дәуірі, табыс табу керек, бәрі ақшаға келіп тіреледі» деуіңіз мүмкін.
Бірақ, «Қанағат – қарын тойғызар, қанағатсыздық – жалғыз атын сойғызар, Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» деген аталы сөздер бар қазақта.
Сондықтан да, қанағатшыл болайық, ағайын!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.