Руханият

«Амандық жамандықты жеңеді…»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әнет баба» атындағы облыстық орталық мешітте қасиетті Қадір түні аталып өтті. Мыңдаған адам дұғаға қол жайып, Қадір түнін құлшылықпен өткізді.

Рамазан айының үшінші онкүндігінде келетін қасиетті Қадір түнінде «Әнет баба» мешітінде ине шаншыр жер болмады. Мың айдан да қайырлы, берекелі кеште облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы барша мұсылман қауымын Қадір түнімен құттықтап, қасиетті түннің берекеті жайлы уағыз-насихат айтты.

– Мешітке жиылған жамағаттың жүзінен төгілген иман нұрын көріп, жақсылыққа, ізгілікке деген құштарлықты көріп, риза болдық. Әсіресе, жастар жағы басым болды. Жас буынның имандылыққа бет бұрғаны қуантады. Елдің діни сауаты да жақсы, Аллаға шүкір. Қасиетті түнді жамағаттың құлшылықпен өткізуіне бар күшімізді салдық. Зеріктірмей пайдалы уағыздар айтып, викториналық сауалдар қойып, діни ілімін көтеруге аз да болса үлес қостық деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әр шаңыраққа құт-береке, жақсылық тілейміз, – деді Естай Айтуғанұлы.

Мешітке жиналған мұсылман жамағатына дастархан жайылып, 600 адамға мешіт асханасы мен киіз үйде ауызашар берілді. Берекелі отырыста Құран оқылып, барша жамағат қол жайып, Алла Тағаладан дұға тіледі. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып, жамағат тарауық намазын оқығаннан кейін Құран Кәрім хатым етілді. Облыстың бас имамы Құран хатым дұғасын жасады. Сонымен қатар, аймақтың бас имамы бір ай бойы тарауық намазын жоғары деңгейде өткізіп, Құранды хатым еткен құрметті қариға құрмет танытып, шексіз алғыс білдірді.

– Қадір түні – ең қадірлі түн! Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Шын мәнінде, Қасиетті Құран Кәрімді Қадір түнінде түсірдік» деп жазылған. Яғни, Құран Кәрімнің алғашқы аяттары Қадір түнінде түсіріліп бастаған. Сол үшін біз Рамазан айын – Құран айы деп атаймыз. Қадір түні – мың айдан да қадірлі түн. Жылға шаққанда «83 жылға пара-пар сауабы бар түн» деп Алла Тағала өзі баяндайды. Бұл дегеніңіз, осы қасиетті Қадір түнін кім тапса, онда оның дұға-тілегі қабыл болып, жасаған ғибадат-құлшылықтары бір адамның ғұмырына татитындай еселенеді екен. Пайғамбарымыздың хадисінде «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінен, оның ішінде тақ күндерден іздеңіздер» дейді. Аяттың жалғасында «Ол күні періштелер мен рух жерге түседі» делінеді. Ал, дін ғұламаларының айтуынша, «Бұл күні Жәбірейіл періштенің өзі жерге түседі. Раббымыздың рұқсатымен сол күні көптеген періште жер бетіне түседі және жер бетінде таңға дейін тыныштық орнайды» дейді. Алла Тағала Қадір түнінің ерекшелігін Құран Кәрімде осылай айтып кеткен, – деп атап өтті Естай Айтуғанұлы.

Рухани ауқымды кеш барысында Рамазан айының алғашқы күнінен бастау алып, жарияланған «Пайғамбарға (с.а.с) салауат» сайысының жеңімпаздары марапатталды.

Таң рауандап атқанша мешітте уағыз-насихат тыңдап, құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең-байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады. Сәресі уақытында Алла үйінен 3 000 адам ауыз бекітті.
«Амандық – жамандықты жеңеді» демекші, келесі Рамазанға дейін елдің іргесі мен төрт көзімізді түгел аман еткей!

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button