Руханият

Аманат арқалаған апталық

Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан атындағы орта мектепте «XXI ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры» апталығының қорытынды кеші өтті. Онда мектеп ұстаздары «Алаштың Әлиханы» спектаклін сахналады. Қойылым авторы – мектеп директоры Айнұр Тұрғанбекқызы, режиссері – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арайлым Жароллақызы. Іс-шараға Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының режиссері, актер Бекмұхамед Киекбаев және ақындар Қайрат Асқар, Эльмира Сайлауқызы қатысты.

Қойылымға «Алаш» үкіметінің құрылуы мен Алаш арыстарының қуғын-сүргінге ұшырауы арқау болған. Әлихан ролін – дене шынықтыру пәні мұғалімі Аслан Түлеков, Ахметті – көркем еңбек пәні мұғалімі Жайық Болатұлы, Сталинді – тарих пәні мұғалімі Нұрлан Төлепбеков сомдады. Сонымен қатар, мұнда Халел Досмұхамедов, Әлиханның жары Лиза, қызы Елена, Смағұл Сәдуақасов сынды бірнеше кейіпкер бар.

Қойылым туралы пікір айтқан режиссер Бекмұхамед Киекбаев кемшін түскен тұстарын дамытып, ұстаздарға әр рольді жеріне жеткізе ойнау қажеттігін айтты. Өйткені, бұл қойылым облыстық деңгейде өтетін байқауға мектептің атынан қатысады.

– Апталық облыстық білім басқармасы, Қарағанды облысында білім беруді дамытудың әдістемелік орталығы және қалалық білім бөлімі бекіткен жоспарға сәйкес өткізілді. Қойылымды қорытынды кешке әзірледік. Мақсатымыз – оқушыларға Әлихан бастаған Алаш арыстарының тұлғалық қасиетін насихаттай отырып, кәсіби режиссердің көзқарасын білу, қойылымды ширата түсу, – дейді мектеп директоры Айнұр Жаппарқұлова.

Қорытынды кеш соңы апталық аясында «Қаңтарда туған қаламгерлер» тақырыбындағы ақындармен кездесуге ұласты. Олар жырдан шашу шашып, оқушылардың сұрағына жауап берді.

Мектеп әкімшілігінің оқушылар мен ұстаздардың шығармашылығын дамытып, ата-аналардың белсенділігін арттыратын бірнеше кабинет ашып, білім беру ісін жандандыра түскенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button