Алып туған аналар
Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында Алаш абыройын аспандатқан Геннадий ГОЛОВКИННІҢ анасы Елизавета ГОЛОВКИНА мен Серік СӘПИЕВТІҢ анасы Ирина СӘПИЕВАНЫ мейрамдарымен құттықтап, әңгімеге тартудың сәті түсті. Кіл мықтыны тәрбиеледік деп кісімсінбейтін, кішіпейіл қос ана! Ұлдарының бойындағы қарапайымдылық пен ізеттілік қайдан келгенін осы жолы түйсініп, қайран қалыстық..
– Көңіл-күйлеріңіз қалай? Жалпы, құттықтаулар легі толассыз шығар?
Елизавета ГОЛОВКИНА:
– Мен негізі сұхбат бере қоймаушы едім. Әсіресе, бокс тақырыбына қатысты. Әріптестеріңізден аулақ жүруге тырысамын. Десе де, өзіңіз сұрағандай, мерекелік көңіл-күйдің көтеріңкі болғаны – сізге келісім беруге итермеледі ғой деймін.
Ирина СӘПИЕВА:
– Генаның анасы айтқандай, бұл сұхбатқа келісуімізден-ақ көңіл-күйіміздің қандай екенін аңғара беріңіз. Десе де, сұрағаныңызға рақмет!
– Бұл мерекені қалай қарсы алмақ ойдасыздар? Отбасында ма, әлде мерекелік шара, көпшілік ортада ма?
Ирина СӘПИЕВА:
– Отбасы, ошақ қасында қарсы алғанға не жетсін? Бұйырса, өз шаңырағымда, жақындарымның арасында қарсы аламын деп жоспарлап отырмын.
Елизавета ГОЛОВКИНА:
– Әрине, отбасыммен, туған-туыстарыммен қарсы аламын. Өкінішке орай, ұлдарым – алыс Америкада. Әлем назар салып отырған байрақты бәсекеге дайындалуда. Оны өздеріңіз де білесіздер.
– Мерекеде чемпион ұлдарыңыз қандай сыйлық жасайды? Олар сыйлаған сыйлықтардың арасында сіздер үшін ең қымбаттысы немесе есте қалғаны қандай?
Елизавета ГОЛОВКИНА:
– Қандай сыйлық жасайтынын қайдан білейін? (күлді). Мен үшін ең үлкен сыйлық – 5 мамырда өтетін жекпе-жектегі Генамның жеңісі болар еді. Ал, ең бастысы, ұлымның дені сау болса екен деп тілеймін. Одан асқан сыйлық керек емес.
Ирина СӘПИЕВА:
– Өткен жылы ұлым келінім екеуімізге жолдама алып беріп, шетелге демалысқа жіберді. Осы жылы ойында не барын дөп басып айта алмаймын. Жалпы, сыйлықты айтпай жасайды ғой.
– Балаларыңыз шаршы алаңға шығарда қандай сезімде боласыздар? Олардың жекпе-жегін бокс кешенінде немесе тікелей эфирде тамашалайсыздар ма, жоқ әлде, кездесу аяқталған соң барып, қайталауын көресіздер ме?
Ирина СӘПИЕВА:
– Ана болған соң толқымай қоясың ба? Бокс кешенінде де, тікелей эфирден де тамашаладым. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ұлымның финалдық жекпе-жегін көріп, тақым қысқанымды несіне жасырайын? Ал, қазір Генаның жанкүйерімін.
Елизавета ГОЛОВКИНА:
– Сенесіз бе, ұлымның жекпе-жегін көрмей іштен тынып отыра алмаймын. Әсіресе, кейнгі кездесуі мен үшін өте ауыр болды. Қарымта кездесуді мүлде көрме дейді Гена. Бірақ, ет жүрегім езіліп, қалай көрмей отырамын? Саусақтың арасынан болсын, теледидарға бір сығаламауға шыдамайтын шығармын.
– Ана жүрегі сезеді дейді. Оғыландарыңыз рингке көтерілерде алдын ала жеңіс, болмаса, жеңіліс сезген кездеріңіз болды ма?
Елизавета ГОЛОВКИНА:
– Әрине. Алғашқы раундтарда-ақ жеңетінін біліп отырамын. Тіл-көзден сақтасын дейік, ұлымның кәсіпқой бокста бұған дейін бір рет те болсын тізесі бүгіліп көрмеді. Бүгілмесін деп тілейік!
Ирина СӘПИЕВА:
– Ұлымның мықты боксшы, чемпион болғанын білемін ғой. Жеңісіне де сенетінмін, әрине. Десе де, көп жайда төрешілердің әділдігіне сенімсіздікпен қарайтынмын. Ана түйсігі алдамайды деген рас екен. Соған көзім жетті.
– Әңгемелеріңізге рақмет! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН.
Суретте: солдан оңға қарай
Елизавета ГОЛОВКИНА,
Ирина Сәпиева.
Суретті түсірген М.БАРАНОВ.