Жаңалықтар

Ғалым өмірінің ғибраты

    Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратында академик Евней Арыстанұлының ғылыми дәрісханасында «Дімкеш Мұқанов: сүйіспеншілікке толы өмір. Өмірбаян беттері» атты кітаптың тұсаукесері өтті. 

Ғалым, қоғам қайраткері, техника ғылым­дарының докторы, профессор, ғы­лым және техника саласы бойынша ҚР Мем­лек­еттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Дімкеш Мұқановтың саналы өмірі мен ғылымдағы жолының айнасындай кітаптың тұсаукесеріне арналған шараны физика факультетінің деканы Бекболат Рақышев жүргізіп отырды. Кешке Дімкеш ағамыздың жұбайы Сара Балқашқызы мен Дімкеш Мұқановтың қызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор, осы кітаптың шығуына бастамашы болған Сәулеш Мұқанов қатысып, махаббат пен парасатқа толы ғұмырдың естелігінен сыр шертті. Сондай-ақ, шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚарМУ-дың бірінші проректоры Рымбек Жұмашев сөз сөйлеп, Дімкеш Мұқанұлының ғылым жолындағы жетістіктерін тілге тиек етті.

Өмірден өзі кетсе де, өшпес ғұмырдың отын жағып, еңбегі мен қажыр-қайратының арқасында соңына өлмес мұра қалдырып кеткен тұлға жайлы бейнекөрсетілім қысқа да нұсқа, жүйелі шықты. 1936 жылы Бұқар жырау ауданына қарасты Теке, Қараөзек ауылында дүниеге келген тұлға Қарағанды металлургия зауытының негізгі изотопты зертханасын ұйымдастырушылардың бірі. Кейін ғылыми ұйымдастыру мен өндірістік мектептің барлық сатыларынан өтіп, осы саланы 35 жыл басқарған екен. 2000 жылдан өмірінің соңына дейін ҚР минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық бас директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен жүргізілген жұмыстар «Қазақмыс» корпорациясы», «Еуразиялық өнеркәсіп» қауымдастығы және басқа да көптеген қазіргі заман кәсіпорындарында тұрақты қолданылуда. 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның арасында қара металлургия, басқа да ғылым салаларының технологиялық мәселелері бойынша 11 монографиясы бар.

Кітаптың тұсаукесер салтанатында сөйлеген Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов ғалымның тұлғалық, қайраткерлік қырларын еске алды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button