Жаңалықтар

«Алтыншы бекет»: ар соғысы

Қарағанды қаласындағы «Сарыжайлау» кинотеатрында рухани «жарылыс» болды мен үшін. «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесерінде. Әртүрлі әсерде қалдық. Қорықтық, үрейлендік. Қобалжып отырып, ақырында адалдық арты абыройлы деп түйдік. Сәтті шыққан фильм. Әттеген-айы – орысша түсіріліпті. Қазақша түсіріліп, орысшаға аударылуы керек еді?..

«Елін сүйген – ерлік жасайды» демей ме? Ерлік жасау үшін от пен суға түсудің қажеті жоқ. Отан алдындағы, ел алдындағы борышың мен міндетіңе адал болсаң, жеткілікті. Теріс пиғыл қашамай, керіс қимыл жасамай, түзу жүр. Болды. Қалғанын қайратың мен ақылың шешеді. Өйткені, «аққа – Құдай жақ». Осыны түсіндіру ғана емес, бұл жерде еліміздің Ұлттық ұлан жауынгерлерінің көріне бермейтін ерліктерін көрсету де көзделген. Оның сыртында дәстүрлі емес, дүбәра діни ағымға түскендердің тағдыры, адамгершілік арға қатысты дүниелер де қамтылған. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесе түсірген фильмді көргендер өкінбейді-ау деген пікірдеміз.
Болған оқиға негізінде түсірілген фильм. Ұлттық ұлан жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесіндегі жанқиярлық ерлігі. Сонда қарауылдық қызметте тұрған Ербол қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына тосқауылды жалғыз өзі қойған. Осы ерлігі үшін ол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталғаны кино соңында көрсетіледі де. Бұл – фильм­нің негізгі арқауы болса, екі оқушының мектеп бітіргенінен басталады бәрі. Бірі әскери жауынгерлік жолды таңдаса, екіншісі – ақша, мал табуды армандайды. Екеуі де пәк, бірақ, тағдыр жолы шығар, бірі мамандығы бойынша қызметке іліксе, екіншісі – түзеу мекемесіне түсіп қалады. Қызметке іліккен Ербол сыныптасы түскен түзеу мекемесінің алтыншы бекетін қарауылдайды. Шиеленіс басталды ма, басталды. Осы жерден абақтының жазылмаған «заңдар жүйесі» кетеді. Одан гөрі қауіптісі – ол жерде де жүріп жатқан дін соғысы. Жат ағымдарды ұстаушылардың теріс пиғылы… Бұлар түзеу мекемесінен қашып шыға алмаушы еді, итермелеген – мекеме басшысының қателігі, тағы жемқорлық. Абақтыға кіргізілмеуі тиіс затты жазасын өтеушілер басшыға пара беру арқылы кіргізіп алды. Мекемеде түзу бағытта уағыз айтып жүрген имам жат ағымдағы қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Қолдарына қару тиген олар бір түнде абақтының Ербол тұрған алтыншы бекетінен қашып шығады. Ербол атыс-шабыста жараланады. Есесіне, дабыл қағып үлгереді. Сонда сыныптасы әлгі дінбұзарлармен қоса қашып кеткен. Бірақ, мақсаты не, білмейді. Ал, әлгілер елден шығып, теріс ағым үстемдік құрған мемлекетке өтпекші. Соңдарынан түскен Ұлттық ұланның әскери жауынгерлеріне қарсы қарулы шабуыл, жазықсыз кісі өлтіру, тағы басқа зұлымдықтар… Бұлардың арасында қаншама қақтығыс, ақ пен қараның айқасы, махаббат пен зұлымдық – бәрі-бәрі әртүрлі детальдар арқылы берілген. Бастысы, адалдық жеңіске жетеді. Киноның басталуы, оқиғалардың шиеленісуі, актерлардың рөлдерді сомдауы, көркемдік шешім барынша орын-орынымен қойылған. Аяқталуында да артық мін жоқ сияқты көрінді. Естіп-білгенше, көріп тамашалайық, ендеше.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button