Алтынмен апталған Аида

Самбо күресінен Грекияның Салоники қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. 26 ел арасындағы бақ сынасуда Қазақстан құрамасы сапында 80 келіден жоғары салмақта топқа түскен Аида ТОЙШЫБЕКОВА әлемді дүр сілкіндірді. Ол төрт кездесуді де өз пайдасына шешіп, жауырыны жерге тимей алтынмен апталып қайтты.

Қарқаралыдан шыққан қаршадай қыз спорттағы жолын алдымен дзюдодан бастаған. «Батырға оң-солы бір» демекші, дзюдомен қатар самбо күресін де игерген жерлесіміздің боз кілемдегі айла-тәсілі өзгеше көрінді.

– Дайындыққа қаншама тер төгілді. Соның жемісі бүгінгі жеңіс. Сонау Грецияға барып алтын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Жаттықтырушысы ретінде ең белді қарсыластар деп Белоруссия және Ресей елдерінің палуандарын айтар едім. Финалда біздің Аидамен белдескен осы екі елдің спортшылары, – дейді жеңімпазды жасынан күреске баулыған жаттықтырушысы Дамир Алимбаев.

Айта кетейік, Аида Тойшыбекова – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі. Сондай-ақ, бұл біріншілікте тағы 53 келіде бақ сынасқан қарағандылық жас палуан Алдияр Қарғұлов қола жүлдегер атанды. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте ІІІ орынды қанағат тұтты. І орын Ресейдің еншісінде болса, ІІ орын Өзбекстан палуандарына бұйырды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.