«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Алпысқа келдім аңқылдап…

Сынаптай сырғыған уақыт шіркінге не дауа бар екен? Күнді апта, аптаны ай, айды жыл қуалап, өмір көші алға заулап барады. «Бара жатқан зымырап, байқалмайды уақыт» деген осы да. Несін жасырайын, өмірдің ағынымен аңқылдап жүріп, 60 жастың асуына қалай жеткенімді өзім де байқамай қалған жайым бар. 60 жас! Бұл – азамат өмірінің үлкен бір асуы! «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда, Жүрегім, жалын атқан сөз дайында!» деп қазақтың ақ алмас ақыны Қасым АМАНЖОЛОВ ақтарыла жырлағандай, өткен өмір белестерімді өзімнен артық кім біледі?! Сондықтан, 60 жастың асуында отырып, артымда қалған өмір белестерін жадымда тағы бір жаңғыртуды жөн көрдім.

 

Менің туған ауылым – жазиралы Жаңаарқа жазығындағы Атасу теміржол стансасы. Атасу! Базарлы балалығымның бал дәурені өткен, асық атып, доп қуған, достарыммен алаңсыз асыр салып өскен ардақты ауылым менің! Ұлан-байтақ Қазақстанның географиялық картасында кішкентай ғана ноқат болғанымен, оның орны мен үшін ерекше бөлек. Менің туған ауылымды күре тамыр секілді екіге бөліп, ортасынан қақ жарып өтетін теміржолдың арғы бетіндегі үйлердің сыртынан көзге таныс, көңілге ыстық Қазан тауы көрініп тұрады. Қайран, Қазан тау! Сенің баурайыңда балалық балдәуренім қалды. Бір қараған адамға дала төсінде төңкеріліп түскен қазан секілді көрінетіні рас бұл таудың. Әлі есімде, бала кезімізде ауылдың балалары осы Қазан таудың басына қыс айларында шаңғымен, шанамен шығып, ойынға қарық болып қайтушы едік. Қарға оранған тау басынан қолшанамен төмен сырғанаудың қызығына әсте тоймайтынбыз. 1978-ші жылы Қаражал қаласындағы №1 мектепті бітіріп, орта білім туралы аттестатты қолыма алдым. Алдымда сан тарау өмір жолдары жатты. Журналистика факультеті жаныма жақын еді. Бірақ, ол кезеңде тек Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана журналистика факультеті болды. Тіл-әдебиет факультеті де журналистикаға бір табан жақын ғой. Сондықтан, сол жылдың қоңыр күзінде Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тобына оқуға түстім. 17 жасқа енді толған түбіт мұрт бозбала кезім. Аудиторияға кіріп келсем, самсаған қалың қыздардың ортасында шошайып, екі жігіт қана отыр екен. Мен үшінші болып жандарына отырдым. Әзілхан ағаның «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Ербол кейіпкері сияқты жанарлары жәудіреген қалың қыздардың арасына жасқана енген сол бір сәт әлі есімде. Тобымызда 22 қыз, 3 жігіт болдық. Ұстаздарымыз кейде аудиторияда отырған студенттерді түгендеуге ерінеді де, көзбен бір шола салады. 2-3 қыз сабақта болмаса да, білінбей қалады. Ал үш жігіттің біреуіміз сабақта болмасақ, ұстаздарымыз:

– Ау, үшіншілерің қайда? – деуші еді.

…1981-жылдың сәуір айы енді ғана басталған. Ол кезде Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің үшінші курсын аяқтауға жақындап қалғанмын. Облыстық «Орталық Қазақстан» және «Жезқазған туы» газеттерінде балауса өлеңдерім жарияланып тұратын. Бірер өлеңім республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналына, шағын пародияларым «Қазақ әдебиеті» газетіне де шығып үлгерген. Университетімізде сол жылдары жиі өтіп тұратын дүбірлі жыр кештерінде басқа да студенттермен қатар мінберге шығып, өрімтал өлеңдерімді оқитынмын. Филология факультетінің «Балауса» қабырға газетіне өлеңдерім жиі жарияланатын. Мұның бәрін сол кезеңде Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін басқарған ардақты Жайық Бектұров ағамыз көңіліне тоқи жүріпті. Бір күні сабақта отырғанымда шұғыл түрде мені деканатқа шақырған хабар жетті. Мұндайда студентте жан қала ма? Екі өкпемді қолыма алып, дереу жетіп бардым. Филология ғылымдарының кандидаты, айдарынан жел ескен айбынды деканымыз Болат Әбішұлы Байтанаев маған күле қарап:

– Жолға жинал, бала! –деді.

– Қайда?

– Алматыға баратын болдың. Жақында Қазақстан жазушыларының кезекті республикалық съезі өтеді. Сені жас қаламгер ретінде сол сьезге баратын Қарағанды облысының ақын-жазушыларының делегациясына қосыпты. Мұндай аса қуанышты хабарды тосыннан естіген де қиын болады екен. Сол жерде айбарлы деканымызға:

– Сабақты не істеймін?-деппін. Бөкең қарқ-қарқ күлді. Ер мінезді, асыл азамат еді. Кейін Түркістан университетінің проректоры болып жауапты қызмет атқарып жүрген шағында беймезгіл өмірден өтті.

– Сабақ қайда қашады дейсің? Алматыға барып қайт. Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Сабағыңнан 10 күнге босатамыз. Әуелі ауылыңа барып кел. Содан кейін жазушылар делегациясымен бірге Алматыға жүресің. Қайтып оралған соң біздің факультеттің студенттеріне съезден алған әсеріңді айтып беруді ұмытпа! – деді деканым.

Сәуірдің ортасына таман Алматыға да жүріп кеттік. Республика жазушыларының съезін бетке алған облыс қаламгерлерінің делегациясына арнайы купе вагон бөлініпті. Ардақты Жәкеңнің сол бір әкелік қамқорлығын күні бүгінге дейін үлкен ризашылық сезіммен сүйсіне есіме алып жүремін. Несін айтасыз, өмір бойы ұмытылмас ғажап бір сапар болып еді ол! Мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жарқын жүзін, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Бауыржан Момышұлы, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Олжас Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Исрайыл Сапарбаев сияқты аттарына сырттай табынып келген аяулы қаламгерлердің асыл бейнелерін сол сапарда көзіммен көрдім. Әңгімелерін өз ауыздарынан естіп, үлгілі сөздерінен өмірлік өнеге алуға талпындым. Қазақстан жазушыларының сол бір VІІІ съезінің әрбір сәті жадымда мәңгілік жатталып қалды.

– Мен бұл сапарға жас та болсаң сені алып барайын деп ұйғардым. Үлкен жазушыларды жақыннан көріп, сөздерін өз ауыздарынан тыңдағанға не жетсін, шырағым! – деді Жәкең қайтар жолда.

«Мың да бір мәрте рахмет сізге, қамқор қариям менің!» деймін мен іштей үнсіз тебіреніп. Содан кейін жазушылар құрылтайынан алған көл-көсір әсерімді студент достарыма жеткізіп бере алсам жарар еді деп қобалжимын. Үшінші курсты бітірген соң мені М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға ауыстырды. Кеңес Одағы заманында сондай бір жақсы дәстүр болған еді. Ал, журналистика факультетінде оқу менің мектептегі кезімнен-ақ арманым еді. Сол кезеңде Қазақстанда екі университет қана болды. Журналистика факультеті Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана бар еді. Алматыға жол түспеді де, Қарағанды университетінің филология факультетін қанағат етуіме тура келген. Осылайша, ойламаған жерден арманым орындалып, атақты Мәскеу университетінің журналистика факультетінде оқуымды жалғастырудың сәті келе кетті. Факультетіміз басқа болғандықтан, пән айырмашылықтары көп болды да, үшінші курсты қайта бастауға тура келді. Алайда, бұған тіпті де өкінген жоқпын. Мәскеуде оқу, аты әлемге мәшһүр университетте білім алу деген бақыт емес пе?! Дегенмен, Қарағандыда қалған қимас достарыммен арадағы байланысымды жоғалтқан жоқпын. Сәті келген шақта ұшаққа отырып, елге тартып кетуші едім. Қарағандының ескі әуежайы басынан Талғат Байсарин, Шапағат Жалмаханов, Мәлік Белгібаев, Мұрат Хасенов, Құрманғазы Сембиев бастаған ақкөйлек студент достарым құшақ жая қарсы алатын. Содан жатақханаға барып, думан кешіміз одан әрі жалғасып кете барушы еді-ау. Ол дәурен де қазір санадағы сарғайған сағынышқа айналды. Мәскеу қаласында оқыған үш жылым – өмірімнің ең бір сәулелі сәті, керемет кезеңі! Шверник көшесінің бойында айқара ашылған кітап түрінде айрықша сәулет үлгісімен салынған 16 қабатты ДАС (Дом аспирантов и студентов) жатақханамызда өзінің үлкен асханасы, кафесі, кинотеатры, кітапханасы, спорт залы, тұрмыстық бөлмелері болды. Одақ көлеміне аты танымал белгілі қаламгерлермен, өнер адамдарымен кездесулер жиі өтіп тұратын. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің ғимараты қаланың Моховая көшесінің бойындағы №9 үйде орналасқан. Бұл арадан Қызыл алаңға дейін таяқ тастам ғана жер. Факультет ғимараты – ескі үлгіде салынған үш қабатты сары үй. Алдында М.В.Ломоносовтың еңселі ескерткіші бар. Бір қараған адамға сыртынан қарапайым ғимарат сияқты болып көрінетін бұл ғимараттың іші көрген адамның көңілінде көркем театр үлгісімен безендірілгендей әдемі әсер қалдырады. Мәрмәрдан өрілген баспалдақтар мен колонналар, жарқыраған шырағдандар, еңсесі биік ғимарат кімді де болса сүйсіндірмей қоймайды. Біз оқыған жылдар Кеңес Одағы заманы болғандықтан факультеттің үлкен екі аудиториясының бірі Ленин аудиториясы, екіншісі Коммунистік аудитория деп аталатын. Бір ғажабы, студенттерді сабақ сайын атын атап, тексеру деген мүлдем болмайтын. Солай болғанымен, әлдебір дәлелді себеп болмаса, сабаққа қатыспайтын студенттер сирек еді. Себебі, сабақтар өте қызықты өтетін. Факультеттің «Журналист» газеті, фотозертханасы, баспаханасы мен телестудиясы бізді қатты қызықтыратын. …Әлі есімде, 1986 жылдың қаңтар айының соңы еді. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, одан кейін Кеңес Армиясы қатарында Отан алдындағы әскери міндетімді өтеп, жаңа жыл қарсаңында елге қайтып оралғанмын. Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакциясының еңбекшілер хаттары және бұқаралық жұмыс бөліміне тілші болып, қызметке тұрдым. Көз салып қарасам, газет редакциясында қызмет атқарып жүргендер шетінен «сен тұр, мен атайын» дерлік кілең ығай мен сығай журналистер көрінеді. Олардың арасында аға буын өкілдерін айтпағанда Өтен Ахметов, Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Еркін Лұқпанов, Сүйіндік Жанысбаев, Айқын Несіпбаев, Бағдат Мекеев, Мағауия Сембаев, Гүлсім Оразалиева, Оңайгүл Тұржанова, Саттар Тұрғамбеков, Дәулетбек Мақашев сияқты атынан ат үркетін мықтылар бар екен. Ал ендеше! Университет табалдырығынан кеше ғана шыққан мен сияқты көкөрім жас тілші мұндай қабырғалы қаламгерлер арасынан топ жарып шыға ала ма? Бұлар, тіпті, газет бетінен орын бермес. Есім барда елімді тапқаным жөн шығар-ау осы менің! «Жаңаарқа» аудандық газеті де тақияма тар келе қоймас. Сонда барсам ба екен? Осылай қобалжып жүргенімде осы ардақты ағаларым мен абзал апаларым мені өздерінің қатарына қолтықтап, қосып алды. Содан өмір ағынымен газеттің қара жұмысына жегіліп кете бардық. Газет жұмысына енді араласқан алғашқы айларымда «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі редакторы, ұлағатты ұстазым Тілеухан Жүсіпов көлемді материалдармен көзге көрінуіме тікелей өзі ықпал етіп отырды. «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің толық иегерлері, қарағандылық соғыс ардагерлері Мүтәш Сүлейменов, Иван Карабанов, Николай Покатилов жайлы очерктер топтамасы, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев туралы поэма-очеркім, Социалистік Еңбек Ері Қасым Тәукенов пен медицина ғылымының докторы, профессор Қани Мұсылманбеков жайлы көлемді материалдарым газет редакторы Тілеухан Жүсіповтің тікелей тапсырмалары бойынша жазылған еді. Жеңіс мейрамы қарсаңында орыс тіліндегі бір кітаптан қарағандылық қазақ жауынгері жайлы жазылған бір тарауды да маған аудартқызып, газетіміздің үш санында жариялатқаны есімде. Осының барлығы қаламымның ұшталуына, жазуға төселуіме игі ықпалын тигізді. 1988 жылғы сәуір айының басында маған республикалық «Лениншіл жас» газетінің редакторы Уәлихан Қалижанов телефон соғып, осы жастардың беделді басылымының орталық облыстар бойынша меншікті тілшісі болуға ұсыныс жасады. Менің алдымда бұл қызметті абыроймен атқарған талантты журналист Қайнар Олжаев республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің аппаратына қызметке шақырылған. «ЛЖ» менің қаламымды ұштап, қанатымды қатайтты. Материал дайындаудағы ұшқырлық пен жазу мәнеріндегі тіл жеңілдігіне үйретті. Республикалық жастар газетіне ауысқаныммен, қарашаңырағым «Орталық Қазақстаннан» да қол үзіп кетпедім. Жастар тақырыбына арналған материалдарым облыстық газет бетінде жиі жарияланып тұрды. 1989 жылдың қыркүйек айында мен облыстық комсомол комитетінің кезекті пленумында жаңадан ашылған «Қарағанды жастары» газетінің редакторлығына бекітілдім. Шығармашылық еңбек жолымдағы жаңа белес басталды. Жас журналистер Құлтөлеу Мұқашев, Әшімхан Жәмпейісов, Қойлыбай Асанов, Жомарт Оспанов, Балқан Ахметовтермен бірге қазақ тіліндегі көлемі 8 беттік апталық жастар газетін тартымды да қызғылықты шығаруға күш салдық. 1991 жылдың бірінші тамызынан бастап, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына репортерлер тобының жетекшісі болып жұмысқа ауыстым. Ол кезде газет редакторы ардақты Нұрмахан Оразбеков ағамыз еді. Еңбек жолымды бастаған қарашаңырағым ғой бұл менің! Сондықтан, Нұрмахан ағаның шақыруын қуана құп алдым. Сол жылдың екінші қазанында қазақ халқының атынан Байқоңыр космодромынан ғарышқа қанат қаққан Тоқтар Әубәкіров ағамыздың ұшу сәтін көзіммен көру бақыты бұйырды. Тоқтардың ғарышқа ұшу сәтін көру үшін арнайы шақырылған қазақстандық журналистер құрамына «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы атынан қатыстым. Сол тарихи оқиға туралы «Орталық Қазақстан» газетінің екі санында «Сұңқардың самғау сәті» деп аталатын деректі репортажым жарияланды. Бұл журналистік еңбек жолымдағы жарқын сәттердің бірі ретінде жадымда қалды.

***

20 жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келемін. Тәубе деп айтайын, бұл саладағы жұмысым да жеміссіз емес. Соның нәтижесінде биыл жазда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігінің жоғары ведомстволық наградасы болып саналатын «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталдым. 60 жас – ата жасы! Бұл жастың да өз қызықтары бар. 10-15 жыл бұрын ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ұрпақ өрбітіп, ел ағасы жасына жетіп, байсал тартқан кезің бұл. Атың барда жер танып, асың барда ел таныған күндерің артта қалып, жалаулы жастық дәуреніңді сағына еске алып жүретін кезің. Сыйлы құдаларыңды төріңе отырғызып, қылықтары балдай тәтті немерелеріңді айналып-толғанып жүретін кезің де – осы кезең. Тәубе, өмір көші жалғасып жатыр!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button