Алпауыт қарызын қашан өтейді?
Жақында ғана шахтадан өрт шығып, бес кенші қаза тауып, үлкен сынға ұшыраған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ алпауыт компаниясы әлі де алаңсыз. Күні кеше Саран шахтасынан тағы да өрт шықты. Абырой болғанда жер астындағы кеншілер аман. Өртті апатты жағдай десек, ал компанияның отандық кәсіпорындарға қарыз боп, жалтарғаны және бар. «Арселор» отандық, оның үстіне қарағандылық кәсіпорынға қарыз. Қарыз сомасы – 2 млрд. 610 млн. теңге. Мұның нәтижесі 500 жұмыскердің үш айдан бері жалақы алмағанына әкеп соққан. Зауыт жұмысы тоқтап, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды. Бұған басы ауырған алпауыт емес.
2022 жылғы 17 тамызда «Майқұдық ҚҚ «СҮ» ЖШС мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасында №4600025567 келісімшарт жасалған. Сол уақыттан бері «KAZ Феррит» ЖШС өндірілген көмір концентратын «Арселорға» осы келісімшарт шеңберінде жөнелтіп отырды. Бірақ, «Арселор» тарапынан концентраттың сапасы, жеткізу мерзімі немесе шарттың басқа талаптары бойынша бірде-бір ескерту болмаған. Келісімшарттың мерзімі – биылғы жылдың 31 желтоқсанына дейін. Бұған қарамастан алпауыт компания концентрант алуды маусым айынан бастап еш себепсіз, түсіндірусіз тоқтатқан.
– Биыл шілде айынан бастап, кәсіпорын өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Барлық ұжым ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Зауыттың жабылуы екі жүзден астам жұмыскер мен олардың отбасыларының материалдық әл-ауқатына кері әсерін тигізді, көптеген жұмысшылардың несиелері бар. Бұл жағдай фабрика жұмысын тоқтатуға, салық аударымдарын кешіктіруге, жұмыссыздыққа алып келді, – дейді «Kaz Феррит» ЖШС директоры Бекжан Өмірбекұлы.
Ал, «Ақтас Көмір» ЖШС директоры Нұрым Болатұлы «Алпауыт компанияға қылар қайранымыз жоқ» дейді. Үкімет басындағылар үн қатса деген үміті бар.
– 2021 жылы қыркүйек айында лицензия алғанбыз. Содан бері аталған компаниялармен жұмыс істеп келдік. Биыл маусымда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ынан шотымызға ақша түсу тоқтады. Содан біз де шілде айынан бастап жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Жұмыскерлерге 10 млн. теңгеге жуық жалақы қарызбыз. 800 млн. теңге мердігерлерге берешекпіз. Тасымалдаушы компанияларға 60-70 млн. қарызбыз. Жұмыскерлеріміз 10 маусымнан бастап еңбекақы алған жоқ. Кәсіпорын болған соң, жұмысты тағы кідіртуге болмайды. Жұмыскерлерді жұмысқа шақырып аламыз. Төлеуге уәде беріп, алайда, ақша жоқ. Біз көмір шығарамыз. Ал «KAZ Феррит» кокс өндіреді. Біздің өзімізге қазір 1 млрд. теңге қарыз, – дейді «Ақтас Көмір» ЖШС директоры Нұрым Бабас.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қазір шетелден көмір концентратын сатып алып отыр. Ал, сапасы жоғары, қажетті көлемде өнім шығаратын отандық зауытты елеп те отырған жоқ. Онымен қоса, 33 мың тонна концентратты сатып алғаны үшін 2 млрд. 610 млн. теңгенің өзін өтемеген.
– «АМТ» АҚ тауар жеткізілген күннен бастап, 25 күнтізбелік күн ішінде төлем жүргізуге міндетті. Алайда, жөнелткен өніміміздің ақшасын ала алмай отырмыз. Есесіне, мердігерлерге, жұмыскерлерге, мемлекетке қарызбыз. Көбі уақытша ақысыз демалысқа кетсе, енді біреулері жұмыстан шығып жатыр. Біз өз тарапымыздан «Арселорға» жұма сайын хат жазамыз. Алайда, әлі күнге дейін мардымды жауап келмеді. Себебі де түсініксіз. Жұмысымызда кідіріс болған емес. 60 мың тоннаға жуық көмір жеткізілді. Қалған 33 мың тонна көмірдің қаражаты алашақ күйінде тұр, – дейді «Майқұдық ҚҚ «СҮ» ЖШС бұрынғы директоры Светлана Божиева.
Айта кетейік, «Майқұдық ҚҚ «СҮ» – былтыр өңір бойынша «Сенімді салық төлеуші» және «Сенімді өндіруші» номинациялары бойынша үздік деп танылған компания.
Қысқасы, кәсіпорын ұжымы мемлекеттің бұл жағдайға шұғыл араласқанын өтінеді. Үкімет отандық өндіріс орындарын қолдайды деген үміттері бар. Кәсіпорын қол қусырып қарап отырған жоқ: өнімдерін өткізетін басқа компания іздестіру үстінде. Біз өз кезегімізде осы жағдайға байланысты компанияның баспасөз қызметіне сұрау салғанбыз, әдеттегідей жауап кешігіп жатыр…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»