Жаңалықтар

Алматыға – 6 мың теңгемен

«Flyarystan» әуе компаниясы «Аirbus a320» маркалы 180 орындық ұшағымен небары 5990 теңгеге 1,5 сағатта Қарағандыдан Алматыға жеткізеді. Бұл бағаға ұшу құны мен бес келіге дейінгі қол жүгін тасымалдау қызметі кіреді. Тек, билетке алдын-ала тапсырыс берсеңіз, болғаны.

«FlyArystan» – халықаралық сапарларды қамтитын, әлемдік деңгейде қызмет көрсететін «Air Astana» АҚ еншілес компаниясы. Қазақстандық лоукостермен Қарағандыға келген аталмыш компанияның президенті Питер Фостер мырзаны аймақ басшысы Ерлан Қошанов әуежайдан қарсы алды.

Питер Фостердің айтуынша, мәлімделген баға – әуе компаниясының бекіткен тұрақты бағасы. Лоукостердің жұмыс ұстанымы – жолаушының көрсетілетін қызмет түріне ғана ақы төлейтінінде. Мысалы, тариф құны билетке алдын-ала тапсырыс беруіңізге және қосымша қызметтерді пайдаланатындығыңызға, тасымалдайтын жүгіңізге байланысты.

«FlyArystan» ұшақтары күн сайын Алматыдан Қарағандыға және Қарағандыдан Алматыға ұшады. Тасымалдау «Airbus A320» маркалы екі ұшақпен жүзеге асырылса, олардың саны қыркүйек айында төртеуге, келесі жылдың соңына қарай тоғызға дейін артпақ. Ал, 2021 жылы, тіпті, 15-ке дейін көбейту жоспарда.

«FlyArystan» әуе компаниясының басшылығы болашақ базасын Қарағанды әуежайында орналастыруды қарастыруда. Бұл – ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Яғни, қарағандылықтар арзан бағамен Алматыға ғана емес, еліміздің басқа қалаларына да ұшу мүмкіндігіне ие болады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов лоукостер сапарларына қарай әуежайға арнайы автобус шығару да жоспарда екенін жеткізді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button