АЛДАСПАН

Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер қайдан туады?!

Халық даналығы…

Шыр көбелек айналған дүниеде адам баласының бойына күш-қуат беретін, өресін асқақтатып, елден жырақ, көп ұлтты халықтардың ортасында жүрсе де, Алатаудың асқарлы шыңдарындай мен мұңдалап тұратын тұлғалар болады. Сондай дәрежеге жеткізетін ұлттық тәрбие, мұқалмас намыс, терең білім, Отан анаға, халқына деген шексіз махаббаты. Қазақ халқының алдаспандай жарқыраған Азаматтарының бірі Алаш жұртының ардақтыларының бірі, «Түрксой» Халықаралық ұйымының бас хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүйсен Қорабайұлы Қасейнов. Тағдырдың жазуымен Ресейдің Кемерова облысында дүниеге келіп, ата-ансының кіндік қаны тамған Қарағанды қаласында мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің бойындағы талантын аңғарған ата-анасы облыстық-музыкалық мектептің скрипка бөліміне оқуға береді. Музыкаға деген ерекше құштарлығының арқасында  білімін жетілдіріп, талантын ұштау үшін, мектепті бітіре сала, Алматы консерваториясына оқуға түседі. Консерватория қабырғасында білікті профессорлардан сабақ алған жас талант Москва консерваториясында әлемге әйгілі музыкант-ұстаздардан білімін жетілдіреді. Таланты шыңдалған шақта, Кеңес Одағы бойынша іріктеуден ойдағыдай өтіп, Мексиканың астанасы Мехиконың таңдаулы симфониялық оркестріне алынып, төрткүл дүниені аралап, әлемнің ең әйгілі концерт залдарында концерттер беріп шығады. Ұлы даланы мекен еткен көшпенділер ұрпағы, қазақтың қара домалақ баласы скрипканы төл аспабындай меңгерген, өз тілінен басқа, орыс тілін айтпағанда  испан, ағылшын, тілдерінде жатық сөйлейтін қазақ баласы оркестр артистерінің арасында ерекшеленіп, шоқтығы биіктей түседі. Халқының тарихын, әдебиетін, өнерін мақтанышпен айтқанда, әсіресе скрипкада халық әндерін, халық музыкасын ойнағанда құлшыныспен сүйсініп үйреніп алуға тырысатын. Үш жылдық келісім-шарт аяқталып, елге қайтарда оркестрдегі скрипкада ойнайтын әріптес достары қоштасарда қимастықпен қазақ халық музыкасын ойнап шығарып салуы, тек Дүйсен Қорабайұлына ғана емес, осындай ұл тәрбиелеген қазақ халқына деген құрмет деп түсіндім. Өзінің мықты ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ректор, Мәдениет министрі басқа да көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен  күллі әлемдегі түрік халықтарының мәдени орталығы Түркияның астанасы Анкарадағы «Түрксой» ұйымына қызметке жіберілді. Сол ұйымда қызмет істеп жүріп, түркі тілдес елдердің  мәдениеті мен әдебиетін көне дәуірден басталған тарихын, әлем алдындағы өркениетті орнын білуінің арқасында, сайланбалы ұжымға Бас хатшы болып екінші рет қатарынан сайланды. Әлем түркі тілдес халықтарының алдындағы білімді беделін көрсеткені анық. «Түрксой» Халықаралық ұйымы бүгінгі күнде Әлем халықтарының арасында руханият алауын лаулатып, түрік тілдес халықтардың  мәдениеті мен әдебиетін, өнерінің ғасыр қойнауындағы қалып қойған жәдігерлерін қайта өмірге әкеліп, адамзатқа кең түрде насихаттауда елеулі еңбек етіп жүр. Алдымен түркі тілдес халықтардың тарихтағы байланысымен қауыштырып, әлемге әйгілі даналарын бір халықтың емес, жалпы адамзатқа ортақ тұлға екенін мойындатып, кең түрде насихаттаудағы орны ерекше. Қорқыт баба, Махтымқұл  Мырза Ахундзаде, т.б кемеңгер бабаларымыздың мерейлі тойларын тек өз елінде ғана емес, жалпыға ортақ ұлы тұлға ретінде кең түрде тойлануда. Қазақтың Абай, Мағжан, Қасым, Тәттімбет, Сүйінбай, Жамбыл  сынды айтулы тұлғаларымыздың мерейтойы Түркия жерінде тойланып, әр қаласында ескерткіштері орнатылып, көшелердің аты берілуі ұлтжанды азамат Дүйсен Қорабайұлының өлшеусіз еңбегімен табандылығының арқасында екеніне дау жоқ. Республикамыздағы шоқтығы биік өнер ордасын айтпағанның өзінде біздің тек Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры 7 жылдың ішінде түркі тілдес халықтардың Халықаралық театрлар фестиваліне 6 рет / Трабзон, 2009, 2015жж Түркия/, Шеки 2012ж, Әзірбайжан/ Кония 2013ж, Анталия 2014 ж,Түркия/  Қазан 2014ж,  Татарстан/ қатысып ұлттық драматургиямыздың озық шығармаларын көрсетіп, қазақ сахна өнерінің бүгінгі таңдағы биік деңгейімен көрініп қайтты.

Дүйсен Қорабайұлының көп басшы қызметкерлерде кездесе бермейтін ерекше бір қасиеті – намыс алауының өршіген ыстық лебі. 2009 жылы Қарағандыға келген бір сапарында мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесуінде әлем алдында ұялмай мақтанышпен айтатын, сахнадан көрсететін қаншама ғажайып жәдігерлеріміз бен аса дарынды тұлғаларымыздың жеткілікті дәрежеде насихатталмай жатқанын күйіне айтқан болатын. Сөз кезегінде бізде әлемдік сахнаға шығуға өз тарапымыздан, кездесетін кедергілерді атап өттік. Түркия­да өтетін Халықаралық театрлар фестиваліне біздің театр дайындаған Ш.Мұртазаның «Домалақ Ана» тарихи драмасы  қатысушылардың көптігінен (25 адам, ал қабылдаушы жақ 15-17 адамнан аспасын дейді) фестивальге бара алмайтындығын естіген Дүйсен аға кездесу біткен соң, таспаға түсірілген спектакльді көріп риза болып, Түркияға барған соң хабарласатынын айтып, қоштасарда таспаны ала кетті. Бір жұмадан соң, Трабзон қаласында өтетін «Қара теңіз жағалауы- 2009» фестиваліне өткенін хабарлап қуантты. Мамыр айының аяғында Трабзонға белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығаймен барып фестивальге қатыстық. Біз, қоярдан бір күн бұрын арнайы ұшып келіп, Әшекеңді ертіп қала мэрінің қабылдауында болып, ертеңгі болатын спектакльге шақыр­ды. Не ашылу, не жабылу салтанатына болмаса фестивальге келе қоймайтын қала мэрі біздің спектакльге келіп қана қоймай, біткен соң сахнаға шығып, рахметін айтып, тарихи драманың ұнағанын, келешекте тағыда келу, екі ел арасындағы бауырмалдық қарым-қатынастың күшейе беруіне, ұлттық өнердің дамуына табыс тіледі. Сахнада аудармашылық қызметін атқарып тұрған Дүйсен аға сөз кезегін маған беріп қарымта ризашылық сөзімнің аяғында ұлттық дәстүрмен шапан жаптым. Дүйсен аға қамшыны сыйлап тұрып : «Төрде ілулі тұрған  қамшы, үй иесінің қажырлы қаhарын көрсетеді»,- дегенде зал ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Сол кезеңнен бастап, театрдың Түркия еліне сапары жылда жалғасып келеді. Бірнеше қаласында өткен театрлар фестивалінде абыроймен өнер көрсетіп келеді. 2012 жылы Әзірбайжанның классигі М.Ахундзаденің 200 жылдығын түрік әлемінде кең түрде атап өтілуіне орай, туған өлкесі Шеки қаласында халықаралық дәрежедегі мерейтойы өткізіледі екен. Қазақстаннан бірде-бір театр М.Ахундзаденің спектаклін дайындамапты. Және де 2012 жылы Қазақстанда Әзірбайжан күндері өтеді, концерттік ұйымдар үлкен бағдарлама жасап, дайындалып жатқанымен театрларда қозғалыс жоқ екен. Дүйсен Қорабайұлының ойын  бірден түсіндім. Қандай драмалық шығармалары бар деп едім? 5-6 шығармасын атады. Аудармасын сұрағанымда Мәдениет министрлігінде бар екенін айтты. Театрдың көркемдік жетекшісі талантты, іздемпаз, режиссер-актер Д.Еспаевқа ертеңінде тапсырма бердім. Елгезек, іске құштар бауырым аз күнде пьесаның қазақша аудармасын үстеліме қойды. Бірақ, қоюға әліде өзінің дайын емес екендігін, мұндай классикалық шығарманы шама келсе, режиссерді сырттан шақыртып қоюға ұсыныс жасады. Кімді шақырсам екен деп, бас қатырып жүргенімде, Дунай Әзірбайжанда Микаэл Микаилов  деген талантты режиссердің бар екенін, Европа театрларында бірнеше спектакль қойғанын интернеттен тауып, соны шақырсақ қалай болар екен? – деп ұсыныс жасады. Табылған ақыл. Әзірбайжан классигін, Әзірбайжан режиссері  Қазақстанда қойса, Әзірбайжан күндерінің Қазақстандағы мерекесіне тамаша тарту, достықтың шынайы үлгісі емеспе!? Бірден келісіп, хабарласуын өтіндім. 2-3 күннен кейін Дунай қуанышты хабарды жеткізді. Уақыттың тар екендігін айтып, мүмкіндігінше тез келуін, болса сахналық шешімін /сценографиясын/ музыкасын ала келуін ескерттім. Бір аптадан соң, Астана аэропортынан күтіп алып, Қарағандыда жұмысын бастап кетті. Абырой болғанда, Қайрат, Бижамал, Гүлсара бастаған жас актерлер тобы құлшыныспен кірісіп режиссердің көңілінен шықты. Спектакль қанша ғасыр бұрын жазылсада, бүгінгі күнмен үндесіп, жинақы шықты. Премьерасы тура Астанада Әзірбайжан күндерімен тұспа-тұс келіп, Анкарадан Дүйсен Қорабайұлы орынбасарымен, Астанадан Әзірбайжан елшілігінен, Қарағандылық әзербайжандармен көптеген ұлт өкілдері келіп ризашылықтарын білдірді.  Сол жылы театр директоры Сансызбай Бекболатов бастап Әзірбайжанның Шеки қаласында мерейтойда болып өнер көрсетіп, 2014 жылы Түркияның Анталия қаласында Халықаралық театрлар фестивалінде көрсетіліп биік шығармалық белесті бағындырып, елімізге абыроймен оралды.

ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы алғашқы сайланған күннен мемлекет басшыларына Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) түркі тілдес халықтардың  мәдени байланыстарын күшейтудегі және ортақ мәдени мұраларды әлемге таныту мақсатында жасалған жобаларды қолға алды. Соның нәтижесінде түркі тілдес халқының мәдениеті әлемдік аренаға шыға бастады. Басқа халықтарды айтпағанның өзінде ұлтжанды Дүйсен Қорабайұлының арқасында тек қазақ халқының айтулы тұлғалары әлемдік сахнада кең түрде насихатталды.

Тәттімбет  бабамыздың, Сүйінбай Арон­ұлының, С.Сейфуллиннің, М.Жұмабаевтың, Қ.Аман­жоловтың, күйші-композитор Д.Нұрпейісова, М.Төлебаев, О.Сүлейменов басқа да Ұлы даланың айтулы тұлғаларының мерейтойлары әлемдік деңгейде тойлануы – ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің ерен еңбегі екені сөзсіз.

2015 жылы Анкарада «ТҮРКСОЙ» ұйымы өткізген театрлардың Халықаралық семинарына Қазақстаннан арнайы делегшаттар шақырып, Қарағандыдан қазақ, орыс театрларының директорлары С.Бекболатовпен Ж.Әбілтаев қатынасып, бүгінгі таңдағы театрлардың бағыт бағдары, шығармашылық деңгейінің дәрежесі туралы жаңалықтармен алмасып қайтты. Былтыр ғана Францияның астанасы Парижде және Германияның Страсбург қаласында өткен У.Гаджибековтің «Аршын-мал-алан» опереттасының 100 жылдығына орай өткізілген құрама концертке Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Қазақстан өнер шеберлері/ Қарағанды концерттік бірлестігі/ қатынасқан іс-шарада театрдың директоры С.Бекболатов Сұлтанбек ролін сомдап, қазақ өнерінің асқақ беделін мойындатқан әлемдік іс-шараға қатысып келді. Бұл да Дүйсен Қорабайұлының әлемдік деңгейдегі ұйымдастыру қабілетінің ерекшелігінің бір көрінісі.  Былтыр ғана БҰҰ-ң кезекті сессиясында «Наурыз» мейрамын әлемнің түкпір-түкпірінде өткізу туралы «Түрксой» ұйымының көтерген бастамасында көптеген елдерден қолдау табуы қуантарлық істердің бірі. Бүгінгі таңда адамзат баласы таң қалатын ештеңе қалмай бара жатқан заманда, тек  жетістіктермен адамзатқа жақсылықтың шуағын шашып, жылуымен нәр беру, жүрегінің үмітін сөндірмей құштарлыққа жетелеу екенін екінің бірінің қолынан келмейді. Тек, намыс оты Алдаспандай  жарқырап, халқын сүйетін Дүйсен Қорабайұлы сияқты Азаматтардан шығады. Отанын, Халқын сүйген Алаш ардақтыларының бүгінгі таңдағы көзіндей  ұлт жанашыры Дүйсен Қорабайұлымен әлі де талай мақтанарымыз сөзсіз. Алла жар болсын!

К.Жұмабеков,

ҚР еңбек сіңірген артисі,

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.