АбайАймақ

Алда атқарылар іс ауқымды

Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов 7 наурызда Өңірлік коммуникациялар алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Онда ол аудан бойынша 2022 жылы атқарылған жұмыстар мен 2023 жылға арналған жоспарлары туралы баяндады.

Ең алдымен негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілгеніне тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы өсім 110 пайызды құраған. Дәнді дақылдар, картоп пен көкөністен жиналған өнім өткен жылғыдан артық болған.

Былтыр 1 миллиард 68 миллион теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылды, 20 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл 4 миллиард 829 миллион теңгенің 5 инвестициялық жобасы қолға алынады. 42 жұмыс орны ашылады.

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 60 миллиард 900 миллион теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Соның ішінде мал басын 1-2 пайызға көбейтіп, олардың өнімін арттыру жоспарланған. Ал осы көктемде 65 750 гектарға тұқым сіңіріліп, ол былтырғыдан 2,5 пайыз артық болмақ. Қазір бұл науқандық жұмыстарға 949 техника дайындалып, 2200 тонна арзандатылған дизель отыны сатып алынған.

Абай ауданында өнеркәсіп кәсіпорындары санаулы ғана. Соның өзінде 2022 жылы белгілі бір себептермен кейбірі өндірісін төмендетіп алды. Мәселен, оған «Абай» шахтасында лаваларды даярлау мен «Восточная» орталық байыту фабрикасына келетін кокстелетін көмірдің кемуі әсер еткен. Биылға белгіленген жоспар бойынша ол жағдай түзеліп, көмір концентратын шығару 1,5 миллион тонна немесе 2022 жылға қарағанда 101,2 пайыз болады деп күтілуде. Сондай-ақ, «Караганданеруд» АҚ да қиыршық тас шығару көлемін 3,6 пайызға, ал құмды 0,9 пайыз өсіру жоспарлауда.

Одан әрі Сәбит Оспанов ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 пайыз артып, 3106 болғанын атап өтті. Есепті мерзімде сауда және қызмет көрсету саласында 30 жаңа бизнес нысаны ашылып, оларда 115 жаңа жұмыс орны құрылған. Енді биыл тағы 20 нысан іске қосылып, 100 адам жұмысқа орналастырылмақ.

Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқын алып, өткен жылы 7616 шаршы метр пәтерлер пайдалануға берілген екен. Ал биыл Абай қаласында бес қабатты үйдің құрылысын аяқтау да жоспарда бар көрінеді.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы 1462 адам жұмыспен қамтылса, биыл 948 адамды жұмысқа орналастыру, 15 грант беру, жалпы 1337 адамды жұмыспен қамту шаралары қарастырылған.

Білім және мәдениет саласында Жартас ауылында Мәдениет үйінің күрделі жөндеу, Құрма ауылында бұрынғы мектеп ғимаратын қайта жаңғырту аяқталып, енді биыл Топар кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу ісі жалғасып, Абай қаласында 600 орындық мектепке инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленбек.

Сол сияқты былтыр Абай қаласының көшелері мен ВольныйДолинка жолы жаңғыртылды. Ауылдық округтердің жолдарына да ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Көшелер мен аулаларды абаттандыру жұмыстары да атқарылып, балалардың ойын және спорт алаңдарын көбейту де назарда. Биыл Тасзаемка, Вольный мен Көксу ауылдарына кіретін жолдарды жөндеу жұмысы аяқталып, ұзындығы 57,9 км болатын жол телімдері де жөнделеді.

Келесі қысқы жылыту маусымына дайындық барысында Южный кентіндегі қазандыққа ағымдағы жөндеу жасалып, Дубовка ауылында магистральдық кәріз жүйелерін жаңғырту ісі де бітпек.

Аудан әкімі биыл Абай қаласындағы 26 көпқабатты үйдің аулалары кешенді абаттандырылып, соның 20-сы асфальтталып, 2 және 4 шағын аудандарда балалар алаңы жасалатынын айтты. Топар кентіндегі Энергетиктер саябағын көріктендіру ісі де аяқталмақ. Ауданның 19 елді мекенінде жаңадан 288 жарық беру бағаны орнатылып, жүргіншілер жолы жөнделіп, қоқыс үйінділерінен тазартылады.

Сөз соңында Сәбит Оспанов алда атқарылар ауқымды іс тұрғанын айтып, оған барлық күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.

Ержан ИМАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button