Жаңалықтар

Алаштың Ардакүреңі

Шапқан аттай, атқан оқтай зымыраған уақыт шіркінге не дауа бар екен? Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай асқаралы 60 жастың асуына шығып отыр.

Ғалым Жайлыбай!

Өзінің өрімтал өлеңдерімен 16 жасында Жаңаарқа ауданының жұртшылығын жалт қаратқан дара дарын иесі ғой ол.

Дүлдүлің болып келмей бір,

Сыйыңды берме, күй-әлем!

Сұңқарлар орын бермей жүр,

Тұлпардан қалған тұяқ ем,– деп ағынан ақтарылған балауса бозбаланың өрімтал өлеңінде таудың тұма бұлағындай тазалық бар еді. Мұндай мөлдір бұлақтың суын мейірің қанбай, жұта бергің келеді, сіміре бергің келеді.

Несін жасырайын, бір топырақта туғандықтан ба, әлде өзім де бала кезімнен поэзияға іңкәр болып өскендіктен бе, әйтеуір Ғалымның жақұт жырларын балаң бозбала кезімнен құмарта оқитынмын. Оған еліктеп, өлең жазуға талпынғаным да рас. Бірақ, Ғалымның күрең тайының дүбірі бөлек еді. Жұлдызы жанған күні жас тұлпары жыр бәйгесінің мәресінен маңдайы жарқырап, бірінші болып келеріне сол кездің өзінде кәміл сенгенбіз.

Ол әуелі Жаңаарқаның жазиралы жазығында жылқы бақты. Жас жүрегін жарып шыққан жауқазын жырлары жас талапкерді «Жаңаарқа» аудандық газетіне бастап алып келді. Ол кезде Жезқазған өз алдына бөлек облыс еді. Көп ұзамай жас ақын Ғалым Жайлыбай облыстық «Жезқазған туы» газетіне қызмет ауыстырды.

Жезқазған қаласында журналистік қызметте жүрген жылдарында оның ақындық арыны мен тамаша табиғи таланты жарқырай ашылды. Жыр сүйген қауым оның өлеңдерін газет бетінен іздеп жүріп оқитын болды. Жас та болса, облыстың бас ақыны атанды. Бірақ, ақынның алабұртқан көңілі олқы еді. Тайдан құнанға айналған Ардакүреңі тұяқтарымен жер тарпып, аламан бәйге іздей берді.

Бір күні ол облыс орталығындағы жақсы қызметі мен жайлы пәтерін тастап, отбасымен Алматыға көшті де кетті. Сол сәттегі барлық арман-мұратын тарының қауызындай бір өлеңге сыйдыра білген Ғалымның «Алматыға Арқадан көшіп келгем» деп аталатын жақсы жыры бар. Онда ақын былай деп ағынан ақтарылған:

 

Қалса да өлең ауылға, бауырға ұнап,

Сан шағылды тірлікте тауым бірақ.

Көк зеңгірдің айналып ақ бұлтына,

Туған жерге нөсер боп жауу мұрат.

 

Зымыран күн зуласа, жалғасып таң,

Армандарым ақ берен таңға асыққан.

Сарыарқаның мен де бір ойлы өзені,

Жетісудан арна іздеп жолға шыққан.

 

Аққуы арлы жігітпін бесік көрген,

Өміріме өлеңді несіп көргем.

Жырларымның жұлдызын

                             жандырам деп,

Алматыға Арқадан көшіп келгем.

 

Жүк түсірер жүрекке шаттық аса,

Жеті өзенім жарады жатсымаса.

Тай бәйгеде танылып қалған жүйрік,

Аламанда айып па бақ сынаса?

 

Ай-хай, өмір! Арманға асықтырдың,

Ғашық қылдың, содан да

                                    тасып күлдім.

Пәтер емес, сенсеңіз келіп тұр ғой,

Жыр-орданың есігін ашып кіргім.

Қонғаным рас шалғайлау  ағайыннан,

Бар тілегім – айырма бал айымнан.

Алматыға Арқадан көшіп келдім,

Ендігісін көрейін талайымнан.  

Осылайша Ғалым Жайлыбай өзі сан мәрте армандаған Жыр-орданың есігін айқара ашып, кіріп барды. Күні кеше ғана Мұқағали мен Төлеген атой салған, енді Қадыр мен Тұманбайлар көш басында жүрген қазақ әдебиеті поэзиясының аламан бәйгесіне Сарыарқа төсінен келген сәйгүлік құнан тайсалмай қосылды.

Алайда, Алматы Ғалымды құшақ жая қарсы алған жоқ. «Жетім бұрышты» жағалап, талай рет отбасымен қоныс айырбастады. Қасым ақынның күйін кешіп, жаураған отбасын жақұт жырларымен жылытты. Сондай сергелдең күндердің бірінде Ғалымның қаламынан мынандай жыр шумақтары қағаз бетіне төгіліп түсті:

Алматы мынау шамдары

                                 жасыл, қызылды,

Тербетіп тұрған таңдары

                                  ғасырды, бізді.

Жинауға жүрміз Алаштың  алауыз ұлы,

Шашылып кеткен сынығын

                                  асылдың ізгі.

 

Көгімнен түнде жұлдыздар

                                 шалқалап ағып,

Жауады жерге, қайтейін

                               қалқаға налып?

Алматыңыздан қарсы алған

                               адам көрмедім,

Арқадан келген ақынды  арқадан қағып.

 

Тұрамыз біздер Алматы –

                               сауық қалада,

Сауық қалада көңілге қауіп бар, аға!

…Нашақор Коля түнімен

                                ойранды салып,

Маша апай бізді жасырған

                                   тауық қораға.

Көгімнен түнде жұлдыздар

                                   жанып ағады,

Жанған жұлдыздың ақ таңға

                                     табы қалады.

…Арқадан келген ақынның                                                                                                   арқасы қозса,

Аспанға көшіп, ақ сарай салып алады.

 

Бірақ, көп ұзамай Ғалымның отбасы Алматының нақ ортасындағы сәулетті үйден тұрмысқа жайлы пәтер алды. Оны арқалы ақын ұлына Жезқазған облысының атынан сол облыстың бұрынғы әкімі, ардақты азамат Қажымұрат Нағманов сыйға тартты.

Демеймін әкімдерден  сый күткенмін,

Көктемін көңілімнің күй ғып бердім.

Ауылы аламанға жайдақ қосса,

Тұяғы кертіледі жүйріктердің, – деп Ғалым ақынның өзі жырға қосқандай, жайдақ жүйрікті аламан бәйгенің мәресінен күту қиянат қой! Мұны жақсы түсінген ел азаматтарының парасатына еріксіз тәнті боласыз.

Алматы қаласы Арқаның сәйгүлік құнанын елімізге танытты. Оның жақұт жырлары оқырмандар жүрегінен жол тауып жатты. Бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Республикалық мүшәйраларда талай рет топ жарып, бас жүлделерге ие болды. Жақында оның «Қара орамал» поэмасы халықаралық поэзия бәйгесінде жүлделі орындардың біріне ие болды. Енді ол жеке кітап болып, әлемнің көптеген елдерінің тіліне аударылатын болады.

Ақын Ғалым Жайлыбай өзінің тамаша табиғи талантымен, азаматтық болмысымен халықтың ықыласы мен құрметіне ие болып, Алаштың Ардакүрең ақыны атанды.  Бірнеше жылдан бері ол Қазақстан Жазушылар Одағы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып келе жатыр.

Осылайша ақберен жырларымен арман қуып, бір кезде Арқадан Алматыға көшіп бар­ған талантты ақын Ғалым Жайлыбайдың жыр-бәйгедегі жұлдызы жанды.

Із кесіп жүріп сонардан,

Қызығың кейде тоналған.

Жұлдыздай аққан тірлікте,

Жұлдызың жанса, жоқ арман!-деп Ғалымның өзі айтпақшы, ол бүгінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің біріне айналған ардақты ақын, асыл азамат.

Лайым, оның жыр-жұлдызы көзқуанышымыз болып, жарқырай бергей!

Асқаралы 60 жасқа келген мерейтойың құтты болсын, Алаштың Ардакүреңі!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button