Руханият

Алаш ұрпақтары Әлихан Бөкейхан рухына тағзым етті

27 қыркүйек қазақ тарихындағы қара оқиғалардың бірі – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атылған күн. Осыған орай Қарағанды жастарының бастамасымен Алаш арысының туған жері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Жекежал қыстағында «Әлихан әруағына тағзым» деген атпен еске алу шарасы өтті. Баба рухына құран бағышталып, құрбандық шалынды, ас берілді.

Еске алу шарасына Қарағанды қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш, “Әлиханның шырақшысы” атанған әлихантанушы, дала академигі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Базылұлы, Қусақ ауылдық округінің әкімі Дархан Мұқатай, журналист Зарина Әшірбек бастаған Алаш қозғалысының тарихын танып-білуге құштар белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара ұйымдастырушысы, идея авторы Зарина Әшірбек өткізіліп отырған шараның маңызына тоқталып, мақсатын түсіндірді.

– 1937 жылы 27 қыркүйекте Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, Алашорда ұлттық автономиясының тұңғыш төрағасы, тәуелсіздік күрескері, сталиндік террор құрбаны – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға кеңес үкіметі тарапынан «халық жауы» деген жалған айып тағылып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кесілді. Алаш арысына қатысты сот үкімі сол күні орындалып, мәйіті өртеліп, күлі Дон зиратына көмілді. «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп азаттықтың ақ таңын армандап кеткен Әлихан Бөкейхан туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, жырақта атылды. Сүйегі күл болған ұлт көсемінің жаназасы шығарылмай, мәйіті жерленбей қалды… Күні бүгінге дейін бұл қаралы датаға мән бермей келдік. Халқымыздың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына тағзым ету – перзенттік парызымыз. Алашты іздеуші жастар бар да, Алаш рухы ешқашан өшпейді. Шараның мақсаты – Азаттық жолында құрбан болған бабамызды еске алып, рухына тағзым ету. Өнегелі бастама арқылы бұл қаралы күнді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, Аза тұту күніне айналдыруға бастамашы болу. Жас қабілет иелерін Алаш арысының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымымен таныстыру. Даңқты баһадүр бабамыз басқан әр ізді ұрпақ жадында жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына рух, жанына жігер беру, – деді Зарина Әшірбек.

Фото: Автордікі

 

Фото: Автордікі

Басқа материалдар

Back to top button