Тұлға

Алаш қайраткері – Жанайдар Сәдуақасов

Өткен ХХ ғасыр аса күрделi саяси қарама-қайшылықтарымен ерекшеленеді. Олардың ішінде қолдан ұйымдастырылған жаппай саяси қуғын-сүргін ел тарихындағы аса қайғылы кезеңдердің бірі болды. Бұл уақыт туралы Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тоталитаризм күйретпеген және, өкінішке орай, орыны толмайтын зардаптарға ұшыратпаған бірдебір ұлт, бірде-бір халық жоқ», – деп атап өтті.


ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының соңына қарай бұрынғы Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі халықты күштеп ұжымдастыру, «кулактар» мен байлардың көзін жою, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, халық дүрлігулерін аяусыз жаншып-басу, халықтарды еркінен тыс жер аудару, «еңбекпен түзеу» лагерлерін ұйымдастыру, зиялы қауымның көрнекті өкілдерін құртып жіберу сияқты адамзатқа қарсы жасаған қатыгез қылмыстары бойынша мол тәжірибе жинақтады.
Қазақстанға төнген саяси қуғын-сүргін құйыны әрбір дерлік отбасын жайпап өтіп, ел азаматтарының небір тамаша өкілдерін баудай түсірді.
Жалған айыптаулар мен кейде адам сенгісіз, сандыраққа ұқсас жала жабулардың жаппай өріс алуы еріксіз таң қалдырады. Қазақ халқының көптеген аса дарынды және парасатты ұлдары «контрреволюциялық қастандық жасаушы», «террористік әрекеттерді ұйымдастырушы», «Жапонияның тыңшысы» сияқты ойдан шығарылған өтірік айыптаулардың құрбаны болды. Оларға ресми түрде рұқсат етілген азаптау тәсілдерін қолданып, «қылмыстарын» мойындатпақ болды. Бүкіл елдің алдында оларды «халық жауы» деп қаралап, балаларын ата-
анасынан, әйелдерін – жұбайларынан айыруға әрекеттер жасалды. Сталиндік қатал тәртіптің ұйымдастырып, жүзеге асырған, жазықсыз жандарды қырып-жойған саяси зорлық-зомбылығының шырқау шыңы деп 1937-1938 жылдарды атауға болады. Осы жылдары жазықсыз құрбан болып кеткен қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов еді.
Жанайдар 1898 жылы Жаңаарқа жеріндегі Сарысу болысына қарасты Төссаз мекенінде туған. Ауылда сауатын ашып, хат таныған. 1912 жылы Ақмоладағы орыс мектебіне (приходская школа) қабылданады.
Одан кейінгі білімін Омбыдағы мұғалімдер семинариясында жалғастырады. 1919 жылдары уездік халық сотында жұмыс істеп, сосын уездік, губерниялық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады. Сол жылы қазақ жастары демократиялық кеңесінің Омбыдағы ұйымын құруға белсене атсалысады. 1920 жылы большевиктер партиясына мүше болып кіреді. Қазақ АКСР-і Кеңестердің ІІІ съезіне қатысып, Қазатком мүшелігіне сайланады. Содан алғашқы сесияда-ақ Жанайдар Сәдуақасов ҚОАК-тің жауапты хатшылығына бекітіледі. Екі жыл ішінде Қазақстанның тұңғыш заң жобаларын жасауға басшылық етеді. 1924 жылы Қаржы халкомы төрағасының орынбасарлығына тағайындалады. Артынша, Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. Адай уездік революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1928 жылдың 17 қаңтарында Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметіне тағайындалады. Жанайдар Сәдуақасовтың тікелей бақылауымен Тәркілеу туралы декреттің орындалуына тексеру жүргізіліп отырады. Ж.Сәдуақасовтың бастамасы бойынша Қылмыстық кодекстің ІХ бөлімінің нормалары Халық Комиссарлары кеңесінің талқысына салынып, оларды күшейту жөнінде шешім қабылданады. Жанайдар Сәдуақасов Әділет халық комиссары және республика прокуроры қызметінде 1930 жылдың сәуіріне дейін болады. Ол өлкелік партия комитетінің, көлік бөлімдерінің меңгерушісі, Алматы облыстық және қалалық партия комитеттерінің хатшысы, Қазақстан комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары бола жүріп, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығын қоса атқарады. Қазақ өлкелік комитеті секретариатының 1930 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі бойынша Жанайдар Сәдуақасов “Қазақстан большевигі” (“Ақиқат”) журналының редакторы болып бекітіледі. Жазушылармен қоян-қолтық араласа жүріп, ол Қазақ совет әдебиетінің болашағы жөнінде көп ойталастыратын, жаңа шығармаларға пікір жазатын қаламгерлерді халықтық рухты қатаң сақтауға әркез жұмылдырып отырады. 
Жанайдар Сәдуақасов 1937 жылдың 17 қыркүйегінде тұтқындалып, әкімшіл-әміршіл жүйенің ұйымдастырған «халық жауы» деген жалған жаласының жазықсыз құрбаны болды. 1938 жылы 25 ақпанда атылды. 1957 жылы 16 сәуірде КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен толық ақталды.
Жанайдар адал да іскер, туған халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен қазақ зиялыларының алдыңғы сапында болды. Қандай қызметті атқарып жүрсе де, ол аянбай еңбек ететін, елін шын сүйген азамат екенін таныта білді. Әділет халық комиссары және Республика прокуроры қызметінде болған кезінде заң актілерін халық мүддесіне икемдеуге, ұлттық заң кадрларын дайындауға, әйелдерді заң қызметіне тартуға баса көңіл бөлді. Жетімдер үйі мен ұлттық мектептер ашуға белсене кірісті. Тұңғыш қазақ театрының ашылуына тікелей ықпал етті.
Байларды тәркілеу саясатына ашық қарсы болып, Голощекиннің басқару тәсілімен келіспей, өлкелік партия комитетінің ІV пленумында сөз сөйледі. 1932 жылы Ораз Жандосовпен бірге халықты аштықтан құтқару комиссиясын басқарды. Социализм идеясын насихаттау арқылы ол қазақ халқын жаппай ағартушылыққа, озық мәдениетке және бiлiм мен ғылымды меңгеруге шақырды. Қазақ халқының рухани және мәдени өмiрiне елеулi үлес қосты.
Жанайдардың інісі Құрман Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылында тұрған. Қазіргі мекені – Астана қаласы. Әкелері Сәдуақасты Жанайдар тұтқындалғаннан кейін ұстап әкеткен. Құрманның қыз баласы Перизат –Президент аппаратының қызметкері, ғылым кандидаты, «Жанайдар Сәдуақасов. Өмiрi мен қызметi» атты кiтаптың авторы. Жанайдардың қарындасы Оңал – ұстаз, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Ағасы мен әкесінің тағдыры туралы Оңал былай дейді:
«Жасыратыны жоқ, ағайдың атын естiгенiм болмаса, жүзiн көрген жоқпын. Ал, әкейдi жазаға ұшыратып, алып кеткені емiс есiмде қалыпты. Ол кезде мен төрт жастағы бала едiм. Тiптi, кейiн құда-жекжаттарға дейiн ұстап әкетiптi. Бiздiң әкемiз ауылда бала оқытқан екен. Шешемнiң айтуынша, әкейге бесiн намазын оқуға ғана рұқсат берiптi. Шешей өзi көлiкке ақ құман мен көрпешенi лақтырып үлгерiптi. Ол кезде iнiм Құрман кiшкентай болатын, бiрақ анамның құрсағында тағы бiр бала бар едi.
Көп ұзамай кiшкентай сiңлiлi болдық, бiрақ ол қызылшадан шетiнеп кеттi. Жаңаарқа ауданындағы бiр абақтыда ұстап отыр деп естiдiк. Шешей тамақ, оны-мұны апарса да, жолыға алмады. Сол кезде НКВД-ның Тоңдығұлов деген бiр сұстысы болды. Cол кейiн мазамызды алып, туысқандарды, тiптi, құдаларға дейiн тексерiп жүрдi. Ауылда ұста Сәдуақас деген болған едi. Сол кiсiнiң баласы болып жүрдiк. Оныншы класты бiтiргенге дейiн комсомолға өте алмай, 50-ші жылы ғана өттiм. Ал 1957 жылы әкейдi де, ағайды да ақтады. Ағайдан Рүстем деген жалғыз ұл екi жаста қалыпты. Бiрақ ол 1993 жылы қайтыс болды. Жеңгемiз Елизавета Александровна “АЛЖИРДЕ” отырған. Сөйтсек, ағайымыз анау-мынау болған жағдайда деп, баласын Мангелдин деген бажасына тапсырып кетiптi. Сол кiсi оны Ташкентте ер
жеткiзiп, өсiрiп, Орта Азиялық Мемлекеттiк университетке геолог мамандығына оқуға түсiредi. Кейiн Құрман iнiм сұрастырып жүрiп, iздеп барды. Бiрақ, жолыға алмай қайтты. Ал, Елизавета 1983 жылы қайтыс болды. Ақталғаннан кейiн үш бөлмелi үй берiптi. Бiз көзi тiрiсiнде кездесе алмадық.
Бiрақ қанша ақталса да, жеңгемiз ағай туралы сақтықпен айтып, бiр чемодан дүниесiн ешкiмге көрсетпеген екен».
Жанайдардың әкесі Сәдуақас Жалмақанов 48 жасында 1937 жылы 8 желтоқсан күні УНКВД үштігінің шешімі бойынша Сәкен Сейфуллиннің әкесі Сейфолла Оспановпен бірге ҚарЛагта үкімі шығарылып, 1938 жылы 14 қаңтарда атылды. Сөйтіп, өмір бойы ағалы-інілі адамдардай қатты сыйласқан, әрі пікірлес, қызметтес болған Сәкен мен Жанайдарың әкелеріне бір күнде, бір жерден топырақ бұйырды.
Жанайдар Сәдуақасовтың жұбайы лизавета Александровна «халық жауы» жанұясының мүшесі ретінде «АЛЖИРДЕ»
қамауда болды. Кезінде ҚарЛагтың тұтқыны бола жүріп, Долинка кентінде есепші қызметін атқарған Темешәлі Барболов ақсақал мынадай естелік айтатын: «…Екпе ағаштың көлемі көп болды. Оның жоспар есебін жасауды маған жүктеді. Жұмыс қолы жетіспейді. Ол кезде техника жоқ. Жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Сонымен, сырттан жұмыс күшін әкелетін болды. Ақмоладағы әйелдер лагерін кейін “АЛЖИР” деп атап жүр ғой. Сол лагердегі әйелдерді Долинкаға әкелді. Шерубай-Нұра өзенінен салынған бөгеттің сыртындағы жазықты Боздоңғал дейді.
Әйелдерді сол жерде қабылдап алдық. Алғашқы сапарда келген 20 мың әйелді қатар-қатар отырғызғанда, бас-аяғы біржарым шақырымға созылды, соны жағалап көріп шықтық…
Әйелдердің барлығы дерлік адам сыйқынан кеткен, барлығының түр-түсі бірдей секілді. Жасы қайсы, жасамысы қайсы, айырып болмайды. Барлығы да қолына түскен нәрсені басына орай береді екен.
Бұл келгендердің ішінде Жанайдар Сәдуақасовтың әйелі Лиза Александровна жеңгеміз бар екен. Оқып жүргенде қолынан талай дәм татқам. Құлымбетовтің әйелі бар, атын ұмыттым, үлкен сарықарын әйел еді… Қазақ әйелдерінің бәрін дерлік мал шаруашылығы жұмысына орналастырдым. Өйткені, онда тамағы аш болмайды…».
Қазіргі кезеңде қазақ халқының егемендiк алғанының арқасында тарих ғылымы мен кешегi кеңестiк жүйе орнатқан партиялық идеологияның саяси қағидаларын қайтадан талдап, тарихи тұлға рөлiне жаңаша қарауға толық мүмкiндiк бар. Сталиндiк жүйе ұлтшыл, халық жауы деп айыптаған мемлекет және қоғам қайраткерлерiнiң өмiрi мен қызметiне, қоғамдық саяси көзқарасына қатысты кешендi зерттеулер жүріп жатыр. Алайда, ел тарихында әлi де үстiрт қарастырылған немесе тарихи тұрғыдан өз бағасын ала алмаған азаматтар баршылық.
Сондықтан да, Жанайдар Сәдуақасовтың тағдырына объективті баға беріп, ғылыми зерттеу арқылы жаңаша зерделеп-зерттеп, оны ұлт мүддесін қорғаған басшы ретінде ұлықтауымыз қажет.

Ібірахым (Жақан) ІСЛӘМҰЛЫ,
өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button