Жаңалықтар

Алаш ақыны: айрықша кеш

Наурыздың 29 күні Қарағандыны Мағжан ЖҰМАБАЕВ жырларының жалыны жылытты. Ақын жырларындағы асқақтық пен сыршылдықты меңзегендей, күн де солай көтеріліп, тамылжыды. Ұлы Мағжанның 125 жылдық мерейтойын алғашқылардың бірі болып басқа емес, Қарағанды гуманитарлық колледжі бастады.

Дәйім дәстүрлі игіліктер мен рухани құндылықтарды насихаттап отыратын Қарағанды гуманитарлық колледжі осы жолы да сол үрдісінен танбады. Мағжан өлеңінде «Күннен туған баламын, жарқыраймын жанамын» дегеніндей, оқу орны білім алушыларының санасына ұлттық тәрбиенің жарығын сіңіріп-ақ келеді. Білікті ғана емес, ұлтының уызына жарып өскен басшы билеген жер ғана осындай болса керек-ті. Ақын шығармашылығына арналған нағыз әдеби кеш өтті мұнда. Мағжанды білмейтіндер – танитындай, бұрыннан білетіндер білімдерін арттыра түсетіндей шара. Кемі 30-40 студент сахнаға кезек-кезек шығып, ақынның 2-3 өлеңінен жатқа оқыды. Поэмасынан үзіндіні жатқа соққан студенттер де болды. Оқу мәнерлері қандай келісті! Бірін-бірі қайталамайды. Жұмабаев шығармашылығына әдеби шолу жасалды. Аз ғана аялдап шығамыз деген біз кеш соңына дейін тапжылмай отырып қалдық. Колледж басшысы Есжан Әмірге разы болыстық. Жоғары лауазымға тағайындалатын бүгінгі басшылар Мағжан, Сәкен рухымен сусындаған осындай азаматтар болса, қане?! Ел қалай дамитын еді онда?

Оқу орнына қатысы шамалы болса да, ақын мерейтойын өз мәнінде атап өтуде колледж. Күнделікті есеп пен қызмет, қағазбастылықтан шығып, жан азығын, адамдықты ойлауда – мәселе. «Пайғамбар» деп жырлаған Мағжанның өзі жанмен ісі жоқтарды – Тәңірісін табанына таптағандар демей ме?

Тарихта Мағжан сөзін жазды дейтін әндер көп. Жеке әндері де бар ақынның. Солардың шығу тарихына байланысты қисынды деректер де айтылды. Ақын әндері шырқалды. Оны орындаушылар да – аталған колледж студенттері. Сырттан тек ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының директоры, ақын, жазушы Серік Сағынтай, белгілі ақын Руслан Нұрбай, аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы, ақын Жанат Жаңқашұлы, жазушы Алмаз Мырзахмет сияқты Қарағанды руханиятының қаймақтары бар. Дәл осы наурыздың 29-ы күні жыл сайын мұнда Серік Ақсұңқарұлының туған күнінде ақынмен кездесу өтетін. Биыл ол кісі өзінің жыр жолындағы атасы – Мағжанның мерейтойына арнайы келіпті. Мағжаннан соң поэзияда Түркі, Алаш тақырыбына дендеп барып, қолтаңбаларын қалдырғандар шамалы-ақ. Бірі – Темірхан Медетбек болса, бірі – біздің Серік Ақсұңқарұлы ағамыз. Ақын атасына арнаған өлеңдері қандай! «Сен түрмеден Түркі рухын шығарсаң, Біз де мәзбіз шек-қарынды шығарып» дейді. Мағжанға мұңын осылай шағады Серік Ақсұңқарұлы.

«Мен жастарға сенемін» деген Мағжан – Алаш баласына азаттықтың түбі бір туарын білген ақын. Бүгінгі қазақ поэзиясының жоғары жетістіктерінің бәрі – Мағжан мектебінің әсері. Алашшыл ақын «Мен жастарға сенемін» десе, Қасымның «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» дегенінің өзі дәлел оған. Сондықтан, Мағжандар көксеп өткен азаттығымыз баянды болсын!» деді Ақсұңқарұлы.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button