Алан алға шықты

Халықаралық үстел теннисі федерациясы ай сайынғы «Үздіктер» тізімін жаңартты. Қорытындысында, 15 жасар спортшылар арасында жерлесіміз қарағандылық Алан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ әлемдік турнирлік кестеде I орынға ие болып, көш бастады.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты спортшының жаттықтырушысы – Эльмира Әлиева. Бұған дейін, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қарағандылық Зәуреш Ақашева үстел теннисінен ұлттық командаға іріктеудің маңызды кезеңінде Алматыдағы ТОП-12 турнирінің жеңімпазы атанған еді. Финалда ол 4:1 есебімен Нұр-Сұлтан қаласынан келген Анастасия Лаврованы жеңген-тін. Аланның көш бастау да осы жеңісті жолдың жалғасындай.

Қарағандыда 13-16 қаңтар аралығында еліміздің ұлттық құрамасына іріктеу турнирі өтеді. Оның қатысушылары – 2021 жылғы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 12 үздік спортшы және біліктілік сынға түскен кезеңнің тағы 4 жеңімпазы. Бірақ, елде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты чемпионат өтпей қалды. Турнир қай күнге ауыстырылғаны хақында әзірге ақпарат жоқ.

Ал, 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында жаңа Павлодар үстел теннисі орталығы Jenimpaz («жеңімпаз») өз алаңында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан келген ҚР Жеке командалық чемпионатының қатысушыларын қабылдайды. Жарыс басталғанға дейін жеке есепте чемпиондар атағы Алан Құрманғалиев (Қарағанды) пен Сарвиноз Миркадированың (Шымкент) еншісінде.

Жұлдызы жарқырап тұрған жерлесіміздің болашағына сәттілік тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.