Бас тақырып

Қала мен дала қатар дамиды

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қарағанды облысындағы әлеуметтік нысандарды аралау барысында осылай деді.

Өңірге жұмыс сапары барысында Бауыржан Бақытұлы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың сапасын бағалады. Атап айтқанда, ол Осакаров ауданы Озерное ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пунктке барды. Жобаның құны 162,3 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама бойынша 262 млн. теңгеге жолдарды орташа жөндеу, 653 млн.теңгеге мектеп ғимаратын және 134,6 млн.теңгеге ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, вице-министр әкім­дік ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Ша­раға қатысушылар әлеуметтік нысандарды жөндеу және салу, газбен жабдықтау, жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Өз кезегінде вице-министр азаматтар көтерген барлық мәселелер мен ұсыныстар міндетті түрде қаралатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданы, Баймырза ауылында Б.Омар­бековке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі таныстырылды. Бағдарлама аясында ауылдың сегіз көшесінде 2021 жылы 104,7 млн. теңгеге ауылішілік жолдардың орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жалпы, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыстың 21 ауылында 42 жобаны (оның ішінде 22 әлеуметтік нысан, 20 ауылішілік жол) іске асыруға 3,5 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылы 3,6 млрд. теңгеге 12 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Ұлттық экономика вице-министрі Саран қаласына да барды. Саран тұрғындары қазандықтың іске қосылуын асыға күтуде. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау және жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар, тұрғын үйлерге жылу желілері салынуда. Іске қосу жұмыстары келесі жылы басталады. Іске қосылғаннан кейін мұнда 250-ге жуық тұ­рақ­ты жұмыс орны құрылады. Жоба құны – 8,4 млрд. теңге.

Сондай-ақ, Б.Омарбеков Silk ­Road Electronics тұрмыстық техника өндіру зауытының қызметімен жете танысты. Бүгінде заманауи автоматтандырылған кәсіпорында өнімнің жеті түрі шығарылуда. Бұл электр су жылытқышы, шаңсорғыш, түрлі пештер, ас үй сорғышы, жартылай автоматты кір жуғыш машина және теледидар. Аталған заманауи техника бірыңғай Artel брендіне тиесілі.

Зауыттың толық қуаттылығы 2025 жылға қарай жылына 1,1 млн. өнімді шығаруға қауқарлы. Бастапқы кезеңде мұнда Саран, Шахтинск және Қарағандының 400-ге жуық тұрғыны жұмысқа орналасатын болады. Болашақта қызметкерлердің санын 1200-ге дейін арттыру жоспарлануда.

Бұдан әрі вице-министр Қазақстан нарығына және таяу шет елдерге жылына 3,5 млн. шина шығаратын «KamaTyresKZ» зауытының құрылыс барысымен танысты. Өндіріс жыл соңына дейін бастау алады. Жобаны іске асыру үшін 482,4 млн. доллар көлеміндегі инвестиция тартылды. Құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін зауыт 1 116 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Бауыржан Омарбеков барған келесі нысан Қарағандыдағы Гематология орталығы. Төрт жылдан астам уақыт бойы орталық облыстық клиникалық аурухана ғимаратының бір қабатында жұмыс жасады. Биыл медициналық ұйым Қарағанды және Қарағанды облысының гематология саласындағы құзыреттілік орталығы ретінде жеке ғимаратта ашылып, аумағы екі еселенді.

Жоба мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік аясында іске асы­рылды, оның құны 102,2 млн. теңгені құрайды. Бүгінде орталықта қан аурулары бар науқастарға барлық қажетті медициналық көмек түрі көрсетілуде.

Сондай-ақ, Теміртау қаласында вице-министр жастар үйіне барды. Мыңнан астам адамды қамтитын әлеуметтік нысан қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған ғимарат бұрындары колледж болған. Мұнда өткен жылдан бері қалпына кел­тіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жастар үйінде 150 орындық акт залы, спорт және би залдары, екі коворкинг-орталық болады деп күтілуде. Мұнда еріктілер мен жастар ұйымдарын орналастыру, дыбыс жазу студиясын ашу көзделген. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Құны 666,8 млн. теңге болатын нысанды жыл соңында тапсыру жоспарланып отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button