Жаңалықтар

Алғы шептің ардакүреңі

«Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дейді халқымыз. Қара Нұраның бойындағы қалың елдің ауыз толтырып айтар сондай ерінің бірегейі Нақан (Нағидолла) Әлібеков екен. Әр ұрпақтың маңдайына жазылған тағдыр-талайы бар. Соның ішінде, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жарық дүние есігін ашқан қазақ балалары бастан кешкен бейнет пен азаптың өлшемі жоқ. Олар қалыпты өмірдің тас-талқанын шығарған төңкерісті де, халықтың күнкөрістік малын тартып алған тәркілеу науқанын да, адамдардың сүйегі ақсөңке болып шашылған аштық нәубетін де, дербес ой-пікірі болғаны үшін құрбандыққа шалынған саяси қуғын-сүргінді де бастан кешті. Жұрттың жағдайы енді түзеле бастағанда елдің батыс шетінде Екінші дүниежүзілік соғыстың фашистік Германия мен коммунистік Кеңестер Одағы арасындағы ең ауыр қанды қырғыны басталды. Осы соғысқа бұрын немістің бет-жүзін көрмеген, қолына мылтық ұстамаған талай қазақ жігіттері мен қыздары тіленіп аттанды. Көпшілігі би-болыстың, байдың ұрпағы, «халық жауының» тұқымы деген жаланы қанымен жуып, кеңес билігі таңған атақтан құтылу үшін. Сөз басында есімі аталған Нағидолла сондай азаматтар сапынан.

Сурет автордан

Өзі тіленіп Нұра әскери комиссариатынан майданға аттанғанда ол 17 жаста екен. Н.Әлібековтің қанды қырғындағы жолы Ленинград майданының Псков, Кенигсберг қалалары мен Балтық бойында өткен шайқастармен өрілді. Прибалтика-Түркімен әскери округі құрамында Қытай Халық Республикасы. Сұрапыл соғыс­та от пен оқтың ортасында, жан беріп, жан алысқан ұрыстарда бірнеше рет жарақат алады. Бірақ, намысты азамат аяғына мінген сәтте майдан шебіне оралып отырыпты. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейді халық. Бәстем әке мен Гүлбаһрам ананың 12 құрсағынан қалған жалғыз тұяқ, тұтас бір әулет амандығын тілеген ол соғысты жеңіспен аяқтағандар сапында болыпты.

Байдың ұрпағы деген «мәртебеден» біржола құтылу үшін Нағидолла қарулы күштер қатарында 25 жыл қызмет атқаруға келісімшарт жасасады. Сөйтіп, Еуропадағы соғыс аяқталған соң Түркістан әскери округы құрамында Қытай Халық Республикасы жерінде әскери міндетін жалғастырады. Тек соңынан қартайған ата-анасының жалғыз асыраушысы, қарулы күштер қатарынан босатуды сұраған өтініш барғаннан кейін отставкаға шығарылып, елге қайтарылыпты. Жалындаған жастық шағының тұтас бір мүшелін әскери қызметке берген жігіт ауылға оралған соң үзіліп қалған оқуын жалғастыра жүріп еңбекке араласады.

Әскери қызметте ысылған, «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзді ұстанған, бойында ұйымдастырушылық қабілеті мол азаматты жергілікті билік бірден танып, қызметке шақырады. Аупарткомда нұсқаушы болып іскерлігімен, талапшылдығымен көзге түскен оны 1960-1964 жылдары Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Оны тәмамдап келген соң Н.Әлібековке түрлі қызметтер ұсынылады. Қарағандыға, облыс­тық партия комитетіне де шақырған екен. Бірақ, өзін осыншама сағынып күткен екі әкесін – Бәстем мен Рүстемді, екі анасы Гүлбаһрам мен Зибаны тағы қалдырып кете алмайды.

– Төртеуін бірдей сүйретіп жүру оңай емес. Олардың тәрбиесіндегі біз де бармыз. Арамыз ашылмаған, бір-бірімізден айырылатындай емес едік. Бізді қойшы, жаспыз ғой, өз жөнімізге кете береміз. Ең негізгісі, өмірінде бөлініп көрмеген, еншілері бөлінбеген, бір үзім нанды бөліп жеп, үнемі бірге отырған ағайынды екі шалды, бір-бірінен бөліп әкету ағатайыма оңай тимес еді. Соның бәрін тереңнен ойлап, жүрегімен сезінді. Әулетті біртұтастықта ұстады, қиын жылдары бытырап кете жаздаған ошақты берік етіп орнықтырды. Артында келе жатқан біз – Төкен, Тазагүл, Тиыштық, Тәжібай, Ләззат бір-бірімізден алыстамай, үлкен үйімізде жүрдік. Тек кейін ғана «Ұл – ұяға, қыз – қияға» демекші, оқу бітіріп, үйленіп, тұрмысқа шығып, жан-жаққа кете бастадық, – дейді қарындасы, профессор, Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Тазагүл Әбдікәрімова.

Көп ұзамай аудандық партия комитеті Н.Әлібековті «Нұра» совхозына директор етіп жібереді. Бұл сол кезде негізінен егіншілікпен айналысатын аудан орталығынан біршама шалғай, жері шөлейтті болғандықтан мал өсіруге басымдық берілген шаруашылық болыпты. Совхозға қарас­ты елдімекендер де әлеуметтік жағынан өңірдің өзге ауылдарынан артта қалған екен. Директор осы мәселелерді шешуге білек сыбана кіріседі. Кейіпкеріміз туралы шығарма жазған әріптесіміз, еліміздің Құрметті журналисі Бикен Ахметова кейіпкеріміз туралы былай дейді: – Нағидолла ағамыз аудандағы білім бөлімінің бастығы Көбек Ынтықаевқа телефон шалып: «Мектеп жабылса қойшылар тарап кетеді, кім бірінші сыныптағы баланы интернатқа береді?» – деп, мектепті жаптырмай алып қалды. Сөйтіп, мен сол бастауыш мектепте еңбек жолымды бастап, сегіз баланы оқытып шықтым. Нақан ағай қойшыларды аралаған сайын мектепке бас сұғып, хал-жағдайымызды сұрап, отын-суымыздың жеткізілуін қадағалап кететін.

Мал шаруашылығымен айналысатын совхоздың жұмысы жылдың төрт маусымында да толас таппайды. Малды жазғы жайылымға шығару, қысқы жемшөбін әзірлеу, қыстақтарды жөндеу сияқты тынымсыз науқандармен қатар, елдімекендерді заманауи қалыпқа келтіру, жаңа құрылыстар – үйлер, мектеп, клуб пен амбулатория ғимараттарын салу, ағаш, бұта отырғызып, ауылдарды көгалдандыру, балалардың оқуын ұйымдастыру, т.б. шаруаларды атқару үшін істің тетігін білу аз, аудан мен облыстағы басшылардың сенімінен шығып, қажетті құрал-жабдықтар алуға мекеме, кәсіпорын жетекшілерімен тіл табыса білу керек. Осы қасиеттердің бәрі Нағидолла Әлібековтің бойынан табылыпты.

Кейіпкеріміздің тағы бір қарындасы, ұзақ жыл ұстаз болған Тиыштық Рүс­темқызы әулеттің жарастығын былай еске алады: – Бәстем әкемді, атамды да ел бидің ұрпағы деп қатты сыйлайтын. Үйге әдейілеп келіп, сәлем беретін. Билік айтқызатын. Әкемнің ең жақсы қасиеті: егер ел ішіндегі кісілер бір-бірімен ренжісіп қалса, оларды үйге арнайы шақырып, қонақ қылып, тура сөз айтып, олардың көңілінен шығып, татуластырып жіберетін. Қазір байқап отырсам, сотқа дейін татуластыру, істі сотқа жібермей шешу деген істер қолға алынған екен. Осы жағдайды біздің бабаларымыз, әкелеріміз ертеректе қолданған. Болған істі уақытысында оңтайлы шешу оңай емес. Оған ақыл керек, жүрек керек. Әкелеріне арнап, үлкен үйде отыр деп, туыстары сыбаға әкелетін. Керісінше үлкен үйден сыбаға деп отау үйлерге арнап сыбағасын жіберетін. Әкем хат танымаса да, көргенін, естігенін көңіліне тоқып отыратын. Бірде ойнап жүріп, есік алдынан бір домалақ нәрсені тауып алдық. Әкемнен: «Мынау не нәрсе?», – деп сұрап едік. Әкем: «Бұл дүниеқоңыз деген құрт, боқты қимай аунай береді, аунай береді, кейін сол аунаған затының ішінде өліп қалады», – деді. Жарып едік, кеуіп қалған құрт болып шықты. Әкем: «Е, балам, дүниеқоңыздық осындай жағдайға әкеледі», – деді. Әкемнің тағы бір қасиеті ұрпақтарын түгендеп отыратын. Анда-санда әр жерде ел қатарлы еңбек етіп, үй болып отырған туыстарын «шаңырақ құрды, түтін түтетті» деп бір мақтаныш сезіммен айтып отырғанына талай куә болдым. Атам Рүстем көп сөйлемейтін, момын, сөйлесе орынды айтып, өзіндік ойы бар, жүрегі жылы болатын. Біздің үй орталықта тұрғандықтан, туысқандарының бәрін бауырына тартты. Жақсылық ойлады. Ол кезде елдің жағдайы белгілі. Бірде бар, бірде жоқ. Атам рухани көмек беріп, ұрпақтар жалғасын бір адым алға жылжытты. Олар – Зейнікен, Нағидолла (Нақан), Қамидолла (Қазали), Төкен, Қабылда, Файзолла, кейінгі буын Тазагүл, Тәжібай, Тиыштық, Ләззат. Біз кейінгі қалған ұрпақ, ағаны да, бауырды да, әкені де, шешені де жиі сағынамыз, еске аламыз. Соның ішінде бірге тумай-ақ бауырыңа қоныстанып алған асылдар болады. Оқуға жетісінде, соғысқа он жетісінде қатысқан, одан аман-есен оралып, ел билігіне араласқан ағамыз Нағидолла сондай асыл жан еді. Әскерден келгеннен кейін аудандық партия комитетінде қызмет атқарды. Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде білімін жетілдірді. Ол кезде мен мектеп бітіргем. Қолымнан жетектеп ҚазПИ-дің филология факультетіне түсірді. Ағаның қарындасқа деген қамқорлығын осыдан бастап көре бастадым. Бірге театрға баратын едік. Бірге қыдырып Алматыны қызықтадық.

«Нұра» совхозына директор болып орналасқан Нағидолла туыстарын көшіріп алады. Ол кезде совхоз орталығы оншақты үйі бар, көшесі жоқ ауыл екен. Нақаң шаруашылықты 20 жылдай басқарғанда, ауыл көркін жаңаша өзгертіпті. Сол заман үшін көрікті мектеп, балабақша, Мәдениет үйі салынып, су құбыры тартылады. Отырғызылған ағаштар, саябақ ауыл сәулетіне көрік қосады. Ауыл мәдениетіне, ауыл адамдарына, жастарына көңіл бөлді. Шопан балаларына қамқорлық жасап, жастайынан ел жағаламасын деп совхоз бөлімшелерінде мектеп ашып береді. Ауылды мамандармен қамтамасыз етуге көңіл бөліп, совхоз атынан стипендия бергізіп, біраз жастардың жоғары білім алуына жағдай жасайды. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының ғалымдарымен бірлесе отырып, қой тұқымын асылдандыруға ден қойып, ұзын биязы жүнді, бірыңғай ақ түсті қазақы қойдың түрін өсіреді.

– Нақан ағатайым туған-туыстарына қамқоршы болды. Туыстарын, олардың балаларын қолына көшіріп алып, алдарына мал салды, қолдарына жұмыс берді. Үлкенге аға, кішіге іні бола білді. Қарындастарына қамқоршы болды. Өз ұрпақтарын бір қадам алға жылжытты деп айтуға жасқанбаймын. Ағамызды елдің үлкендері қадірлеп, кішілері құрметтеп, сәлем бермей, ат басын бұрмай өтпейтін. Бұл да ағамыздың парасаттылығын, азаматтығын білдіргендей. Ағамыз ақарлы-шақарлы үй болды. Қазір үлкен үйдің орнында кенже баласы Нұрсапар тұрады. Олардың өз алдында шаруа қожалығы бар. Басқа балалары да бір-бір үйдің иесі, әртүрлі қызмет атқарады. Әке-шешелеріміздің отын жағып, түтінін тұтатып отырғандықтан, өзіміз ерекше сезіммен, құрметпен, ілтипатпен көңіл бөлеміз, – дейді Тиыштық Рүстемқызы.

Туыстары, ауылдастары есімін ілтипатпен ауызға алатын майдангер аға, партия қызметкері, шаруашылық жетекшісі Нағидолла Әлібековтің өнегелі жолы осындай. Күні бүгінге дейін өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді.

Салтанат АҚҚОШҚАРҚЫЗЫ

Нұра ауданы

Басқа материалдар

Back to top button