АбайАймақ

Алғаусыз сенімді ақтау жолында

Тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланған тұңғыш қала әкімі Медеу Әрінұлы Ахметов. Ол 2022 жылдың сәуір айында өткен Абай қаласының әкімін сайлау қорытындысында 67 пайыз дауыс жинап, осының алдында төрт жыл бойы атқарған қызметіне қайта кірісті.

Абайлықтардың оған үміт артып, сенім білдіруі тегін емес. Мемлекеттік қызметте жиырма жылдан астам тәжірибесі бар білікті басшы, іскер азамат осы уақыт ішінде қала тұрғындарының ықылас-құрметіне бөленіп те үлгерген. Себебі, Абай қаласының басындағы проблемаларды бес саусақтай білетін ол бұларды дер кезінде шешіп отырды. Нәтижесінде елді мекен жылдан-жылға көркейіп, тұрғындар судан, электр жарығынан тарықпай, қыстан қысылмай шығып келеді. Күні кеше Түркістан қаласында болған Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев басқарушылық буынды жаңғырту ісі жалғасатынын, мәселе қызметте емес, оны адал да мінсіз атқара білуде екенін тағы да атап айтқан болатын. Міне, Медеу Ахметов те осы міндет үдесінен көрініп жүрген мемлекеттік қызметшілер санатынан.

Мұндай дәрежеге ол бірден жете қойған жоқ. Сонау шалғайдағы Егіндібұлақ ауылында 1964 жылдың 18 тамызында дүниеге келген ол 1981 жылы осындағы 1-қазақ орта мектебін бітіріп, бір жылдай тракторшы болып, Қарағанды педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түседі. Арасында екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келіп, оны 1988 жылы тәмамдайды.

Ол кезде Егіндібұлақ өз алдына жеке аудан болып дүрілдеп тұрған. Жас маман алғашқы қадамын аудан орталығы саналатын туған ауылындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастап, одан әрі директордың орынбасары, директоры болды. Ал 1992-1997 жылдары осы жердегі оқу-өндірістік комбинатының директоры қызметін атқарды. Сөйтіп жүргенде аудан тарап, нарықтың қиындығынан біраз мезгіл кәсіпкерлікпен айналысуына тура келіп, 2001 жылы бұл тұста Қарқаралы ауданына қараған Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Мемлекеттік қызметінің басталғаны да осы жыл. Бұл қызметті 2007 жылға дейін абыроймен атқарған ол сол жылдан 2010 жылға дейін Қарқаралы ауданының әкімі аппаратының басшысы болған еді. Бұдан кейін отбасымен Қарағанды қаласына көшіп келіп, «Агроконсалтинг-Арқа» басшысының орынбасары, басшысы болып істеді. Енді, жоғарыда айтқанымыздай, 2018 жылдан бүгінге дейін Абай қаласының әкімі. Бастапқы мұғалімдік мамандығына қоса 2004 жылы Алматы статистика академиясының экономика факультетін сырттай оқып бітірген.

Қазірде әкім Ахметов басқаратын Абай қаласында 30 мыңға тарта халық тұрады. Мұнда 1500-дей кәсіпкерлік құрылым, тігін фабрикасы, ет-шұжық шығаратын Волынка кешені, «Әлбатыров» ЖК сияқты өндіріс субъектілері бар. Өткен жылы қалада сауда-ойын-сауық орталығын салу үшін 3 миллиард теңге инвестиция тартылып, онда 100 адам жұмысқа орналасқан. Содан да қалада жұмыссыздық деңгейі өте төмен.

2018-2021 жылдары қаланың 3,5 километр кәріз жүйесі жаңғыртылып, жылдағы жоспар бойынша қаншама көшелердің жолы жөнделіп, аулалар абаттандырылған.

– Ал биыл, – дейді қала әкімі, – екі жоба бойынша жұмыс жүргізу көзделген еді. Бүгінде жеті көше орташа, күрделі жөнделіп, қала аумағына енетін Вольный ауылына кіреберіс 2,5 километр жол асфальтталып жатса, Қызыл ауылына кіреберіс 950 метр жол асфальтталып бітті де. Халқы қалап, қайта сайлаған Абай қаласының әкімі осылайша қызметін мінсіз атқаруды міндетім деп санайды. Жұбайы Гүлжан екеуі тәрбиелеп өсірген ұлдары Қуандық пен Тілек те мемлекеттік қызметте. РS: Бүгінде Медеу Ахметов облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button