Спорт

Алғашқы қадамдар жаман емес

    Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Жоғарғы хоккей лигасындағы бәсекеге бел шеше араласуда. Алғашқы ойындар сериясын жеңіспен бастаған хоккейшілеріміздің турнирдегі қазіргі аяқ алысы жаман емес.

«Сарыарқа» турнирдің шымылдығын жеңіспен түрді. Алдымен Ресейдің Балашиха қаласынан Қарағандыға қонаққа келген «Динамоны» жерге қаратты. Егор Мажуга, Иван Мищенко және команда капитаны Виталий Смольянинов бірінен кейін бірі шайба салды. 3:1.

Келесі ойында Санкт-Петербургтің «Динамосынан» буллит соққыларымен басым түсті.

5 қазандағы ойында Воскресенскіден жеткен «Химикті» тағы да 3:1 есебімен ұтты. Сергей Банашков, Павел Махановский және Сергей Твердохлебов мергендігімен көзге түсті.

Бұдан кейін турнир кестесінде көш бастап тұрған тверлік «ТХК» клубын тұқыртты. Дмитрий Желнеровский, Сергей Банашков, Павел Копытин мен Сергей Твердохлебов жеңісті «Сарыарқаға» алып берді.

«Үйдегі» ойындар сериясынан соң «Сарыарқа» Ресейді аралап келді. Алғашқы екі кездесуде есе жіберген жігіттеріміз соңғы матчтарда азуын көрсетті. Барған жерінде бұғып жүрмей, сарқылмас қуат пен жасымас жігердің үлгісін танытты.

Бірінші қарсылас Нефтекамскінің «Торосы» болды. Қарағандылықтар жергілікті командамен алысып-ақ бақты. Нериус Алишаускас пен Иван Исаев бір-бір мәрте қақпаны бағындырды. Дегенмен, сарыарқалықтар жиі-жиі ойыннан шығарылуына байланысты бар күш-қайратын көрсете алмады. Қорытынды есеп – 4:2. Бұл ойында «Торос» ұтып кетті.

Келесі матчта «Сарыарқа» Ижевскіге барды. Мұнда жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Қарағандылықтар сапынан жалғыз шайбаны шабуылшы Олег Ломако салды.

Пермьде «Сарыарқа» «Молот-Прикамьемен» кездесті. Қарағандылықтар жауапсыз төрт шайбамен айқын жеңіске жетті. Сергей Твердохлебов «дубльдің» авторы атанды. Ал, Дмитрий Желнеровский мен Олег Ломако есепті 0:4-ке жеткізді.

Сырттағы соңғы ойында Вадим Епанчинцевтің шәкірттері Төменгі Тагилдің «Спутнигіне» мықты екендіктерін дәлелдеді. Тартысты өткен матчта сарыарқалықтар қарсыластар қақпасына шайбаны екі дүркін дәл түсірді. Шабуылшылар Павел Махановский мен Вячеслав Андрющенконың соққылары «Сарыарқаға» жеңіс сыйлады. 1:2.

Сөйтіп, «Сарыарқа» Ресейден 7 ұпай алып қайтты. Барлығы 14 кездесу өткізген қарағандылық клубтың қоржынында қазір – 28 ұпай. Әзірге, турнир кестесінің 3-ші сатысы бұйырып тұр.

«Сарыарқаның» келесі қарсыласы – түмендік «Рубин». Ойын 22 қазан күні Қарағандыда өтеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button