Нұра

Алғашқы қада қағылды


Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Нұра ауданының орталығында қоспәтерлі 20 үй құрылысының алғашқы қадасы қағылды.

Нұра ауданында 2013 жылдан бері тұрғын үй құрылысы тежеліп, баспаналы болуға үміткерлер қатары көбейген болатын. Салтанатты шарада аудан әкімі Ниқанбай Омарханов нұралықтарға ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 88 пәтердің кілті табысталатынын жеткізді. Елбасының халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған бес әлеуметтік бастамасының Нұра жерінде де жүзеге асып жатқанын көрген нұралықтар жиында ағынан жарылып, тілек білдірді.
– «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 3314 шаршы метр баспана тұрғызылады. Бұл үйлерге республикалық, облыстық бюджеттен 481 млн. теңге және оның инфрақұрылымын тартуға 37 млн. теңге ақша бөлініп отыр, – деді Қарағанды облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Асхат Мәкенбаев.
«Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, уақытында тапсырамыз» деп отырған мердігерлер – «Нұр Инвест групп» серіктестігі мен «Каздорстройтех» фирмасына ауылдың үлкендері сәттілік тіледі. Алғашқы қадасын қағып, Исай Қайболда ақсақал батасын берді.
Айта кететін жағдай, аудан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту жолында екі жылдан бері аудан бойынша 50 шақырымнан астам электр қуатын үнемдейтін диодты жарық шамдары орнатылып, жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүруде. Ал, бүгінгі қадасы қағылған тұрғын үй құрылысы ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы теңдесі жоқ іс болмақ.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button