Қайырымдылық қағидасы…

     Ұлытау ауданының орта мектептерінде ұйымдастырылған «Жалпыға бірдей білім беру айлығы» аясында көңілге аса қонымды іс-шаралар молынан атқарылды. Солардың бірі – «Қамқорлық» атауы телінген қайырымдылық акциясы.

Ізгі ниетті ұстанған шара барысында әр санаттағы адамдардың, жалпы қоғам мүшелерінің өз төңірегіндегі жұртшылықтың, әсіресе, өзгенің ыстық ықыласы мен қамқор пейіліне мұқтаж жандардың сұранысына бей-жай қарамайтыны тағы бір мәрте айғақталды. Мәселен, осынау акция аясында Сарлық ауылындағы қайырымды азаматтар осындағы орта мектепте оқитын аз қамтамасыз етілген отбасылары балаларына кіршіксіз ниетпен көмек қолдарын соза білді. Соның нәтижесінде аталған санаттағы жеті оқушы қажетіне сай киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, көрсетілген материалдық көмектің жиынтық сомасы 48000 теңгені құрады.

Адами болмыс өлшемінің биік шыңы – қайырымдылық қағидасын ұстанғандар қатарында «Айтуар» дүкенінің иесі Майгүл Қаражорғина, «Мұңайтпас-Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнар Әбішева және селолық мәдениет үйі мен мектеп ұжымдары бар.

Осындай мазмұндағы қоғам үшін қайтарымы мол іс-шараны алдағы уақытта да өткізіп тұруды меже тұтқан аудандық білім бөлімінің басшылығы мен ауылдық округтер әкімдері демеушілік жасау үрдісінің бұқаралық сипатты иеленеріне сенімді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.