Руханият

Айтыстың тайжарысы

Облыстық білім басқармасына қарасты «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тәттімбет атындағы өнер колледжінде Құрманғазы Сағырбайұлы мен Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын дәріптеуге арналған жас ақындар айтысы өтті. Онда аймақ мектептерінің 20-дан астам 7-11 сынып оқушысы бақ сынап, бар өнерін ортаға салды.

Айтыс екі бағытта өрбіді. Тақырыптық айтыста Бұқар жырау ауданының сегізінші сынып оқушысы, «Руханият» қосымша білім беру орталығының тәрбиеленушісі Тілек Мәлік жеңіске жетті. Ол «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Камиевтің шәкірті және аудандық һәм облыстық мәнерлеп оқу байқауларының жүлдегері. Бұқар жыраудың 50 туындысын жатқа біледі.

– Екі жылдан бері өнер мектебінде жыршы-жырау үйірмесінде тәлім алудамын. Аудандық деңгейде топ жарып, мұнда келдім. Облыстық кезең қиын болды. Алайда, ұстазым Дидар Жанатұлының қамшылауының арқасында I орын алдым. Республикалық айтыста да жеңіске жеткім келеді, – дейді Тілек.

Ал, II орынды Осакаров ауданы, Жамбыл атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Асқарбек Аманбек иеленді. Шет ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Бақдәулет Хуанышқа III орын бұйырды.

Екінші топ айтыскерлері поэтикалық репликалар айтып, сөз қағысты. I орынды иеленген Нұра ауданы, Жараспай ауылының 7-сынып оқушысы Аярыс Қапыш халық шығармашылығын, әдебиетті жақсы көреді.

– Аярыс Қапышты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дінжан Құсайын дайындапты. Мектепте арнайы үйірме жоқ. Десе де, мұғалім әдебиетті жақсы көретін, өлең жазатын балалардың талабын шыңдауға уақыт табады екен. Оқушы ұстазының үмітін ақтағанына қуанып тұр. Осындай сайыстар өнерге талабы бар жасөспірімдердің ынтасын оятып, ұстаздарды да оқушымен жұмыс істеуге талпындырады, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының маманы Серікжан Дамысханұлы.

II орынға С.Сейфуллин атындағы №7 Балқаш мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Бекарыс Амангелді тұрақтаса, III орынды Теміртау қаласы №10 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Бақкелді Мелдешов місе тұтты.

Жеңімпаздарға диплом және ақшалай сертификат берілді. Үздік оқушылар Алғыс хаттарға ие болды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button