Айтматов оқулары өтті

Қарағанды қаласында алғаш рет шығармалары әлемнің 176 тіліне аударылған кемеңгер жазушы әрі ойшыл Шыңғыс Айтматов оқулары өтті. Байқауды қалалық білім бөлімінің қолдауымен әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті кафедрасы мұғалімдері ұйымдастырды.

Іс-шараға қазақ тілінде оқытатын мектептердің 10-сынып оқушылары қатысты. Айтматов оқулары бағдарламасы екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде оқушылар тест сұрақтарына жауап беріп, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын оқығандығын көрсетті. Екінші кезеңде байқауға қатысушылар жазушының көркем шығармаларынан үзінді оқи отырып, шешендік өнері мен есте сақтау қабілетін байқатты.

– Шыңғыс Айтматовтың шығармалары оқырманға көп ой салады. Оның кітаптарында көтерілген өткір философиялық, этикалық, адамгершілік және әлеуметтік мәселелер әлі күнге өзекті, болашақ ұрпаққа берер тағылымы мол, – деп атап өтті білім бөлімінің әдіскері Евгения Лаверженцева.

Байқауға қатысушылар жазушы шығармаларын мәнерлеп оқып, образға еніп, сайыстың мәнін ашты. Олар Ш.Айтматовтың әйгілі «Плаха», «Ақ кеме», «Жәмила», «Найман ана», «Боранды бекет» кітаптары бойынша дайындалған. Ұйымдастырушылар тарапынан оқушыларға жазушының өмірі мен шығармашылығына байланысты қойылған сұрақтар төңірегінде көбірек оқып, ой жүгірту керектігі айтылды.

Бұл алғашқы іс-шара болғандықтан, ұсақ-түйек кемшіліктер аталып, болашақта көсіле түсу қажет екені ескертілді. Балалар білімі мен актерлік шеберлігін барынша көрсеткені де тілге тиек етілді.

Қорытындыда, қазылар алқасының шешімімен №66 мектеп-лицейінің оқушысы Әйгерім Латыпова жеңімпаз деп танылды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz