Жаңалықтар

Қайрекеңнің қажыры

Біз – жерлеспіз. Екеуміз де – Жаңаарқаның төліміз. Алайда, кеш таныстық. Бірақ, ежелден сыралғы жандардай тез шүйіркелесіп, жылдам жұғысып кеттік. Аға-інідей сыйластығымыз жарасып сала берді.

…Иә, кеш жолыққанымыз болмаса, байырғы сауда қызметкері Қайыржан Қарсыбековтің есімін бала күнімнен білемін. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары. Ауыл баласымыз. Дүкенімізге айына бір рет, немесе екі рет жүк келеді. Автолавкамен. Ондайда шағын ғана дүкенімізде ұзын-сонар кезек бола қалады. Сол уақытта шешелеріміздің:

Айналайын, Қайыржан! Өткендегі тапсырған затымызды алып келіпті. Көсегесі көгерсін! –деп отырғанын талай естіп едік.

Әсіресе, шалғайдағы шопандар үшін Қайрекең жарылқаушыдай көрінетін. Жолға қарайлап, Қайрекеңнің жолын тосып жүргені. Қашан көрсең, баладай елпеңдеп, елгезектік танытып жүретін Қайыржан шопандардың меншікті малының жүні мен терісіне дейін артып әкетіп, іс қылып әкеліп беретін. Қайрекеңнің тағы бір дара қасиеті сол шопандардың балаларының нешінші размерлі киім киетініне дейін жатқа білетін дейді ауылдағы көзкөргендер. Әлі күнге дейін біздің ауылдағы кейбір үйлерде «Қайыржан әкелген тон» деген атауын жоғалтпай келе жатқан тондар бар.

…Қайыржан Қарсыбеков 1948 жылы 1 қаңтарда Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қарсыбек ақсақал – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ауданнның мал өнімдерін дайындау мекемесінде қойма меңгерушісі болып қызмет етті. 49 жыл (1947-1996) бір орында жұмыс істеп, еңбек кітапшасында бір ғана жазба болған еңбекқор жан еді. Бәйбішесі Әсем Ахметқызы 46 жасында қайтыс болды да, сегіз баланың тауқыметін бір өзі арқалады. Анасы өмірден озғанда Қайрекең 18 жаста еді. Орта мектепті бітірген соң жалғыз әкеге қолқанат болып, бірден еңбекке араласты. Орталық Қазақстан геология басқармасының кен барлау партиясында кіші техник болып еңбек жолын бастаған жігерлі жас 1966 жылы Қарағанды кооперативтік институтына оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1970 жылы сауда экономисі мамандығы бойынша бітіріп, сол жылдан бастап 40 жылдан астам уақыт сауда саласында абыройлы қызмет етті.

Сауда саласында Қайрекең атқармаған лауазым жоқ десе де болғандай… Қатардағы тауартанушыдан бастап, аудандық тұтынушылар одағының экономисі, тұтынушылар одағы ауданаралық базасының экономисі, дүкен директоры, К.Маркс атындағы совхоздың (қазіргі Ералиев ауылы) сауда үйінің директоры, Жаңаарқа ауданы орталық сауда бөлімінің директоры, кеңшарлардың жұмысшы кооперативі (совхозрабкооп) орталығының төрағасы, аудандық тұтынушылар одағы көтерме сауда базасының директоры, тұтынушылар одағы басқарма төрағасының коммерциялық мәселелері жөніндегі орынбасары болды. Ал, 2002 жылдан 2011 жылға дейін «Астана – Отын-энергетикалық кешені» ЖШС Жаңаарқа станциясында отын қоймасының басшысы болып абыройлы қызмет атқарды.

Байқап отырсыздар, Қайрекең атқарған қызметтің барлығы қарапайым халықтың әжет ашатын салаға тиесілі. Ал, халыққа жағу, алғыс-батаға кенелу деген – қиынның қиыны. Халыққа жағамын деп қисапсыз шығынға батуың мүмкін. Оның ар жағы – темір тор. Ал, есеп-қисапқа қытымыр болсаң, халыққа жағуың – екіталай. Анығын айтқанда, бұл саладағы лауазым біткен – таразыға тартылған бұйым секілді. Бір басында – халық, бір басында – есеп. Осынау күрделі қызметті біздің Қайрекең мінсіз атқарды. Халыққа да жақты, қоғамға да жақты. Мінсіз қызметі үшін марапатты алып бақты. ҚР Ұлттық рейтинг жүйесінің «Қазақстан Даңқы» орденімен марапатталуы Қайрекеңнің Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға еді. Бірақ, Қайыржан Қарсыбекұлы барлық ресми марапаттарынан халықтың алғысын жоғары қояды.

Айтпақшы, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отыра алмады. Іскерлігін бағалаған достарының шақыртуын қабыл алып, «Строй-пластмасс» АҚ Басқарма төрағасының сыртқы мәселелер жөніндегі орынбасары, Басқарма төрағасы қызметтерін де абыроймен атқарды.

…Ақ пейілді ағаның туған күні жаңа жыл мерекесімен қатар тойланып келеді. 1 қаңтар күні 70 жасқа толады. Жұбайы Жақсыбала екеуі көл-көсір дастарқан жайып, тілекші ағайынға төр ұсынбақ. Қонақтардың да ең қадірлісі – балалары Бақытгүл, Оразхан, Әсел, Қуаныштан өрбіген немерелері. Олар – Әлібек, Ардақ, Гүлім, Әлім, Аиша, Мағжан, Сәлима, Рашид. Атасының мерейтойына келетін осынау немерелердің қылығынан асқан қызық жоқ Қайыржан аға үшін.

Мерейтойыңыз құтты болсын, Аға! Мерейлі болыңыз!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button