Жаңалықтар

Қайраткерге – құрмет

Өткен аптада Алматыда жерлесіміз, қоғам және мемлекет қайраткері, республиканың еңбек сіңірген құрылысшысы Әукен ЖӘКІШЕВ тұрған Қонаев көшесіндегі №162 үйге мемориалдық тақта орнатылды.

Әукен Жәкішев – Нұра ауданындағы Захаровка ауылының тумасы. 1944 жылы Харьков инженерлік-құрылыс институтына түсіп, оны 1948 жылы үздік дипломмен бітіріп, туған жеріне оралады. Еңбек жолын Қарағанды цемент зауытының құрылысында прораб болып бастайды. Қарағанды облыстық партия комитетінің құрылыс бөлімінде қызмет етеді. 1953 жылы небәрі 29 жасында Қазақ КСР Тұрғын үй-азаматтық құрылыс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Кейіннен Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады.

Әукен ағайдың қызмет бабымен өрлеген кезеңі 1967 жылдан 1983 жылға дейін Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсіпорындары құрылыс министрінің бірінші орынбасары, орынбасары болып жұмыс істеген жылдары дер едік. Бұл жылдары Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып, аталмыш министрлік пен қосалқы мердігерлік ұйымдар Қазақстан Магниткасы, Соколов-Сарыбай, Лисаков кен-байыту комбинаттарын, Өскеменде, Павлодарда түсті металлургия алыптарын, қаншама тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени нысандарды тұрғызды.

Қоғам және мемлекет қайраткері жерлесіміз Ә.Жәкішевтің есімін осы жолдардың авторы құрастырушысы болған «Қарағанды. Қарағанды облысы» (2006, қазақ тілінде; 2008 орыс тілінде) энциклопедияларына, ал, жерлес журналист А.Несіпбай ауданның 90 жылдығына арналған өзінің «Айналдым, Нұра, атыңнан» жинағына енгізді.

Мемориалдық тақта орнатуға арналған жиында және Ә.Жәкішевтің құрметіне берілген аста туған-туыстары – тарих ғылымдарының докторы, академик Балқаш Әбішева, техника ғылымдарының докторы Тілеукен Ахметов, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан, жазушы Сафуан Шаймерденовтың жұбайы Бағдат апай, қызы, тарих ғылымдарының докторы Сәуле Жәкішева, ұлы, әке жолын қуған құрылысшы-инженер, кезінде «Гауһартас» фильмінде басты ролді орындаған Сапарғали Жәкішев және тағы басқалары сөз сөйлеп, туғанына 95 жыл толуы қарсаңында жасалған осы игілікті шараға мұрындық болған жаңатастық жиендеріне, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға, қалалық мәдениет басқармасына ыстық ықыластарын білдірді.

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button