Қайраткерге бюст қойылды
Нұра ауданы орталығындағы Нұра көпсалалы колледждің ауласына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және кәсіптік-техникалық білім беру ісінің Құрметті қызметкері, белгілі профессор Болат Әбдікәрімұлының бюсті қойылды. Ғалымға құрмет көрсетілген шараға Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бастаған ел азаматтары арнайы қатысып, тұлға жайлы есті естеліктерімен бөлісті. Соңына ілім мен ғылымның жаңалығын қалдыра алған ғалымның атын ұмытпай, ұлықтап жатқан шараның мән-маңызын да атап өтті.
Былтыр аталған колледжге ғалым Болат Әбдікәрімұлының есімі берілген болатын. Бүгінгі шарапатты шара, көрсетіліп жатқан ерен құрмет сол істің жалғасы. Нұра өңірінен өсіп-өніп, қазақ ғылымы мен білімі тарихында алтын әріппен қалған ғалымын жерлестері айрықша құрметтейді.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов ардақты азаматқа көрсетіліп жатқан құрметке бек ризашылығын айтып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауын жеткізді.
Мүсінді қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы Елеусін Сағындықов, Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Сағадат Дүйсебеков және ғалымның ұлы Аян Болатұлы салтанатты түрде ашып берді.
«Ардақты азаматтың игі істері мен ерен еңбегін жастарға үлгі ету мақсатында колледжге Болат Әбдікәрімұлының есімі берілуі – тарихта қалатын маңызды оқиға. Онымен қоса, білім ордасының алдына бюстін қою – зор құрмет. Себебі, Нұра өңірінде туып-өскен, оқып, білім алған, бар ғұмырын Қазақстанның білім мен ғылым саласына арнаған Болат Әбдікәрімұлының есімімен ел мақтанады», – деді Тоқтар Әубәкіров.
Ал, замандас досы Елеусін Сағындықов ғалыммен алғаш таныстығынан бастап, оның қайраткерлігіне тоқтала кетті.
– «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенге тағы да көзіміз жетіп отыр. Болат Әбдікәрімұлы сияқты ғасыр аралатып туатын тұлғаны бүгінгі және одан кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – парыз. Ең бір елеулі істерінің бірі – кәсіптік-техникалық мектептерді сақтап қалуы. Солай етіп қана қоймай, кәсіптік-техникалық лицейлер, гимназиялар, авторлық мектептер, қазақ-түрік лицейлерін ашуға қол жеткізді. Б.Әбдікәрімұлы – бұл салада қарапайым ғана қызмет етіп қоймай, кәсіптік білім беруді ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп, белгілі бір тұжырым жасаған ғалым. Бөкеңнің еңбектегі жетістіктерінің құпиясы – ғылыми-теориялық негіздемеде. Өткен ғасыр данышпандарының бірі: «Адамның даңқын еңбек шығарады» дегендей, Бөкең еңбегімен даңққа бөленді, сонымен бірге, ол еңбекті көтеретін де адам екенін өзінің іс-тәжірибесімен дәлелдеді, – деді Елеусін Сағындықов.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов та құрметті қонақтардың қатарынан табылып, ақжарма лебіздерін жеткізді.
Ғалымның ұлы өз кезегінде меймандарға алғысын білдірді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық емес пе? Әкемнің көзін көрген, сыйласқан, сіздерге көп рақмет. Арнайы келіп, әкеміз жайлы жылы естеліктерімен бөлістіңіздер. Осы бастамамызды бірден қолдаған аудан басшылығына да айрықша алғыс айтқымыз келеді», – деді ғалымның ұлы.
Салтанатты шара соңында қонақтар ұстаз-ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан соң, колледждің тыныс-тіршілігімен танысты.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №890 қаулысына сәйкес, «Нұра көпсалалы колледжі» енді «Болат Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжі» болып аталады.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Нұра ауданы