Руханият

Қайраткер мұрасы ұлықталған күн

Биыл Ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына – 125 жыл. Осы мақсатта Қызылорда облысында «Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Сонымен қатар, қайраткердің жары, «Алжир» азабын тартқан қайраткер ана, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова-Жүргенованың есіміне құрмет көрсетіліп, облыс орталығындағы көшелердің бірінен көше атауы берілді. Осы бір атаулы шараға Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданынан  шақырылған меймандарды аудандық мәслихат төрағасы Рашид Әбеуов бастап барды.

Аталмыш конференцияға «TURKSOY» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Академиктері, зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері қатысты. Жиынға қатысушылар Темірбек Жүргеновтің қайраткерлік, азаматтық болмысы жайында сыр шертіп, жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, қайраткердің өнегелі ғұмырын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітапханасында «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» тақырыбында арнайы кітап көрмесін ұйымдастырылды. 

Конференцияның соңы Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен «Жыр арқауы-Жүргенов» атты республикалық жыр мүшәйрасына ұласты. Жыр додасына елдің түпкір-түпкірінен ақындар қатысып, жырдан шашу шашты.  

– Темірбек Қараұлы тек Қазақ ССР-дың ғана емес күллі Орта Азияның өнер-мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан аса ірі қайраткер. Т.Жүргенов Қазақ елінде көптеген мектеп ашуға түрткі болған ұлтының адал перзенті. Биыл Т.Жүргеновтың 125 жылдығына қаламыздан қайраткердің зайыбы Дәмеш Ермекова-Жүргеноваға көше берілді. Кеше Н.Бекежанов театрында «Нарком Жүргенов» спектаклі қалың көрерменге жол тартты. Темірбек Қараұлының есімін ұрпағы ешқашан ұмытпайды, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Мүшәйра қорытыныдысы бойынша Бас жүлдені қызылордалық ақын Мөлдір Айтбай иеленді. І орынды – оралдық Ғалымхан Марлен, ІІ орынды – абайлық Динара Төлеутай, ІІІ орынды – қызылордалық Ақжол Түменбай мен Айдар Сайлауов, ақтөбелік Тілеухан Дәурен жеңіп алды. Ал, Т.Жүргенов атындағы арнайы жүлде түркістандық Әлібек Азаматқа бұйырды.

Іс-шара барысында қайраткердің жары  Дәмеш Ермекова-Жүргенованың құрметіне облыс орталығынан бір көшенің аты берілді.

– Дәмеш апа – Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін жарының тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, оның есімін ұлықтау мақсатындағы істерге ұйытқы болуға өмірін арнаған жан. Қазақтың небір жайсаңдары мен марқасқаларының басына қара бұлт үйірген 1937 жылғы қудалауда тек зиялы азаматтар ғана емес, сонымен қатар, өмірлік жарлары, білімді, білікті аналар да зобалаң құрығынан құтыла алмады. Міне, сондай жандардың бірі – Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің зайыбы, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова еді. Оның еңбегі мен өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, – деді, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары.

Дәмеш Әмірханқызы Ермекова 1905 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Орта білім алғаннан соң, Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетін 1929 жылы бітіріп, 1929-1933 жылдары Ташкент медициналық институтында оқытушы болды. Ташкент қаласында Нарком Темірбек Жүргеновпен танысып, отау құрады. 1938-1946 жылдары «Халық жауының» жары ретінде 8 жыл АЛЖИР-де отырды. 1956-1973 жылдары Алматы медициналық институтында оқытушы қызметін атқарып, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Алматы қаласының «Құрметті азаматы» атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button