Қайраткер ана
Өткен ғасырда өмірге келген Кеңес үкіметі әйел құқығын қорғау және тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп, әйелдерге теңдік алып беру бағытында айтарлықтай қадамдар жасады. Әйелдер сауатсыздықты жою мектептеріне тартылып, қоғам жұмыстарына белсене араласты. Араларынан ерен еңбегімен ерекшеленіп, ұйымдастырушылық қабілетімен айрықша көзге түскендері партия, кеңес ұйымдарына сайланып, ел ішінде асқан бедел мен құрметке ие болды.
Солардың бірі – Жаңаарқа ауданындағы Ескене атты құйқалы жерге кіндік қаны тамған, қазақ әйелдерінің арасынан алғашқылардың бірі болып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Әлкен Оспанова еді.
Әлкен 1907 жылы қазіргі Ескене ауылына қарасты Талдыбұлақ қыстағында дүниеге келген. Әке-шешесінің өмірі кедейшілікпен өткендіктен, жас шағында жоқшылық пен мұқтаждықты көп көрді. Ауылдың ауыр жұмыстарын ер азаматтардан қалмай атқарысып, еңбекпен шыңдалып, қайратты әрі өжет қыз болып бой жетті. 1929 жылы тұңғыш құрылған мойынсерік, ТОЗ ұйымдарына мүше болып кіріп, ауыл халқын ұжымдастыру ісіне белсене ат салысты.
Жаңаарқа көлемінде 1931 жылы 9259 мүшесі бар 10 кооператив жұмыс істеді. 1932 жылы бұрынғы «Елтай», «Бас алға» артельдері біріктіріліп, 325 үйден құралған «Ленин» артелі ұйымдастырылған болатын. Әлкен осы ұжымшарға алғашқылардың бірі болып орналасып, көп ұзамай екпінділердің қатарына қосылды.
1929 жылдан бастап халық шаруашылығын индустрияландыруға мол азық-түлік қажет деген сылтаумен өкіметке қисынсыз көп мөлшерде ет өткізу ұйымдастырылды.
Жаңаарқа ауданы бойынша 1932 жылдың алғашқы 5 айының ішінде мыңға тарта басы кеміді. Ұжымшарлардың ішінде Әлкен Оспанова еңбек еткен Ленин колхозында – 361 мал шығын болды. Нәтижесінде ауыл халқы орасан зор демографиялық апатқа ұшырап, елде ашаршылық басталды.
Әлкен, міне, осындай қасіретті жылдарды басынан өткізді. 1932 жылы Жаңаарқа ауданы бойынша ашаршылықпен күрес мақсатында дәнді-дақылдар себу қолға алынғанымен, жер көлемінің 28 пайызына егін мүлдем шықпай қалды. Басқа жерлерден гектарынан 15-20 пұт қана (240-320 кг) астық алынды. Алайда, Әлкен тұрмыс кешкен Талдыбұлақ ауылында агротехникалық шаралар қолданылмаса да, жерінің құнарлылығына байланысты және тұрғындарының жанқиярлық қол еңбегінің арқасында біршама өнім жиналды. Бұл жұмыстарға Әлкен мен жұбайы Хасеннің қосқан үлесі мол. Үкімет белгілеген 4 сотықтың орнына Әлкен күніне 12 сотық жер қазып жүрді. Ол жылдары жаңа ғана игеріле бастаған Қарағанды индустриялық орталығының көмірі ауылға келмейтін, мал санының күрт кемуіне байланысты қи мен тезек мүлдем аз болатын. Жергілікті халық ши, қараған, тобылғы шауып, баспаналарын жылытуға тырысатын. Әлкен отағасы Хасен екеуі Сарысуды жағалай біткен қалың шиді шауып, арбамен тасып, аудан халқын және үкімет кеңселерін қамтамасыз етіп отырды.
Сауатсыздықты жою науқанында Әлкен Ленин артелінің орталығы Қарауылтөбедегі 7 жылдық мектептің мұғалімі Бейсенбай Балауатовтан оқып, сауатын ашты.
Жасынан еңбекқор Әлкен ауыр жұмыстардың ешқайсынан тартынбады. Ауданнан бөлінген трактордың соқасына тіркеуші болды. Туған ауылының әлеуетін көтеруге аянбай еңбек етіп, 1932 жылы үкіметтен алған екі тұсақты 80 басқа жеткізіп, 1938 жылы колхоз орталығына тапсырды.
Әрқашан нәтижелі еңбегімен көзге түсіп, «стахановшы» атанған Әлкен Бекмырзақызы 1935 жылы Қазақстанның 15 жылдығы белгісімен марапатталды, ал 1938 жылы өткен бірінші Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауында аудан тарихында тұңғыш рет депутат болып сайланды. Соғыс уақытында екінші мерзімнің де депутаты болды. Сенімді өкілі – оқу бөлімінің меңгерушісі, партком нұсқаушысы, кейіннен колхоз басқармасы, бірнеше ауылкеңестердің төрайымы қызметтерін атқарған Ақажан Тойшыбекова еді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясынан келгеннен кейін қатардағы шаруа әйел Әлкен Оспанова 1939 жылы партия қатарына өтіп, басшы қызметке жоғарылатылды. Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. Одан кейін ұзақ жылдар бойы Атасу, Түгіскен, Жарық ауылкеңестерінің төрайымы болды. 1959 жылы дербес зейнеткерлікке шыққанға дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ. Бірнеше рет Қазақстан Компартиясы ІҮ съезінің, облыстық, аудандық партия конференцияларының делегаты, облыстық, аудандық партия комитеттерінің мүшесі, облыстық, аудандық, селолық кеңестердің депутаты болып сайланды.
Әлкеңнің іскерлік қабілетін, ауыл кеңестерін басқарып тұрған кезіндегі елге істеген жақсылықтарын ауыл қариялары жыр қылып айтады. Соғыс жылдары ол ауылдың көптеген әйелдеріне сиыр сауғызып, сүт тарттырып, көк сүтінен брынза жасатып, қаймағынан май шайқатып, үкіметке өткізіп, күні-түні жанқиярлықпен жұмыс істетті. Сиыр сауынының арасында қыстаққа шөптен мая үйгізіп, жарты шақырым жердегі маялардан қыстың аязы мен боран-шашынында арқалап шөп тасытып, ерен еңбек сіңіруге мұрындық болды. Күні-түні ат үстінен түспей, ауыл халқының мұң-мұқтажына қанығып, қолынан келген көмегін аямауға тырысты. Ақтау жеріндегі Дарат су қоймасын тұрғызу жұмыстарына еңбек сіңірді. Жарық ауылдық кеңесінде қызмет атқарып жүрген кезінде ұжымшарға монша салғызып, ең алдымен интернат балаларының түсуін қадағалап отырды. Ауылдан фельдшерлік пункт аштырып, оның меңгерушілігіне білікті маман тартты. Балабақша ашылуына себепкер болды. Аралтөбе дейтін жерден бастауыш мектеп ашуды ұйымдастырды.
Әлкен апаның аналық үміті де ақталып, жалғыз ұлы Марал Хасен елге әйгілі қаламгер һәм әлем классиктерін тәржімалаған аудармашы болып қалыптасты. Бұл күндері Марал бастап, жұбайы Рымбала аяқтаған «Ескенеден шыққан елге танымал тұлға» атты естелік кітап жарық көрді.
Әлкен Оспанованың сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіндегі өзі тұрған «Школьная» көшесіне «Әлкен Оспанова» көшесі деген атау берілді.
Биыл осы бір елге құрметті, еңбекқор, ақкөңіл, қолынан келген қайрымдылығын ешкімнен аямайтын, қоғам қайраткері деңгейіндегі зиялы жан тірі болса 110 жасқа келер еді.
Ібірахым ІСЛӘМҰЛЫ,
өлкетанушы.