Осакаров ауданының өнерпаздары Түркия төрінде өнер көрсетті
Жуырда Түркия Республикасының Нигде қаласына қарасты Алтай ауылында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде, айрықша сән-салтанатпен аталып өтті. Табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің түлеп, үміттің қайта жануын білдіретін көне мереке түркі жұртының рухани тамырын тағы бір мәрте тоғыстырып, бауырлас халықтардың басын қосты. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған айтулы мерекеге түркі әлемінің әр түпкірінен келген делегациялар қатысып, мәдени байланыстарды нығайтуға, өзара ынтымақтастықты арттыруға үлес қосты. Қатысушылар Қазақстан делегациясының өнеріне тәнті болды. Әсіресе, Осакаров ауданы өнерпаздарының шетел сахнасында өнер көрсетуі – өңір мәдениеті үшін айтулы оқиға.

Аталған мәдени шара аясында Осакаров ауданының «Аудандық мәдени-сауық орталығы» КМҚК әншілері мен «Сарыбел» халық аспаптары ансамблі Түркияға арнайы шақырту алып, мерекелік бағдарламаның көрігін қыздырды. Аудан өнерпаздарының шығармашылық әлеуеті халықаралық деңгейде көрінгені де қуанышты жағдай. Сапар барысында қазақстандық өнер иелері қатарынан екі концерттік бағдарлама ұсынып, қазақтың бай мұрасын, ұлттық әуенін, төл өнерінің терең тамырын түрік көрермендеріне кеңінен таныстырды.

Күй күмбірі мен әсем әнге бөлеген кештер аншлагпен өтіп, көрерменнің зор ықыласына ие болды. Сахна төрінде өнер көрсеткен «Сарыбел» ансамблі мен аудан әншілері Атретхан Сайран, Жанәділ Әлғазыұлы, Анаргүл Наурызхан өз өнерлерімен мерекенің шырайын кіргізіп қана қоймай, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени алтын көпірдің нығая түсуіне сүбелі үлес қосты.

Олардың кәсіби шеберлігі мен ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының Анталия қаласындағы Бас консулы Қуат Қанафеев пен Нигде қаласының басшысы Недим Акмеше тарапынан Алғыс хаттар табысталды.
Наурыз – көктемнің келуін айшықтайтын мереке ғана емес, сонымен қатар, халықтарды ғасырлар бойы табыстырып келе жатқан бірлік пен келісімнің, жаңару мен жасампаздықтың символы. Соған сәйкес, ел мен елді табыстырған ізгі шараның тағы бір үлкен мысалы жерлестеріміздің осы сапары деп білеміз.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»
Осакаров ауданы



