Қайраткер. Ғалым. Ел ағасы

Темірғали Әбілдаұлы КӨКЕТАЙМЕН мен Қарағанды университетіне бір мезгілде келдім, міне, оған 46 жыл болыпты. Темкең жаңадан ашылған Қарағанды университетіне келгенде – ғылым кандидаты, доцент. КазПИ-де кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп те үлгерген, тіс қаққан, тәжірибелі маман.

Темкеңді Ебіней ағамыз жақсы қарсы алып, бірден мамандығына сәйкес, қатты денелер физикасы кафедрасын ашып, кафедра меңгерушісі етіп тағайындады.

Мені ҚазССР жоғары және орта арнаулы білім министрлігі аспирантураны бітірісімен университтетің математика факультетінің математикалық анализ кафедрасына аға оқытушы етіп жіберген болатын. Математика мен физика факультеттері Гагарин алаңындағы оқу ғимаратында 1978 жылға дейін бірге болды, 1997 жылдан күні бүгінге дейін тағы да біргеміз. Алғашқы декандарымыз Тасболат Сматов пен Қанапия Арғынғазин ағаларымыз, екі факультетті мерекелік шаралар мен жексенбілік серуендерде де бірге араластырып жүруге тырысатын. Біз осылайша күнделікті жұмыс кездерінде де, жұмыстан тыс кездерде де жиі жүздесіп жүрдік.

Қарағанды мемлекеттік университеті тарихындағы ең бірінші ғылыми мақалалар жинағы «Математические и физические исследования» деген атпен математика және физика факультеттері ғалымдарының ғылыми мақалаларынан құралды. Темірғали Әбілдаұлы – осы жинақтың жауапты шығарушы редакторы, мен – жауапты хатшысы болып, университет өмірінде тарихи маңызы бар ғылыми жинақты 1974 жылы бірге құрастырып шығарыстық.

Темкең келген мезеттен бастап лаборатория жарақтап, ғылыми жұмыстар жүргізе бастады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында бірге оқыған курстасы Мұқатай Құрманов досына сеніп, облыстық деңгейдегі номенклатуралық тізімде тұрғанына қарамастан, Көкшетаудағы бар жұмысын тастап, осы лабораторияға келіп кристалдар өсіріп, ғылыми жұмыстарын бастап кетті. Физика факультетіне жолдамамен келген жас мамандар мен ғылым кандидаттары, студенттер Темкеңнің төңірегіне топтасып, университетіміздің белсенді ғылыми ұжымына айналды. Осы ұжымнан бірнеше ғылым докторлары шықты.

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде кафедра меңгерушісі, декан, университет проректоры қызметтерін атқарған Темкең ұжымның жасы үлкен ағасына айналды. Қазақы мінезі мен ұлт мүддесіне бола жүрегі ауыратын қасиеті үшін жұртқа қадірлі.

1973 жылдан көрші тұрдық, өмір бойы бір шатырдың астында қызмет жасағандықтан, сыйластықта болып, бір-біріміздің шаңырағымыздан дәм татысып келеміз. Өткен жылдардың барлығында кітап, пластинка алмасып, қазақ тарихы мен өнері тақырыбында пікірлес болдық.

80 жасқа келіп отырған Темірғали Әбілдаұлы – ғалым ретінде де, қайраткер ретінде де Арқаға ғана емес, бүкіл Қазақ еліне мәшһүр, сыйлы азамат.

Балалары мен немере-шөберелерінің ортасында, дені сау болып, осы қадір-қасиетімен 90 асып, 100-ге жетсін деп тілек білдіремін.

Есмұханбет СМАИЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.