Ресми

Қайрат НҰРКЕНОВ: Облыстан үш үміткер тіркелді

Ел билігінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын мықтап ұстануды көздеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын 2023 жылғы 14 қаңтарда өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Кандидаттарды ұсыну 29 қарашадан басталып, 14 желтоқсанда аяқталды. Бүгінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткен. Қарағанды облысында үміткерлерді тіркеу қорытындысы және өзге де мәселелер туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтен сұрап білдік…

– Қайрат Қаршығаұлы, Сенат депутаттығына үміткер ретінде облыстан қанша адам ұсынылды?

– Қарағанды облысынан әуелде жеті адам ұсынылған болатын. Жетеуі де Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес. Яғни, талап бойынша Қазақстан Республикасының азаматы және елде кейінгі 10 жылда тұрақты тұруы әрі 30 жастан асуы керек. Одан бөлек, жоғары білімінің және жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Кандидаттардың барлығы осы талаптарға сәйкес әрі өңір аумағында үш жылдан артық тұратынын да айтқым келеді.

– Сонда, кандидаттардың жетеуі де талапқа сай болса, барлығын Сенат депутаттығынан үміткер деуге болады ма?

– Әуелде жеті адамның кандидатурасы ұсынылғанымен, үш үміткер ғана тіркелді. Сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен кандидаттар тіркелгеннен кейін облыстық сайлау комиссиясы ретінде біз Мемлекеттік кірістер департаментіне активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру үшін сұраныс жібердік. Кандидаттар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес болғанымен, төрт адам тіркеуге қажетті құжаттардың тізбесін толық ұсынған жоқ. Сол себепті, облыстан үш үміткер ғана тіркелді.

– Сенат депутаттығына үміткерлер екі жолмен ұсынылады делінген. Біріншісінде облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандық мәслихаттардың сессияларында. Екіншісі – өзін-өзі ұсыну тәртібімен. Облыстағы жағдай қалай?

– Облыстық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша екі үміткер өзін-өзі ұсынса, бір үміткерді Нұра және Осакаров аудандарының мәслихаттары ұсынды.

– Сайлау науқандарында әйелдердің белсенділігі артуда. Мұны алдымызда өткен Президент сайлауынан да байқадық. Деректер еліміз бойынша тіркелген Парламент Сенаты депутаттығына 66 үміткердің 20-ы – әйел адам екенін көрсетуде. Қарағандыда бұл көрсеткіш қандай?

– Әрине, бұл жақсы үрдіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі партиялардың сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізу қажеттігін заңды түрде рәсімдеді. Одан бөлек, әйелдерге қолдау көрсетіліп, олардың мемлекетті басқару ісіне белсенді атсалысуы жүйелі түрде іске асырылуда. Облысымыз да осы ұстанымды ұстанады деген бек сенімдемін. Мысалы, үш кандидаттың біреуі әйел адам екенін айту керек.

– Заң шығару бастамасы құқығына ие Сенат депутатына жүктелер міндет те ауқымды. Демек, үміткер де соған сай болса керек. Кандидаттардың кәсіптеріне және мамандықтарына тоқтала кетсеңіз…

– Кәсіптері бойынша бір кандидат мәслихат депутаты болса, біреуі, коммерциялық құрылымның қызметкері. Үміткерлер арасында қоғамдық ұйымның өкілі де бар екенін айту керек. Ал, мамандықтары жайлы айтар болсақ, заңгер және экономист. Үміткерлердің орташа жасы – 58-де.

– Қайрат Қаршығаұлы, әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button