Жаңалықтар

«Қайратқа» кешен берілді

    Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық спорт түрлері мектебінің иелігіне «Гүлдер» ықшам ауданында орналасқан спорт кешені берілді. Бұл игі іс облыс әкімінің тапсырмасымен жүзеге асты.

Аталған жайт облыстағы ұлт­тық спорттың дамуына тың серпіліс беретіні сөзсіз. Қазіргі уақытта аталған спорт кешенінде жамбы ату, асық ойыны, қазақ күресі сынды спорт түрлері бойынша жаттығу сабақтары өткізіле бастады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша алғашқы жарыстар ұйымдастырылуда.

Мәселен, Ұлттық спортты дамыту орталығында даңқты балуан Мусан Абдул-Муслимов атындағы қазақ күресінен «Қайрат» ұлттық спорт мектебінің қалалық біріншілігі өтті. Байрақты додаға Қарқаралы, Жаңаарқа, Бұқар жырау, Осакаров, Абай аудандары мен Саран, Шахтинск қалаларының құрамалары қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған «Қайрат» ұлттық спорт түрлері мектебінің басшысы Ш.Қазтаев аталған нысанның мектеп игілігіне берілуіне ықпал еткен облыс әкімі Ерлан Қошановқа және Қарағанды қаласының әкімдігіне алғысын білдіріп, жиналған жас спортшыларға қазақтың намысын байрақты бәсекелерде қорғаған даңқт спортшы Мусан Абдул-Муслимовтың өмір жолы туралы айтып берді. Сондай-ақ, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров пен Еуропа чемпионы Серік Нұрқазов жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарыс қорытындысында же­ңім­паздар марапатталды. Ал, Мусан Абдул-Муслимов күрескен 72 келі салмақ дәрежесінде мықты шыққан бұқаржыраулық Ернат Болысхан балуан атындағы атаулы жүлдеге ие болды. Жүлдені Мусан ағаның інісі А.Иб­рагимов табыс етті.

Н.СҰРШАҰЛЫ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button