Аймақты әнге бөлеп, күй көмкеріп

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қарағанды облысының 80 жылдығы жер-жерлерде салтанатты түрде аталып өтілуде. Оған облыс орталығы – Қарағанды шаһары ғана емес, осындағы қала, кент атаулы шама-шарқынша ат салысып, аймақ даңқын арттырып, мұқым Арқа тойының ажарын ән-күймен аша түсуде. Сондай салтанатты мерекенің бірі һәм бірегейі өткен аптаның соңында Қарағанды қаласының бір бүйірі – Сұрыптау кентіндегі Теміржолшылар мәдениет сарайында өтті. Онда аталған мәдениет сарайынан орын тепкен «Күй керуен» шертпе күй орталығы «Күй ғұмыр» атты концерт ұйымдастырып, жиылған жұрт алдында облыс атын күймен шығарды.

Туған жер, өскен ортаңның атын асқақтатып, даңқ-дәрежесін дүйім елге әйгілей білу – өнер болса, бір жағы бұл – қасиетті іс. Елге, жерге деген махаббаттың бір көрінісі. «Алаң да, алаң, алаң жұрт, Ақ ала ордам қонған жұрт» (Қазтуған) деген жыраулардан қалған соны сарын. Ұлт кеудесінен ұрпақтан ұрпаққа көшер мәңгілік мұра – елге, жерге деген махаббат Арқа даласында күй болып күмбірлегені елге ертеден-ақ белгілі. Ол бірде күй атасы Тәттімбеттің кеудесінен «Саржайлау» болып төгілсе, бірде Аққыздың көкірегінен «Қайран елім» күйі болып күмбірлеген. Сөйтіп, Арқа даласының біртуар алыптары ел мерейін күймен асырып, жұрт мейірін күймен қандырған. Ендеше, ел мерейін асырып, жұрт мерейін тасытқан осы ұлы өнер иелері, даңғайыр күйшілердің көбі шертпе күйдің отаны – Қарағанды облысы топырағының, Арқа даласының тумалары. Шертпе күй өнерінің негізін салушылар – Тәттімбет, Итаяқ, Сембек, Әбди, Әшімтай, Аққыз, Тоқа, тағы басқа даланың даңғайыр күйшілерінің елге, жерге деген ұлы махаббаты бүгінде ел игілігі, халық қазынасы. Осындай Ұлы Дала үнпаздарының өлмес туындыларын ел арасында насихаттап, жұртқа тарату жолында тер төгіп жүрген «Күй керуен» шертпе күй орталығының тұңғыш концертіне халық қарасы аз жиылмады. Сұрыптау кентіндегі Теміржолшылар мәдениет сарайының іші күмбірлеген күй мен әуелеген әнге бөленді. Әуелі Қорқыттан қалған киелі күй өнерінің атын шығарған Ықыластың «Кертолғауын» қобызбен қомдап ҚР мәдениет қайраткері, қобызшы Байқара Сәдуақасов шықты ортаға. Зал күңіреніп, ел тебіреніп кеткендей мәңгілік сарын мерекенің шымылдығын түрді. Қобыздың шанағынан шыққан қоңыр әуен қайғы мен мұңды қоса қозғағандай күй кешіп отырған ел назарын жүргізушілер аударды:

«Бүгінде Теміржолшылар мәдениет сарайында кешегі дәулескер күйшілердің заңды мұрагері Дәулетбек Сәдуақасұлының баласы және шәкірттерінің бірі Қайролла Дәулетбекұлының жетекшілігімен, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының, Қарағанды қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Күй керуен» шертпе күй орталығы өз жұмысын жазда бастап кеткен болатын. Атадан балаға мұра болған шертпе күйдің дәстүрлі қағысын сақтай отырып, ел арасына насихаттау мақсатында ашылған орталықтың Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойына арналған алғашқы концертіне қош келдіңіздер!», – деген тізгіншінің сөзінен соң думанды мереке қайта жандана түсті.

Сахнаға «Күй керуен» шертпе күй орталығының күйшісі, республикалық шертпе күй фестивалінің дипломанты Жандос Каденов көтеріліп, Тәттімбеттің «Сылқылдағы» мен «Қосбасарын» (V түрі) қайырды. Қырық буын қосбасар пернеде ойнаса, ел неге тебіренбеске?! Тұла бойды елжіретіп, қан жүгірткен күйге төрт аяқты мақұлқат та иіген деседі халық. Ұлы Шыңғыс ханға Жошының өлімін естіртіп, адам жанын арашалап қалған қайран домбыраның шанағы қазақ халқының көңіліндей кең. Кеудесіне ән мен күйді қатар қондырған қасиетті аспапты үкілеп ортаға Ұлы Даланың үнпазы Дәуренбек Әркенов шықты. Ән баптаған атақты әнші «Алқоңырды» әуелетіп, «Ғайниды» қоса шырқады. Бұдан кейін Тәттімбеттің «Бестөресі» мен «Саржайлауын» аталған орталықтың күйшісі Әнет Сепбосынов тартты.

Домбыра – қазақ халқының ұлттық аспабы болса, күй – қазақ ұлтына ғана тән киелі өнер. Домбыра шертілгенде қазақтың кең-байтақ сахарасы, сұлу табиғаты, самал желі мен айдын шалқары, көлге қонған аққу-қазы – Алаштың күллі кең өлкесі көз алдымызға келеді. Дауыс сарынынан бүкіл қазақ жұртының қуанышы мен қайғысы, арман-мұраты, жалпы айтқанда, шежіре-тарихы күй болып төгіледі. Шанаққа сыйған сол құдіреттің бәрін халыққа шуақтай таратқан «Күй керуен» орталығының Алуа Сәкенова, Төремұрат Қуаныш, тағы басқа жас күйшілері халықтың қошеметіне бөленді. Концерт барысында дәулескер күйші Қайролла Сәдуақасов бастаған Мұхамедқали Әбдуов, Қалкен Қасымов, Ертай Жәнібеков, Зәрубай Сүйіндіков жұптап-жұптап күй тартса, Жақсылық Ахметов бастаған Ілияс Қабдырайым, Мөлдір Қабыкен, Айдын Жұматаева, Мөлдір мен Ақмарал (дуэт), Ақмарал Бекболатова сынды әншілер өнер көрсетті. Концерт соңында өнерпаздарға Алғыс хаттар табысталды

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.